Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сотқа деген құрмет сот отырысына уақытылы келуден басталады

Сотқа деген құрмет сот отырысына уақытылы келуден басталады

Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-бөлігінде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны көрсетілген. Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек.
Ақиқатты ашуда маңызы бар кез келген дәйек ортаға салынып, әрбір іске қатысушының пікірі назарда ұсталатын сот алаңына келмеу амалсыз сот отырысының кейінге шегерілуіне түрткі болады. Сондықтан, сотқа деген құрмет ең әуелі сот отырысына уақытылы, кешікпей келуден басталады. Өйткені, мұның істің уақытылы басталып, іс бойынша жағдайдың толық, шынайы әрі мұқият зерттелуіне маңызы зор.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік заңнамасында процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздері қарастырылған. Соған сай,соттың шақыруы бойынша келу сынды қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген процестік мiндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртiп бұзғаны үшiн жәбiрленушiге, куәге, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға процестік мәжбүрлеу шаралары ретінде Қылмыстық-процестік Кодексінің 160-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
Егер тиісті бұзушылыққа сот отырысы барысында жол берілсе, онда сот өндіріп алуды осы бұзушылық анықталған сол бір сот отырысында қолданады, соттың ол туралы қаулысы шығарылады. Ал, тиісті бұзушылыққа сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жол берілген болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор бұзушылық туралы хаттама жасап, оны тергеу судьясына жібереді, ол оны сотқа келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде қарайды.
Судья хаттаманы қарау нәтижесі бойынша елу айлық есептік көрсеткішке (184 600 теңгеге) дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Өкінішке орай, сотқа шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті SMS хабарламалардың көмегімен жеделдік артқан мына заманда сот отырысының уақыты туралы тиісінше хабардар бола тұра, сот шақыртуына немқұрайлы қарайтындар да кезігеді.
Мұндай негізбен 2023 жылы қылмыстық іс бойынша бір жәбірленушіге ақшалай өндіріп алу қолданылса, осы жыл басынан бері үш куәға ақшалай өндіріп алу қолданылған.
Мәселен, аудан тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен, яғни абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық істі қарау барысында тиісті дәрежеде хабарланғанына қарамастан, іс бойынша үш куә үш рет сот отырысына дәлелді себептерсіз қатыспаған.
Сот қаулыларыменаталған куә азаматтарға, сот отырысына дәлелді себептерсіз келмей қалған әрекеттері үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 18460 теңге көлемінде ақшалай өндіріп алулар қолданылды.
Сондықтан, процеске қатысушылардың заңнамада көзделген процестік міндеттерді орындауыміндеті екенін ұғынғаны абзал.
К. А. Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы


09 ақпан 2024 ж. 295 0