Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды форматта іс жүргізу жүйесінің маңызы зор

Электронды форматта іс жүргізу жүйесінің маңызы зор

Электронды форматта іс жүргізу жүйесінің ерекшелігі неде? Бұл сұраққа Қызылорда облысының Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Әбдібек Жаназаров жауап берді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы Заңының шеңберінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қылмыстық істерді тергеу санаттарына қарай кезең-кезеңімен электронды форматта жүргізуге көшірілді.

Электронды қылмыстық істің ерекшелігі:

Біріншіден, цифрландыру саласындағы жаңа технология қылмыстық процестер жеңілдетеді, олардың мерзімі қысқарады, сондай-ақ сапаны жақсартып, шығындарды қысқартады (мысалы: тергеу әрекеттері жеңілдетіледі, қаншама қағаз үнемделеді, қылмыстық істі зерделеу жолдауға, оны кері алуға бұрынғыдай біршама уақыт алмайды).

Екіншіден, сыбайлас жемқорлық сипаттағы тәуекелдікке, яғни бұрмалаушылыққа жол берілмейді, қылмыстық істің қозғалуынан бастап сотқа жолдануына дейінгі қылмыстық процестің айқындылығын қамтамасыз етеді, қылмыстық істердің жоғалуына жол берілмейді.

Үшіншіден, аналитика күшейеді. Әрбір іске терең қарап, дұрыс практиканы қалыптастыруға мүмкіндік беріледі (мысалы:рұқсаты бар басшы (жетекші) кажетті істі қарап, зерделей алады. Тиісті баға бере алады).

Төртіншіден, жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай қаралып жатқанын кез келген уақытта онлайн режимде көре алады.

Бесіншіден, электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды.

Сондай-ақ, электрондық қылмыстық істің басқа артықшылығы қашықтан санкциялау болып саналады. Енді тергеп қамаққа алғанды оған бұлтартпау шарасын белгілеу үшін біршама ара-қашықтықта апарудың қажеті жоқ. Санкциялау үрдісі бейне-конференц байланыс режимінде өтетін болады. Бұл уақыт шығындарын қысқарту, қашу тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Сотпен санкцияланатын тергеу әрекеттері де электронды жүргізіліп, уақыт үнемделеді.

Бастысы, қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру өкілеттігі бар қызметкерлерді қылмыстық істі тергеуде тәртіп қалыптастырады. Себебі, электрондық форматта қылмыстық істерді тергеу әрекеттерін уақытылы орындап, оны СДТБТ базасындағы «е-ҚІ» модулінің жүйесіне уақытылы енгізілмесе, оны өзгертуге жол берілмейді. Қандай да бір процестік құжаттарды уақытылы енгізу талап етіледі.

Осы мақсатта, Қызылорда облысы Полиция департаменті бойынша электронды форматта қылмыстық іс жүргізуге мүмкіндік беретін 266 жұмыс орнымен (орг.техника) қамтамасыз етілген. 2020 жылы Қызылорда облысы ПД-нің бөліністерінің жалпы өндірісінде болған қылмыстық істердің 71 пайызы, яғни 3827 қылмыстық іс электронды форматта жүргізіліп, оның 65 пайызы, яғни 2487 қылмыстық іс өндірістен аяқталған.

Қазіргі таңда барлык істердің 83,2 пайызы электронды түрде жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық іс жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы Заңының шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен тоқтатылған немесе мерзімі үзілген қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдерді қадағалаушы орган бақылап отырады. Қысқа мерзімде шешім қабылданып, қылмыстық істердің созбалаңға салынуына жол берілмейді.

Қолданысқа енгізілген жаңа Заң аясында прокуратура органдарымен ағымдағы жылдың қаңтар айында 412 процестік шешімдер келісіліп, 16 процестік шешімдердің күші жойылған.

Болашақта бұл процесс, яғни электронды форматта іс жүргізу жүйесі азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылық туралы шағымдары мен хабарламары тіркелгеннен бастап жүзеге асатын болады.

kyzylorda-news.kz
11 ақпан 2021 ж. 811 0