Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әңгір жайлы әңгіме

Әңгір жайлы әңгіме

«Төбемізге әңгір таяқ ойнатты» деген тұрақты сөз тіркесі жалпыға таныс. Оны халық «тыныштықты бұзды, маза бермеді» немесе «қорқытты, үркітті, сес көрсетті» деген мағынада түсінеді. Бұл дұрыс. Ал «әңгір» деген не? Оның түпкі мағынасы қандай екенін көбі біле бермейді. Кейбір дереккөздерде «әңгір» байырғы ортада дабыл ұратын ағаш атауы ретінде көрсетіледі. Бұл тұста ол дабылдан шығатын «әңгірлеген» дыбысқа байланысты қалыптасса керек.
Ал шын мәнінде әңгір ересек балалар мен бозбалалардың таяқпен айналып ойнайтын ойыны екен. Шарты да қарапайым. Әбден жаттыққандар аяқ-қолымен айнала береді. Бір орында тұрып, шыркөбелек айналу емес, тік тұрып, екі қолды жоғары созады да, бүкіл денесімен не оң жаққа, не сол жаққа қарай кәдімгі дөңгелекше айналу.
Қазақстанда өтіп жатқан көшпенділер ойынында түрлі спорттың жаңа атауларын естіп жатырмыз. Дегенмен ұлттық негізден алыс кетпей, сөз бен істің үйлесімін тапқан ойын атауларын қаперден шығармаған абзал.
Әңгір әлемінде кең тараған акробатикалық қимылдың бір көрінісі. Ойынға қатысушы шарт бойынша қолын жоғары көтереді. Екі аяғының арасын өзінің шамалауынша ашып, буынын бекіте ұстайды. Өз ыңғайы бойынша не оңға, не солға қарай екі қолымен және екі аяғымен жер тіреп айналады. Екі аяғын бүкпей жазып, дөңгелекше денесінің айналуына көмектеседі. Бұл өте ширақтылықты, ептілікті талап ететін ойын.
Ең алғашқы жаттығу таяққа сүйеніп, айналу әдісін игеруден басталады. Сол арқылы үздіксіз қимыл арқылы айналу әдісін игереді. Әр ойыншы өз бойына шақ, айналғанда кедергі жасамайтындай мөлшерде түзу таяқ әзірлеп алады. Таяқтың екі ұшын екі қолын кере көлденең қалпында ұстайды да, ұшын жерге қадап айналады. Таяқ денені игеріп үйренуге демеу болады. Бұл «әңгір», яғни таяқпен айналу ойыны.
Ойынының өзі ойға жетелейтін ұлттық спорттың ұтымды жері көп. Бұл ойынның тарихы әріде екенін атам бала күнімде әңгімелеп берген еді. Сол үшін де балаға әңгір таяқ ойнатқаннан, әңгірдің өзін ойнатқан тиімді екенін біле жүріңіз!
Айдар САЙЛАУОВ
14 қыркүйек 2024 ж. 201 0