Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көшпелі қазақ кітабынан бірер сөз

Көшпелі қазақ кітабынан бірер сөз

«Толқында» жұмыс жасағаныма бір жылдан астам уақыт өтсе де, өткен жылдың қазан айының соңында алғаш рет кезекшілік қызмет атқарған күнім ерекше есімде қалыпты. Сол санда Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабынан алғаш рет оқыған осы сөздің мағынасы туралы мақала жазған болатынмын. Бүгін тағы да сол кітапты қайталай оқып отырып, ерекше сезімге бөлендім. Міне, сол сезімімді суытпай, ойымдағы дүниемді жазуға отырдым.
Қазақ халқының сөз құдіреті өте жоғары екенін бәріміз білеміз. Ол бүгін ғана емес, сонау ата-бабаларымыздың заманынан бастап дәлелденіп, белгілі болған дүние. Оған қазақтан шыққан би-шешендердің айтқан сөздері мен бізге жеткен оқиғалары, әңгімелері дәлел. Менің де жазбағым, сол қазақтың сөздері туралы.Өзімше кейбір көне, мағынасы белгісіз сөздерді біз қазір қалай айтамыз, оның негізгі мағынасы қандай, оларды қаншалықты дұрыс қолданамыз деген сұрақтарға жауап тапқандай болдым.
Ең алғашқы түсінігім қазақтың «айналайыны» туралы. Иә, «айналайын» туралы аз айтылып жатқан жоқ. Осы газет беттеріне де жарияланып, түрлі мағыналарын айтып жатқан кезіміз де бар. Дегенмен осы оқығаным көңіліме, қазақшылығыма ерекше әсер етті. Көп жерлерде біз оны шамандық мағынада түсінеміз. Мысалы, «егер үлкен адам жас баланы, үйді айналса оның ауруын өзіне алады, ауруды солай жазады» деген ұғым бізге жақсы таныс. Ал адам не үшін олай айналып жүреді? Дәстүр бойынша да, дін бойынша да адамның айналуы керек жалғыз жер Қағба емес пе еді деген ой келді кітапты оқыған соң. Сонда ғана ата-ананың баласына айтқан айналайын сөзі «сен менің Қағбамсың; сен маған Қағба секілді қымбатсың; мен сені соншалықты жақсы көремін» деген мағына береді екен ғой деп ойладым. Осы туралы автор досының басынан өткен әңгімесін жазыпты.
Бірде ауылда тұратын жетім балалар өзімен бірге шаш алдыртатын жерде кездессе керек. Әкесінің шашын жақын туысы алып жатса, өзі оның қолына су құйып әлек екен. «Айналайыны» аузынан түспейтін әкесі бір сағаттың көлемінде 100-ге жуық «айналайынын» жетім балаларға қаратып айтыпты. Сонда шаш алып жатқан туысы әзілдеп: «Қожеке-ау, мен шашыңызды алып жатырмын, балаңыз қолыңызға су құйып жатыр. Бізге де бір «айналайынды» арнасаңызшы десе керек. Сонда әкесі: «Ой, айналайын, айналайыннан артық не сөз бар, айналайын» депті. Біраз уақыт өтіп шаш алынып, шай ішіліп болған соң жетім балалар шығып кетіпті. Сонда ғана Қожекең бағанағы сөзін жалғап туысына:
Жетімнің көзінше өз балаңды айналу – жетімнің қақысын жегендік. Сендер көз алдымдасыңдар, әлі талай «айналайынды» естисіңдер. Ал жетім қақысының о дүниеде сұрауы жаман болады – деген екен.
Одан кейінгі автордың айтқан сөзі бәрімізге аян «Бір бала» әнінің «Талдан таяқ жас бала таянбайды» деген жолдары туралы. Шынымен де, қаншама рет әнді тыңдасақ та жәй ғана әуеніне елітіп, сөзіне мән бере бермейді екенбіз. Ал бұл өлең жолы нені білдіреді?
Жетісу өңірінің тұрғындары арасында әлі де көп кездесетін жағдаят, ол жақта кісі қайтыс болғанда марқұмның туыстары есік алдында таяққа таянып тұрады екен. Онысы «басымызға түскен қайғыны көтере алмай таяққа сүйеніп әрең көтеріп тұрмыз» деген мағынада еңкіштеп тұрып, көңіл айтуға келген кісілерді күтіп алуымен көрінеді. Ал бала деген аппақ көңіл, таза жан. Сондықтан бұл жолдар «баланың қайғыруына болмайды, ол қайғыны білмеуі керек» дегеннен туындаған. Таяқ ұстап ойнаған балаға да үлкендердің ұрысып, тыйым салуы «балаға қайғыру жат» деген түсініктен пайда болса керек.
Қазақтың сауабы да автордың кітабында тысқары қалмады. Қазақ ұғымында «сауап» сөзі «біреудің алғысын алу, шапағатты іс жасау» мағынасында жүретін. Кеңес үкіметі уақытында осы мағынасынан ауытқып, жаман істерге байланысты айтылатын сөздерге айналып кетті. Шынымен де, сол кездері ауырған адамға немесе ащы суға тойған адамды көріп «сауап болыпты» дегенді көп естігенбіз.Бірақ сол сөздің жалаң мағынада емес, астарлы ақиқаты бар екенін біз ұмыта бастағандаймыз.
Ал «қыздың жол жіңішке» деген сөзді сыпайылық үшін пайдалануымыз дұрыс па? «Қыз 15-ке келгенде шашынан көп жаласы» деген қазақтың сөзі бар. Ол қыз баланың жолының жіңішке екенін, сол жолдан тайып кетпей, артық қимылға бармай, көлденең сөзге, өсекке, жалаға қалмауы үшін абайлап жүруін ескерту секілді сөз еді. Оны біз қазіргі таңда бірнеше ер адамның арасындағы жалғыз нәзік жандыға құрмет ретінде «қыздың жолы жіңішке» дейді ғой» деп, жол беру үшін қолданамыз. Сөзіміздің жөні дұрыс-ау, бірақ мағынасына сай қолдану маңыздырақ па деймін.
Той дегенде қазақтың жаны қалсын ба?! Барлық себепке шағын болса да отырыс жасап тойлау бүгінде біздің әдетімізге айналды. Осы мейрамның бірі – үлкен кісілердің «Пайғамбар жасына келдім» деп 63 жасын тойлауы. Ал қазақта Пайғамбар жасы деп 40 жасты атайды емес пе? Себебі Пайғамбарымызға міндет жүктеліп, жауапкершілікті алған жасы осы жас қой. 63 жасында ол кісінің дүниеден өткенін ескерсек, біздің тойлап, тілек айтуымыз «сіз де сол жасқа келіп қалдыңыз, уақытыңыз болып қалды» дегендей болмай ма?
Иә, қазақта ерекше аталатын жас ерекшеліктері бар. Мысалы 25-ке толғанша ер жігіт бір ауыр қылмыс жасамаса, аз-кем жасаған қателігіне көп адам кешіріммен қарайды. Одан әрі барлық қатеге тиісінше жауап беріп, 30-ды еңсеріп, 40-та қамал бұзып, барлық жауапкершілікті алатын уақыт келеді. Сондықтан да әр сөздің тереңіне үңіліп, салмағына салмақ қосып, нағыз ердің сипатын сезіндірер сөз болғаны дұрыс шығар.
Ал енді мына екі сөздің түпкі мағынасын білу мен үшін міндет секілді көрінген. Олар арыс пен боздақ сөзі. «Қыршын кеткен боздақтар, арысымнан айырылдым» деген тіркестерді көп естиміз. Сонда менің көз алдыма арыс деген ірі денелі, елге еңбегі сіңген аға болса, боздақ дегенде қыршыннан кеткен жас жігіт елестейтін. Сөйтсем, түйенің денесіндегі ескі жүнін ысыра шығып келе жатқан жас, тірі өскін түкті "боздақ" деп атайды екен. Сондағысы елге енді еңбегі сіңіп, қанат жайып келе жатқан жас азаматтар ұғымына саяды.
Ал арыс арбаның бел ағашы немесе киіз үйдің шаңырағындағы үлкен шеңбер екен. Бел ағашы болмаса арбаның болмайтыны секілді, уық пен керегенің орнын өзге затпен алмастырғанмен, шаңырақ шеңберінің шеті сынса да іске аспай қалады емес пе? Отбасының тірегі де, ондағы бірліктің ұйытқысы да осы арыстай ағаларымыз екеніне ешкім шүбә келтірмес. Бұл да соны ескеріп айтқан қазақтың қазыналы сөзі ғой.
Иә, үлкен буынды ысырып, бала буын өскендей, қазір көне сөздің орнын жаңа сөз басып жатыр. Дегенмен, уақыттың өтуі сөздің түпкі мағынасының өзгеруіне әкелмейді. Ал біздің бар білетініміз, түбінде қазақ өзінің бастапқы болмысына қайта қауышады. Оған ептеп жақындап та келеміз. Сондықтан айтар сөзіміз бен істер ісіміздің дұрысынан болуы, бір-біріне сай келуі, мағынасын жоғалтпауы өзімізге байланысты.
Гүлмарал САҚТАПОВА
24 қаңтар 2024 ж. 1 330 0