Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дайағашшы – елдің сыйлысы

Дайағашшы – елдің сыйлысы

Жаңа кітап беттерін ақтарып, оны тауысқан сайын адам ойының сана көкжиегі шарықтау шегіне жақындай түсетіні мәлім. Кітап – қазына, кітап – тұнған ақыл. Оны оқыған жанның ойы тынығып, жаны рахаттана түсері анық. Жақында ғана осы жағдайды өз басымнан өткеруге Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы себеп болған. Көшпенділер өмірін көзімен көрген қазақтың әңгімелері расымен де ерекше әсер береді.
Ақын, журналист, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері Ұларбек Нұрғалымұлының бұл кітабына қазақы нақышқа қанық эссе,әңгіме және мақалалары топтастырылған. Жазушы өз шығармаларының бәрінде дерлік ұлттық болмыстың ұтымды сипаттарын сөз етеді. Қазақ әдебиетінде өзіндік бояуымен қолтаңба қалыптастырып үлгерген қалам иесі туындыларының ойы анық, образдары айқын, тілі кестелі.
Қаламгердің негізгі тақырыбы - қазақтың ұлттық танымы. Қазақтың мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестерінің мағыналары және салт-дәстүр, ұлттық классикалық музыка, ән мәтіндерінің бүгінде шаң басып, ұмыт болып бара жатқан ғажайып сырларына үңілген публистикалық зерттеу мақалалары, нағыз қазақтың болмысын көрсететін көркем әңгімелері оқырмандарды ерекше баурайды.
Кітап тақырыбының өзі маған алғашқыда қызықты көрінген. Расымен де бұрын соңды естіп көрмеген сөзімнің мағынасы қандай екендігін білу үшін асыққан болатынмын. Алдымен үлкендерден сұрап көргім келді. Көрші үйдегі әже мен орта жастан асқан жандар да мағынасын білмеген бұл сөзді жазушы алғашқы әңгімесінде-ақ түсіндіріпті.
Қазақтың жылқыжанды, бәйге сүйгіш халық екендігін бәрі біледі. Сол бәйгеге дайындық ескі қазақ ауылдарында 2-3 ай бұрын, тіпті одан да ерте басталуы мүмкін. Әдетте бәйгеге 70 жылқы қосылса, соның тең жартысына жуығына, яғни 30 жылқыға жүлде тігіледі. Сол 30-шы келген жылқыны «үзіліс» деп атайды және оған алдыңғы келген 5 аттың бірінің жүлдесімен бірдей бәйге беріледі. Сол бәйгелі келген жылқыларды арнайылап ұстау үшін 30 кісі қалың топтан бөлініп шығып тұрады. Сол адамдарды дайағашшы дейді. Олардың әрбіріне нешінші келетін атты ұстайтынын айтып ескертеді. Дайағашшылар барынша мұқиятпен қарап, ат мәреге жете бергенде атты сулығынан ұстап, сүйншілеп иесіне әкеледі. Ат иесі қуаныштан бәйгенің жартысын дайағашшыға береді. Кейде «жылқының бәйге алған атағы да маған жетеді. Бәйгенің бәрі сіздікі» деп кеңшілік танытады.
Бәйге барысында дайағашшыны тағайындау арнайы науқан секілді болатын. Оған да бір қой сойылып, ауыл ақсақалдары, ұйымдастырушылар жиналып, қызу талқыға түседі. Негізінен, дайағашшыны таңдау да маңызды дүние. Көбіне мал-дүние жағынан орталау, алайда елге сыйлы жандарды таңдайды. Бірлі-жарым үлкен әулеттің қара шаңырағында қалған жас жігіттерді де қосады. Бұл бір жағынан қабырғасы жұқа жандарға көмек болуымен қатар, көңілін өсірер бедел.
Бұл жерде қазақтың даналығын да айтпай кетуге болмас. Жоқ-жұқа отбасындағы ер азаматтың абыройын түсірмей, «мінекей, ал» деп басынан нұқып, көзінен шұқып көрсетпей, оның орнына қуанышты жағдайды себеп қылып отыр ғой. Осындай қазақтың кішкентай салт-дәстүрінің ұмытылуымен қаншама қазақтың бір-біріне беруі тиіс сыйы, қақысы және сыйластығы жоғалды екен?
Жалпы бұл кітап тек қана көнерген сөздердің мағынасын ғана емес, ене мен келін арасындағы мәселе, адамның ар-ұят мәселесі, туған жердің қадір-қасиеті мен жастар арасындағы мағынасыз дүниелер туралы қозғайды. Бұл әңгімелер қысқа болса да, оқырманға үлкен ой салар қызықты оқиғалардан құралған. Тілі өте жеңіл, барша халыққа түсінікті әдеби тілде жазылған. Оқиғалар желісінде кейіпкермен бірге толғанып, қуанып, арасында күйініп бір деммен оқып шығасың...
Кітап көптеген авторлар арасында жағымды пікір алған болатын. Солардың бірі белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «Мына «Дайағашшыны» оқығанда, әуелде бір күн, бір түн кетіп еді, артынан ұзақ таңға созып оқыдым. Осындағы көзге көрінбейтін кейіпкер менің өзім сияқты әсер қалдырды. Жас жігіттің өмірде кездескен, содан түйген пікірлері маған қатты әсер етті. Иненің жасуындай кішкентай нәрседен өмірдің жібін сабақтап өткізеді екен. Мұнда біз ұмытқан өмірдің тамыры бар. Осы бағыттағы жаңа бір прозаның қалтанағы көрінеді», - дейді. Және жазушының «Қар суымен кеткен жылқы» дейтін әңгімесі туралы ақын Тоқтарәлі Таңжарық: «Дәл қазіргі уақытта этномәдени тақырыпты сенен асырып жазар жан жоқ шығар! Арқамызды аяздай қаритын сансыз көздің сұғын сезсек те, сезбегенсіп жүретін біз жазғанға не дерсің? Мынау оқып, тамсанып, бас шайқап қоятын емес, ойланатын, үлгі алатын дүние екен!» дейді.
«Дайағашшы – алғашқы бетінің өзінен қазақылықтың, тектіліктің, көрегенділіктің, салт-дәстүрдің иісі аңқып, айтары бар аузы дуалы ақсақалдардың әңгімесіне сусыныңды қандырып, қазақы қалжыңның керемет үлгісін көрсететін алтын қазына. М.Шахановтың өз шығармасында жазғанына сүйенсек, Грузияда әрбір ұзатылар қыздың жасауына қосылатын Шота Руставелидің кітабы – «Жолбарыс тонды Жиһанкез» секілді бұл кітапта салт-дәстүр мен қазақылықтан ажырап қалған әр қазақтың қолында жүрер компасы секілді», - деп жазушының шығармасына оқырмандары ерекше ықыласын білдірген. Сонымен қатар кітап 2017-2018 жылдары ең көп оқылған кітаптар қатарында.
Бұл кітап – біздің ұлттық болмысымызды аша түсетін, құндылықтарымызды қадірлеуге үндейтін рухани азық. Әрбір жанның көкірек көзіне сәуле нұрын құятын бұндай шығармалар көптеп жазылуын тілемекпіз.
Г. ӘЛНИЯЗИНА
28 қазан 2023 ж. 1 266 0