Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам папиллома вирусы жұғу, таралу жолдары, және алдын алу шаралары

Адам папиллома вирусы жұғу, таралу жолдары, және алдын алу шаралары

Бүгінгі  біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы  А.Сатекеевамен   адам папиллома вирусының  қоздырғыштары, аурудың жұғу, таралу жолы, алдын алу шаралары,оның ішінде вакцинациялау жұмыстары туралы  болмақ.

Сұрақ: Адам папиллома вирусы қандай ауру , қандай түрлері бар , сол жөнінде айтып өтсеңіз?
Жауап : Адам папиллома вирусы кондилома түзілуімен сипатталатын, теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. АПВ-ның 200 жуық түрі белгілі. Ауру қоздырғышы- вирус ауыз қуысының , көмейдің , қол мен табанның , жыныс мүшелерінің  терісіне әсер етеді.  Бала кезінен бастап көптеген адамдар қолдарындағы дөрекі сүйелдерді жақсы біледі, оларды әдетте  адам папиллома вирусы қоздырады. Бұл вирустың ерекшелігі - ол қарапайым теріге тиген кезде де жұғады. Ересектер мен балалар оны жиі жұқтырады, бірақ бұл қорқынышты емес және ол із қалдырмайды.90-98 пайыз жағдайда 1-2 жылдан кейін адам ағзасы вируспен күреседі, мұндай жағдайларда инфекция өтпелі деп аталады. 
       Сұрақ : Адам папиллома вирусыныңқандай түрлері адамға қауіпті, ол жұққан жағдайда қандай ауруларды туғызады?
     Жауап : Жоғарыда айтқандай АПВ вирусының 200-ге жуық түрлері белгілі дедік,соның ішінде 14-і онкогенді және қатерлі ісік тудыруы мүмкін,  ең қауіпті түрілері  6,11,16 және 18-типтегі вирустар ,әсіресе вирус әйелдің денесінде  ұзақ уақыт болған кезде жатыр мойны  обырының  даму  қаупі артады. Бұдан басқа вульваның, қынаптың қатерлі ісігін шақыра алады. Ер адамдарда тік ішектің және жыныс мүшесінде ісікті түзілістер түзілуіне алып келеді.
      Вирус тез таралуға қабілетті, нәтижесінде папилломалар пайда болады(сүйел өсінділері), жасушалардың қатерліге айналуын және қатерлі ісіктің , мысалы жатыр мойны обырының дамуын қоздырады. Жатыр мойны обыры жағдайларының барлығы дерлік АПВ инфекциясынан туындаған. Ғылыми мәліметтерге сәйкес ,10 әйел мен ер адамның 8-і 25 жасқа дейін АПВ жұқтырған. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі, 600-ден астам әйел бір жылда осы аурудан көз жұмады, яғни күніне орта есеппен 1-2 әйел қайтыс болады. Біздің елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі болып табылады.
     Сұрақ: Адам папиллома вирусының жұғу,таралу жолдарына тоқталсаңыз?
    Жауап : АПВ ауруы адамнан адамға бірнеше жолдармен жұғады:
1.Тұрмыстық жанасу жолымен , яғни  ауру қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға - сауналарға, моншаларға , спорт залдарына, бассейндерге , дәретханаларға барғанда сақтық шараларын сақтаған жөн.
2.Жыныс жолымен, яғни вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.
3.Тікелей жолмен бала туу кезінде: Вирус анадан сәбиге босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.
4.Өзіне -өзі жұқтыру жолы , яғни АПВ қырыну немесе эпиляция (терідегі шаш талшықтарын жұлу) кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады. АПВ ауруының клиникалық белгілері байқалмайды, яғни адам өзіне вирус жұққанын білмеуі мүмкін. Вирус зертханалық сараптама  көмегімен анықталады. (ПАП -тест арқылы , яғни қынаптан жағынды алынады)
Сұрақ : Адам папиллома вирусының алдын алу шаралары туралы,осы ауруға қарсы вакцинаның тиімділігі туралы  айтсаңыз?
Жауап :  Бұл аурудың емі жоқ. Ғылыми түрде дәлелденген жалғыз жолы- вакцина салғызу.  Австралия  мемлекеті  - 2007 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі. Бағдарлама нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдердің адам папиллома вирусын жұқтыруы 22 есеге , яғни 22,7 пайыздан 1,5 пайызға дейін азайған. Жатыр мойны обырымен ауыру 50 пайызға кеміген, вирустың қоршаған ортада таралуы 90 пайызға төмендеген. АПВ вакциналарының  тиімді екені дәлелденді. АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң  13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ-ның  таралуы 81 пайызға төмендеді, Норвегияда егу шаралары басталғаннан кейін 16 жылдан соң ауру деңгейі 80 пайызға, Канадада 86 пайызға  төмендеген. Көптеген шет мемлекеттерде адам папиллома вирусына қарсы қыз балалармен қатар ер балаларға да жасалуда. АҚШ-та 11-12 жастағы қыз бен ер балалар, Канадада 9-17 жас аралығындағы қыздар мен ер балалар егілуде. АҚШ пен Австралияда АПВ-ның 9 түріне қарсы 9 валентті вакцина егуді қолға алды.
          Қазақстанда 2013 жылы егілген 1200 қыз баланы 2023 жылы  зерттегенде адам папиллома вирусымен аурушаңдық деңгейі 0,1 пайыз құраған, ал егілмеген осы жастағы 1200 қыз баланы зерттегенде  оларда адам папиллома вирусын жұқтыру  деңгейі 18,2 пайыз құраған.
         Орталық Азия мемлекеттерінің арасында  Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерінде АПВ-ға қарсы вакцинация жүзеге асырылуда, Өзбекстан мемлекеті адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияны   Ұлттық егу  күнтізбесіне енгізіп, мақсатты топтағы балаларды  95 пайыз қамтып отыр,
 9-13 жас аралығындағы барлық қыз балалар егілген.  
          Қазақстан Республикасының  Денсаулық  сақтау вице-министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы "Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы 11 жастағы қыздарды вакцинациялауды енгізу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жоспарды бекіту туралы"№321 бұйрығына сәйкес 2024 жылы күзден  бастап республика бойынша 11,12,13 жастағы қыз балаларды адам папиллома вирусына қарсы егу жоспарлануда.
Сұрақ: Ауданда АПВ-ға қарсы вакцинациялау бағытында қандай  ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде?
Жауап: Қазіргі таңда басқарма, аудандық көп бейінді орталық аурухана мамандары аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып ата-аналар арасында адам папиллома вирусы ауруы жөнінде, одан сақтанудың бірден-бір жолы  АПВ-ға қарсы вакцинациялау екендігі туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып жүргізуде. АПВ-ға қарсы вакцинациялау мектептердің медициналық пункттерінде немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханалардың егу кабинеттерінде тегін негізде жасалады. Егу шарасына ата-анасының келісімі бекітілген үлгіге сәйкес  қағаз жүзінде алынады, егер егу шарасынан бас тартса, бас тарту жөнінде бекітілген үлгідегі бас тарту парағы толтырылады. Сауалнама толтырылады.
Вакцинацияға қарсы көрсетілімдер болмаса дәрігердің немесе фельдшердің қарап-тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі. Егу шарасына АПВ 6,11,16,18 - 4 типінен қорғайтын 4 валентті вакцина қолданылады. Егу шарасына шприц-доза формасындағы Америка құрама штаттарында шығарылған "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Егілген қыз бала егу шарасынан соң 30 минут медициналық бақылау үшін медициналық бөлменің жанында орындықта немесе кушеткада отыруы керек. Кейін  үш күн қатарынан медициналық бақылау жүргізіледі.
         Вакцина салғаннан кейін иньекция орнының ауырсынуы, қызаруы және /немесе ісінуі, бас ауруы немесе болмашы қызба сияқты ағзаның жеңіл түрдегі реакциясы болуы мүмкін. Олар әдетте бірнеше сағаттан бір күнге созылады.
Сұрақ : Неліктен вакцинация 11,12,13 жастағы қыздарға жасалады?
 Жауап : Вакцина адам папиллома вирусын жұқтырғанға дейін енгізілсе, ең тиімді болып табылады. АПВ 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, осы жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9-14 жас аралығындағы қыздарға вакцинация жүргізуді басымдық ретінде ұсынады.

          Сұхбатыңызға рахмет !
Сұхбасттасқан: О. ЖОЛДАСОВ


18 қыркүйек 2024 ж. 158 0