Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адам папилломасы вирусы туралы не білеміз?

Адам папилломасы вирусы туралы не білеміз?

Адам папиллома вирусы дегеніміз не? Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сатекеева Ақзия Қасымқызымен осы аурудың қозырғыштары, аурудың жұғу, таралу жолы, оның зардаптары мен алдын алу шаралары туралы болмақ.

Ақзия Қасымқызы, сонымен адам папиллома вирусы дегеніміз не?

– Адам папиллома вирусы кондилома түзілуімен сипатталатын жиі таралған вирустық ауру. АПВ-ның 200 жуық түрі белгілі, олардың 15-і онкогенді және қатерлі ісік тудыруы мүмкін, ең қауіпті түрі - 16 және 18-типтегі вирустар.
Түріне байланысты вирус ауыз қуысының ,көмейдің , қол мен табанның , жыныс мүшелерінің терісіне әсер етеді.
Бала кезінен бастап көптеген адамдар қолдарындағы дөрекі сүйелдерді жақсы біледі, оларды әдетте адам папиллома вирусы қоздырады. Бұл вирустың ерекшелігі - ол қарапайым теріге тиген кезде де жұғады. Ересектер мен балалар оны жиі жұқтырады, бірақ бұл қорқынышты емес және ол із қалдырмайды.
90-98 пайыз жағдайда 1-2 жылдан кейін адам ағзасы вируспен күреседі, мұндай жағдайларда инфекция өтпелі деп аталады.
Бірақ АПВ вирусының қатерлі ісік шақыратын түрлері қауіпті, әсіресе вирус әйелдің денесінде ұзақ уақыт болған кезде жатыр мойны обырының даму қаупі артады.

–  Аурудың туындауына не себеп болады?

– Негізінен ауру асимпоматикалық болып табылады, яғни АПВ ауруының клиникалық белгілері байқалмайды, адам өзіне вирус жұққанын білмеуі мүмкін. Иммунитеттің кез келген төмендеуі немесе гормональды өзгерістер қандағы вирустың белсендірілуіне ықпал етеді. Бұл кезде ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінде папилломалар пайда болады. Вирус зертханалық сараптама көмегімен анықталады.

Бұл ауру туралы мәселенің көтерілуіне не түрткі болып отыр?

Бүгінгі таңда әлем бойынша да, біздің елімізде де әйелдердің сүт безі обырынан кейін екінші орында жатыр мойны обыры тұр, сондықтан бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Кейінгі бес жылда Қазақстанда 2 948 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған, өкінішке орай, бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Соңғы бес жылда 148 әйел қынап обырынан қайтыс болған. Адам папиллома вирусының онкогенді түрлері ерлерге де зиян. 2018-2022 жылдары жыныс мүшесі мен тік ішек айналасындағы обырдан 95 ер адам көз жұмған.Соңғы бес жылда тіл, ауыз қуысы мен тамақ-өңеш обырынан 1 мың адам қайтыс болған.

– Адам папиллома вирусының алдын алу шаралары қандай?

– Бұл аурудың емі жоқ. Ғылыми түрде дәлелденген жалғыз жолы- вакцина салғызу. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі Австралия, АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп отыр. Австралия - 2007 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі. Бағдарлама нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдердің адам папиллома вирусын жұқтыруы 22 есеге , яғни 22,7 пайыздан 1,5 пайызға дейін азайған. Жатыр мойны обырымен ауыру 50 пайызға кеміген. Орталық Азия мемлекеттерінің арасында Өзбекстан адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізіп, мақсатты топтағы адамдарды 95 пайыз қамтып отыр.
Қазақстан Республикасы бойынша 2024 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы егу шаралары жүргізілмек. Қазіргі таңда ұйымдастыру, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Адам папиллома вирусы ауруынан сақтаныңыздар, қыз балаларыңызды, яғни болашақ аналарымызды осы аурудан екпе жасату арқылы қорғауға кеңес береміз.
Сұхбатыңызға рахмет 

Сұхбаттасқан  О. ЖОЛДАСОВ,
Арал аудандық "Толқын" газетінің тілшісі


фото: almaty-akshamy.kz
19 ақпан 2024 ж. 3 551 0