Алтай Айнабек Аралға жаңбыр жауғызды, енді Алматыны түтіннен арылтпақ
Аралға қолдан жаңбыр жауғызып, «Rainman» атанған қазақстандық ғалым Алтай Айнабек алдағы уақытта Алматының көк түтінімен күреспек. Бүгінде ірі мегаполисте нәрестеге дейін темекі шегіп жатыр деп дабыл қаққан маман Dalanews.kz агенттігіне жаңа жобасын таныстырған, деп жазады qandastar.kz.
Түтінге тұншыққан Алматының ауасы күні-түні дамылсыз жүретін көліктер мен қаланың қақ ортасында орын тепкен зауыттардың әсерінен ластанып жатқаны көпшілікке мәлім. Аталған мәселеге қарсы түрлі шара жүргізіліп жатқанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Сондықтан халықтың көк түтінге әлдеқашан еті үйренген.
Ал Алматының жағдайына алаңдап, арнайы жоба әзірлеген Алтай Айнабек түйіні шешілмей тұрған мәселені аяқтан тұрғызуға болатынын жеткізді. Айтуынша, бұл істі бірнеше ай бұрын қолға алған.
«Алматыны көк түтіннен арылту идеясына «Қаңтар оқиғасына» дейін 3-4 ай бұрын іске кірістім. Содан бері әкімшілікке және басқа да қызығушылық танытқан тұлғаларға ресми үндеу жасап келемін. Бірақ осы күнге дейін тек жиналыстардан көз ашпадық. Экология министрімен жеке жолығып, осы мәселе төңірегінде сөйлескен едік. Алматы қаласының Экология басқармасымен де бірнеше рет бет көрістік. «Жасыл Алматы» сынды көптеген мекемелермен де кездесулер ұйымдастырдық. Өкінішке қарай, бітпейтін жиын мен жиналыстардан ары аса алмай қалдық», – дейді ол.
Оның сөзінше, бұл жолы да жобаны сынға алып, табалайтындар табылған.
«Казгидрометтің басшысымен жеке кездесу барысында жобаны жасау мүмкін емес деп бетмізден қақты. Сонымен қатар бұған қарсы топтар да шығып жатыр. Айта кетейін, Алматының көк түтіні бәз біреулер үшін – кәсіп көзі», – дейді ол.
Ғалым әкімдік тарапына арнайы ұсыныс жолдаған. Алайда қаражат әлі бөлінбеген.
«Технология жаңа болғандықтан, оны ендіру тетіктері мен өлшеу жолдарының бекітілген жоспары жоқ. Әкімшілікпен жүзеге аспай келеді. Біз бірінші келсек те, әрдайым екі ай тегін жұмыс жүргіземіз. Нәтиже көрсеткеннен кейін, оны таза күйінде сақтап отыруға күш жұмсаймыз. Осылайша екі ай ішінде верификациялық құралдарды бекіткеннен кейін қаржыландыру көздері арқылы бірнеше жыл бойы жұмыс жүргізу ұсынысын жасаған едік. Бастапқы 3-5 жыл аралығында коммерциялық жоба етіп, ары қарай Алматы қаласының әкімдігіне технологияны өткізу мәселесін қарастырғанбыз. Дегенмен әкімдіктен жауап болмады. Сондықтан бұл жолы аталған жобаны ғылым, технология, бизнес әлеуметпен бірігіп жүргіземіз», – дейді маман.
Оның сөзінше, жоба аясында Алматыға қарапайым жүйе жасалады.
«Алматыдағы көк түтіннің басты мәселесі климаттық мінездемесінде екенін атап өткім келеді. Өйткені таудан жылы ауа түседі, оны «фён» (бұл таулардан түсетін жылы, құрғақ жел) деп атайды. Ол тау баурайларындағы ауаның төмен қарай қозғалысы кезінде қызуына байланысты пайда болады. Фён желі таулардан төмен түскенде ауа қысымы артып, ауа температурасы жоғарылайды. Бұл құбылыс Алматы сияқты таулы жерлерде жиі кездеседі. Алматының климатына әсер ететін фён желі жазда қалаға ыстық әрі құрғақ ауа әкелуі мүмкін. Сол ауаның жылылығы мен деңгейі қазіргі таңда жоғарылап жатыр. Себебі бүгінде көп құрылыс нысандары салынып, көліктер мен басқа да өндірістер көбейіп, ауаны ластауда.
Инверциялық қабат жылы болмағандықтан, Алматының ойпатты жерінде (котловина) лас ауа жиналып, қалада ұзақ уақыт тарамай тұрып қалады. Содан адамдар түн шығып жатады. Ал инверциялық қабат дегеніміз – бұл атмосфералық құбылыс, онда жылы ауа салқын ауаның үстінде қақпақ сияқты тұрып қалады. Бұл кезде ластанған ауа жоғары көтерілмей, қала ішінде қалып қояды. Алматы таулардың ортасында орналасқандықтан, инверсия жиі болады, және лас ауа қалада жиналып, таза ауаға шықпайды. Сондықтан Алматыда ауаның ластануы көп байқалады», – дейді Алтай Айнабек.
Түсінікті болуы үшін ғалым бірнеше мысалды бөлісіп өтті.
«Бір институт ғылыми жұмыс жасаған екен. Егер Алматы қаласында бір микрограмға ластану түсетін болса, адамдар денсаулық жағдайы мен жұмыс өнімділігіне 52 млн доллар үнемдей алады. 2011 жылы қазақстандық ғалымдардың зерттеуі бойынша, Алматы ауасының сапасы нашарлап, адамдардың денсаулығы мен өміріне 500 млн доллардай шығын келген екен. Қазір 2024-2025 жылдары адам саны тіптен көп. Сәйкесінше ластаушы деңгейі де артқан. Осы тұста шамамен айтатын болсақ, адамдар жылына 1,5-2 млрд доллар шығынға ұшырап отыр. Яғни, оның ішіне ем-дом шарасы, адамдардың жұмысқа деген қабілет көрсеткіші кіреді», – деп қосты ол.
Айтуынша, бұл жоба екі қадамнан тұрады.
«Бірінші біз ауаның вертикалды және горизонталдық қозғалысын қамтамасыз етеміз. Нақтырақ айтсақ, үнемі желдету жасап отырамыз. Бұның жауын-шашынға еш қатысы жоқ. Тек ауаның қозғалысын қамтамасыз етеміз. Тоқырау болмауы керек. Екінші қадам – электризация. Бұл – ауадағы ұсақ бөлшектерді (мысалы, шаң, түтін) электр заряды арқылы басқару процесі. Электризацияның көмегімен осы бөлшектердің бір бөлігі жерге қонады немесе атмосфераға таралады. Мұның мақсаты – ауаның тазалығын сақтау және зиянды бөлшектердің қалқып жүрмеуін қамтамасыз ету. Ал ең үлкен күрделі ластануға ПМ 2,5 (ауадағы өте ұсақ, көзге көрінбейтін бөлшектер) және одан кіші бөлшектер жол ашады. Соны жерге қондырып, біразын атмосфераға жіберуіміз керек. Аталған екі процесті жүзеге асырғаннан кейін Алматы қаласы таза болады. Алайда өте таза болады деп айта алмаймын. Өйткені әлі де көліктер тоқтаусыз жүріп жатыр. Қала берді зауыт пен фабрикалар жұмыс істеп тұр. Бірақ жауын-шашыннан кейін болатын тазалық деңгейін сыйлайды. Алматының көзге көрінетін екі-үш жеріне бейнебақылау орнатып, инверциялық қабатты бақылап отырамыз», – дейді ол.
Ал жоба жеті айға созылмақ.
«Осы қазан айының ортасынан бастап, сәуір айына дейін жалғасын табады. Сол уақыттың ішінде тап-таза етіп ұстап отырамыз», – дейді.
Жобаны аяқтан тұрғызу үшін ғалым қайырымдылық қоры ашылғанын құлаққағыс етті.
«Жобаны іске асыру үшін кәсіпкерлерден демеушілік етуін сұрап, хаттар дайындап отырмыз. Осы мақсатта арнайы “Altay Rain Man foundation” қорын аштық. Осы қор арқылы жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жеті айға созылатын жобада университеттердің біреуімен коллаборация жасап, сол жерде технологияның ғылыми зерттеу құралдарын бірге бекітіп, Қазақстан қалаларының ауасын жақсартуға байланысты ғылыми жұмыспен айналысамыз. Адамдардың көшеде бетпердесіз және көлік терезесін ашып отыра алатындай жағдайын жасауға әрекеттенеміз», – деп сөзін түйіндеді.
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз