Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Юмор – өмір

Юмор – өмір

Қазақ әдебиетін сатиралық шығармасыз елестету мүмкін емес. Өйткені әдебиетті сынау арқылы оны алға сүйрейтініміз рас. Сол секілді сатирасыз қоғам да дамымайды. Себебі қоғам мен адамды әзіл-әжуа арқылы сынап, келемеждеп, түркілеп отырмасаң, еркінсіп, есінеп, қалғып кетеді немесе ауруы асқынып, ажалы ерте жетеді. Кезінде хакім Абай да өлеңге қатысты өзінің сын-пікірлерін айтқан. Сондықтан сатира қоғам мен әдебиеттің дамуына қалтқысыз қызмет етеді деуге толық негіз бар.
Осы орайда белгілі журналист, жазушы, Сыр еліндегі алғашқы тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығы» газетінің негізін қалаған әрі бас редакторы болған Әділхан Айтмағамбетұлы Бәйменовтің 80 жылдығына орай Қызылорда қаласында «Әлімсақ» журналының ұйымдастыруымен «Күлкінің де күлкісі бар» атты сатиралық шығармалардың облыстық байқауы өткізілген болатын. Сайысқа прозалық бағытта жазылған әзіл әңгіме, фельетон, памфлет, интермедия және поэзиялық бағытта әзіл-сықақ өлең, пародия, мысал өлең қабылданып, жазушылар өзара бақ сынады.
Сайыс қорытындысымен Арал ауданының құрметті аға буын өкілі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлем» газетінің редакторы Ерғали Абдулланың «Әкімберген әрқашанда дайын» әңгімесі жеңімпаз атанды.
– Әзіл-сықаққа ат басын бұрғалы да қырық жылдай уақыт болды-ау деймін. Аудандық газетте «Қармақ» деген бет болатын. Алғаш жазғанымыздың сонда жарық көргенін көріп мәз болғанбыз. Кейін республикалық, облыстық газеттерде де күлкі керуеніне ілестік. «Ара» журналының «Жатыпатар» атты бәйгесін 1986 жылы жеңіп алғанымыз бар. Жазғанымызды «Тамашаның» тарландары да ойнаған. Бертінде «Сыр әзілі» театрының да әзілкештерінің аузына сөз салдық. «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы», «Парақорлар әулеті» атты сатиралық кітаптарымыз оқығанды бір күлдіріп, бір жылатты-ау деймін. «Әзіл түбі –зіл» деген сол.
Алайда көптен бері сатира ауылынан жырақтағандай күй кешіп, журналистикаға бет бұрып зуылдап жүр едік. Дегенмен бойдағы бар күлкі дәрумендерін айналамыздағы әр түрлі кеселдер қайта оятып кеткендей жақында жазылған әңгімем болатын.
Ал күлкі күткен оқырман, шамасы, осы айда «Әлімсақ» журналын аша қалса, әрқашанда дайын жүретін Әкімберген кейіпкерімізбен бетпе-бет ұшырасып қалуы бек мүмкін, – деп бөлісті жазушы.
Еске сала кетейік, Ерғали Абдулла 1989 жылы сатирик жазушылардың «Күлеміз бе, қайтеміз?» антологиясына кірген болатын. Сатирикті жеңісімен құттықтай отырып, қаламыңыз ұштала берсін дейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
24 қыркүйек 2024 ж. 212 0