Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі істері жастарға үлгі

Өнегелі істері жастарға үлгі

«Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» дегендей, ел ағасы болып айналасына қадірлі, ұрпаққа өшпес мұра қалдырған дәрігер ардагердің бірі – Қожағайыр Ыбрашов. Оның мағыналы өмірі мен іс-тәжірибесі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Үлгі деуге де себеп бар. Қаншама кейінгі буын ақ халаттыларға ақылын айтар жасқа келген азаматтың қызметтегі адалдығы мен еңбектегі тәжірибесі сабақ болып келеді. Зейнет жасына келсе де жәрдем сұрағанға кеңесі әзір тұратын Қожағайырдың қайырымдылығ жайында кенттіктер көп айтады. Көпшіліктің көңілінен де сол шипалы сөзімен, дертке дауа болар емшілігімен орын ала алған.
Иә, расында адамзаттың бағасы ең алдымен оның елге деген жүрегінің, халыққа деген пейілінің таза болуынан білінеді. Өзіне алғаусыз қызмет істеген адамды халық та қадірлейді, кейінге үлгі тұтады. Қарапайым ғана ауыл баласы әу бастан сол адалдыққа ұмтылда. Әйтпесе өзгеден ерекшелердей өзгеше қасиеті жоқ. Оның өмірбаяны да сол қарапайымдылықпен басталып, біліммен беделге, қасиетпен құрметке жетті.
Қожекең 1940 жылы дүниеге келген. 1947-1957 жылдары Орынбор теміржолының №48 теміржол қазақ орта мектебін бітірді. Сол уақыттан-ақ сыныптастарынан сауатымен дараланатын. 1957-1963 жылдары Алматыдағы медициналық институттың педиатр мамандығы бойынша жақсы бітіріп шықты. Теориялық білімін практикамен ұштастырып, елдің батасын алуға, тәні дерттінің сырқатын емдеуге талпынған ол 1963 жылы туған ауылына жолдамамен балалар бақшасына педиатр болып қызметке орналасты. Сол жерде бір жыл білімін көрсеткен азамат келер жылы, яғни 1964 жылы Сексеуіл теміржол ауруханасында бас дәрігер болды. Осы жерде табан тайдырмай 1982 жылға дейін жақсы атымен таныла білді.
Кейіннен 1982 жылы мектепте дәрігер болса, 1990 жылдан бастап учаскелік педиатр болды. Осылайша 1995 жылы зейнетке шығып, ұзақ жылғы еңбегінде жоғарыда айтқанымыздай халықтың алғысына бөлене білді.
Оның еңбегі еленбей қалмады. Кім-кімге болса да табалдықтан биік тау жоқ қой. Халықтың қалаулысына айналып, бірнеше рет кентте депутат болды.
Өмірі өнеге, көргені көп, түйгені мол Қожағайырдан кейінгі жас ұрпақтың алар үлгісі жетерлік. Халықтың денсаулығына мән беріп, уақытпен санаспай, жан аямай қызмет етті.
Жұртшылықтың барша емделушілердің ықыласына бөленді. Әріптестері-ақ халатты абзал жандар оның салауаттылық жолындағы өлшеусіз еңбегін үнемі айтып отырады. Әркез жастарға ақыл-кеңес беруден бас тартқан емес.
Ақаусыз атарған адал еңбегі ескерусіз қалмады. Алған мақтаулары аз емес. КСРО «Денсаулық сақтау қызметінің үздігі», «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Қазақстан темір жолы министрлігінен, Москвадан МПС-тан, Обком комсомолдан, Қазақ ССР Красный крестен алған мақтаулары бар.
Әйелі Ұлболсын екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде терең тәрбие мен өшпес өнеге көріп өскен ұл-қыздары әкесінің жақсы атын асырып келеді. Нұрланы Шалқарда – ЭЧ мастері болса, Гүлжан депода инженер. Ал Нұргүл қаржы полициясында тергеуші болып, әкенің қанымен берілген адалдығын ел игілігіне жұмсап келе жатса, Нұржаны кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп отыр.
Міне, азаматтығын анық дәлелдеген Қожағайырдың елағалық еңбегін барша үлгі тұтар жандарға берсе, іргесі бекем ауылдың болашағы да нұрлана түседі.
Жоламан Жолдасов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сексеуіл кенті
24 қыркүйек 2024 ж. 87 0