Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейді

Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейді

Осы аптада Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумына қатысты. Форумда Президент мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.
– Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған – 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр. Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталып, ең бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керек деді. "Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар" деген Президент мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән берді.
Мұнан өзге де мәселелерге тоқталып өткен Қ.Тоқаев алдағы өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталып, оған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деп баға берді.
– АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Бірақ бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, демократия үздіксіз жүретін үдеріс екеніне айрықша назар аударды. Расында әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
05 қазан 2024 ж. 150 0