Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вандализмнің өткені мен бүгіні

Вандализмнің өткені мен бүгіні

Қоғамға зиян келтіретін, мүлікті қасақана бүлдіру, бұзу әрекеттерін вандализм деп атайды. Бұл құбылыс адамзат тарихында ұзақ уақыттан бері орын алып келе жатыр және қазіргі қоғамда да үлкен мәселеге айналып отыр. Вандализм тек жеке мүлікке ғана емес, сонымен қатар қоғамдық инфрақұрылымға, мәдени-тарихи ескерткіштерге де зиян келтіруде.
Бұл термин ежелгі Вандалдар тайпасынан шыққан. Сонау V ғасырларда вандалдар Рим қаласын жаулап алып, оның көптеген ғимараттарын қиратып, байлықтарын тонаған. Осы оқиға кейіннен вандализм ұғымының негізін салды. Бастапқыда бұл ұғым тек тарихи немесе мәдени ескерткіштерді қасақана қирату мен бүлдіруді білдіргенімен, уақыт өте келе оның мәні кеңейіп, кез келген мүлікті бүлдіру мен қиратуға қатысты қолданыла бастады.
Қазіргі уақытта вандализм әртүрлі формада көрінеді. Олардың ішінде ең кең тарағаны:
1.Қаладағы қабырғалар мен қоғамдық көліктерге заңсыз сурет салу немесе жазу. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында танымал «GTA» және «Subway Surf» компьютерлік ойындарында анық көрсетілген. Сол себепті бұл іске еліктемеген жөн.
2.Автобус аялдамалары, көшедегі орындықтар, телефон кабиналары секілді қоғамдық мүлікті қасақана сындыру.
3.Ең өзекті және кең таралғаны – тарихи және мәдени ескерткіштерді бүлдіру. «Тектұрмас» кесенесі, «Әулиеата» ескерткіші, «Төрткүл» керуенінің айналасы жазу, сурет және бүлінген орындарға толы. Жеңілтектік пен балалық көрсетпей, әрбір істің мән-жайына ой жіберіп, терең ойлайық.
4.Табиғатты аса қажет бөлігінен айыру, қалдықтарды тастау және қоршаған ортаны бүлдіру. Бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы Көбейтұз көлінің қызғылт түске айналатыны жұртқа аян болды. Оны кейін «қызғылт көл» деп атап кетті. Алайда адамдар оның қайталанбас бейнесінің бір құрауышы саналатын тұзды күн сайын тасып әкетіп жатты. Оның түбінен емдік қасиеті бар балшық алып, шұңқыр қазып, қопара бастады. Тегіс әрі айнадай жарқыраған, суы тізеге жететін мөлдір қызғылт көл енді шұрық тесілген, батпаққа айналған лайлы су айдынына айналды.
Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпке зиян келтіріп, еліміздің даму деңгейін бәсеңдетіп жатыр. Кейбір вандализм әрекеттері жасөспірімдердің немесе белгілі бір топтардың өзін таныту тәсілі болуы мүмкін. Мысалы, тарихы мол ежелгі тастарда адамдар өз аттарын, туған күндерін жазып кетеді. Бірақ олардың зияны қоғам үшін үлкен шығын.
Вандализммен күресу үшін кешенді тәсілдер қажет. Мысалы, тәрбие және білім беру. Жасөспірімдер мен балаларға мәдени мұра мен қоғамдық мүлікке құрметпен қарауды мектеп шақтан үйреткен жөн.
Қоғамдық бақылауды күшейтудің артығы жоқ. Вандализмге қарсы күресте қоғамдық бақылау камералардың маңызы зор. Қалада бейнебақылау камераларын орнату және халықтың белсенділігін арттыру арқылы вандализмді азайтуға болады. Қазір бұл істі жастар қолға алып жатыр. Мысалы, «Жастар рухы» атты волонтерлік ұйым бар. Олар дәл осы проблемаға төтеп беріп жатыр.
Қоғамдық сана-сезімді арттырып, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы вандализмнің зияны және оның салдары туралы ақпаратты кеңінен тарату қажет. Әсіресе, «TikTok», «Instagram» желілерінде осы мәселені жастар арасындағы трендпен жеткізсек, өте тиімді болмақ.
Енді вандализмге жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу.
Вандализм – қоғам үшін үлкен проблема. Онымен күресу тек заңды шараларды қолдану арқылы емес, сонымен қатар білім беру, қоғамдық сана-сезімді арттыру арқылы жүзеге асуы тиіс. Терең тарихымыздың мұрасын жоғалтып алмай, оны қастерлеп, туристер де қызыға қарайтындай бағалауымыз тиіс. Әрбір азамат өзінің қоршаған ортасын қорғауға және оның тазалығын сақтауға үлес қосса, вандализмді жеңудің мүмкіндігі арта түседі.
Айсара МЕЙРАМБЕКОВА
14 қазан 2024 ж. 79 0