Ұлт саулығы ұмыт қалмасын
Президенттің Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды кезеңдерін айқындайтын стратегиялық құжат. Биылғы жолдаудың басты бағыттарының бірі – ұлт саулығын нығайту және әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту болды. Бұл мәселе Қазақстанның тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартудағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылды. Денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік қолдаудың тиімділігі тек халықтың әл-ауқатының көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар елдің жалпы даму деңгейін анықтайтын маңызды факторлар.
Ұлт саулығын нығайту – болашақ кепілі
Президент жолдауында ұлттық денсаулық жүйесінің рөлі айрықша аталып өтті. Ұлттың денсаулығы елдің экономикалық өсуіне, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін күшейту арқылы Қазақстан әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына кіруге ұмтылуы қажет.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевт «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.
Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды» деген болатын.
Бұл бағытта бірқатар маңызды қадамдар қарастырылып отыр. Біріншіден, алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру қажет. Бұл ел тұрғындарының денсаулығын бақылап отырудың тиімді тетігі болып саналады. Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің сапасын жақсарту маңызды. Өйткені шалғай елді мекендерде медициналық көмекке қолжетімділік төмен деңгейде.
Президент сондай-ақ медициналық кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешудің маңыздылығына тоқталды. Ол үшін жоғары оқу орындары мен медициналық колледждерде білім беру сапасын көтеру, дәрігерлерді даярлауға арналған жаңа әдістемелерді енгізу, олардың кәсіби біліктілігін арттыру бағдарламаларын жасау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, жастарды медицина мамандығына тарту мақсатында материалдық қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді ынталандыру тетіктерін дамыту керек екені ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, психикалық денсаулық мәселелері соңғы жылдары әлемдік деңгейде маңызды тақырыпқа айналуда. Стресс, депрессия және басқа да психологиялық мәселелер халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты психологиялық көмек көрсету және психикалық саулықты нығайту бағдарламаларын енгізу қажет.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру
«Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес.
Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет». Қазіргі заманауи медициналық қызмет көрсетудің маңызды құрамдас бөлігі – денсаулық сақтау саласын цифрландыру. Президент бұл бағыттың да маңыздылығын ерекше атап өтті.
Электрондық денсаулық сақтау жүйелері, сандық құралдар мен медициналық деректерді талдау арқылы әрбір азаматтың денсаулық жағдайын бақылауға және медициналық көмекке қолжетімділікті арттыруға болады.
Цифрландыру сондай-ақ медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттырып, медициналық қателіктерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтарда да қарқынды жүргізілуі керек, сондықтан интернетке қолжетімділікті арттыру мәселесі өзекті болып тұр. Цифрлық денсаулық сақтау технологияларын пайдалану, телемедицина арқылы науқастарды қашықтықтан бақылау және диагностикалау осы бағыттағы маңызды шешімдер қатарында.
Әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту
Президент Жолдауында ерекше назар аударылған тағы бір маңызды бағыт – әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту. Әлеуметтік қолдаудың әділетті және тиімді жүйесін қалыптастыру қоғамдағы теңсіздікті азайтып, әрбір азаматқа өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе тұрмысы төмен отбасыларға, көпбалалы аналарға және зейнеткерлерге тікелей қатысты.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін күшейту туралы айтқан Президент бұл жүйенің қазіргі заманға сай талаптарды қанағаттандыруы тиіс екенін атап өтті. Әлеуметтік сақтандыру азаматтарға өмірдегі түрлі қиындықтар кезінде, әсіресе жұмыссыз қалған уақытта, лайықты деңгейде көмек көрсетуге бағытталған. Жұмыссыздықты азайту, еңбек нарығындағы өзгерістерге дайын болу үшін білім беру мен кәсіби даярлық жүйелерін жетілдіру де маңызды басымдықтар қатарына кіреді.
Әлеуметтік төлемдер мен көмек көрсету тетіктерін де жаңғырту маңызды. Әлеуметтік төлемдер алушылардың шынайы қажеттіліктеріне сай болуы керек, сол арқылы мұқтаж азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосу қажет.
Бұл бағытта 2024 жылғы 14 қазандағы жағдай бойынша 11 814 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3077 адам жүгінді, оның ішінде 2 963 адамға тағайындалды. Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 8928 адам өтініш білдіріп, оның 8851-іне тағайындалған. Сондай-ақ, 474 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 51 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды рындамағандықтан, 191 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.
Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады. Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.
Әлеуметтік қолдаудағы цифрлық шешімдер – жүйені оңтайландырудың заманауи тәсілі. Цифрлық технологиялар арқылы әлеуметтік төлемдер мен қызметтердің тиімділігін арттырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға болады. Электронды үкімет жүйесі халықтың қажеттіліктеріне сәйкес көмек көрсету уақытын қысқартады және процесс ашықтығын қамтамасыз етеді.
Зейнетақы жүйесін дамыту
Президент жолдауында зейнетақы жүйесін жетілдіру қажеттігі де атап өтілді. Зейнетақы мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы сәйкестікті орнату, зейнеткерлердің өмір сүру деңгейін көтеру, зейнетақы жинақтарын еркін пайдалану мүмкіндігін кеңейту сияқты мәселелер назарда болмақ.
Сонымен қатар, зейнетақы жүйесін тиімді басқару үшін Ұлттық қордан бөлінетін қаржының ашықтығы мен тиімділігі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл бағытта жүргізілетін реформалар зейнетақы жинақтарының қауіпсіздігіне және олардың өсіміне кепілдік беруі керек.
Әрбір азаматтың еңбекақысы өмір сүру деңгейіне сай болуы қажет, бұл экономика мен халықтың тұтыну деңгейін де тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Зейнетақы жүйесінің икемділігі мен әлеуметтік қорғау шаралары қарттарға қолдау көрсету мәселесін шешуге бағытталуы тиіс.
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі, ең алдымен, азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтардың зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары, сондай-ақ, зейнетақы активтері бойынша түскен инвестициялық кіріс есебінен қалыптастырылады. Осылайша болашақ зейнетақы көлеміне жарналардың жүйелілігі мен мөлшері, сондай-ақ, зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі әсер етеді.
Бүгінгі күні цифрландыру аясында әр салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінде өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады, – дейді БЖЗҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының Арал қаласындағы қызмет көрсету орталығының басшысы Ғалия Айбосынова.
Отбасы және балаларды қолдау
Отбасы мен балаларды қолдау – кез келген қоғамның іргетасын құрайтын маңызды мәселе. Қазақстанда бұл бағыттағы әлеуметтік саясат мемлекеттік маңызға ие, себебі отбасының әл-ауқаты мен балалардың денсаулығы, білім алуы – елдің болашағын айқындайтын негізгі көрсеткіштер. Әсіресе, балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, мектептер мен балабақшаларды жаңа заман талаптарына сай жабдықтау, инклюзивті білім беру бағдарламаларын кеңейту қажеттігі басты назарда.
Бұл жөнінде ел Президенті «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды» деген еді.
Жоба мемлекеттің стратегиялық қорының болашақ ұрпақ үшін жұмыс істейтін механизмін білдіреді. Бұл бағдарлама әрбір қазақстандық балаға Ұлттық қордың табысынан арнайы жинақ шотына қаражат аудару арқылы болашақта білім алуына, өмір сүруіне көмек көрсетуге бағытталған маңызды іс. Оның табысты жүзеге асуы Қазақстанның әрбір азаматына, әсіресе, жас ұрпаққа экономикалық тәуелсіздік пен болашақта өзіндік даму мүмкіндігін сыйлауға мүмкіндік береді.
Статистикалық мәліметтер бойынша, ауданымызда 18 жасқа дейінгі 33 мыңнан аса баланың шотына 100,52 доллар көлемінде қаржы түскен.
Тұрақты даму жолындағы әлеуметтік реформалар
Әлеуметтік реформалардың табысты жүзеге асуы – мемлекет тұрақтылығы мен халықтың сенімін нығайтудың маңызды факторы. Қазақстан үшін халықтың әл-ауқатын жақсарту, ұлттық денсаулық жүйесін нығайту және әлеуметтік қолдау шараларын жаңғырту жолындағы реформалар экономикалық өсімге серпін береді. Әрбір азаматтың денсаулығы мен әл-ауқаты мемлекет үшін бірінші кезектегі мәселе екенін Президенттің жолдауы айқын көрсетіп отыр.
Бұл бағытта жұмыссыздықпен күрес – әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды бөлігі. Мемлекет тарапынан жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бағдарламалар экономикаға да, халыққа да оң әсер етеді. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы өзгерістерге жылдам бейімделу үшін кәсіби білім беру жүйесін жаңғырту қажет.
Бұл бағытта «Мансап орталығы» тарапынан 8 айда атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 30 адамды оқытуға меже бекітіліп, 30 адам толық жолданды. Оқығандардың 29-ы тұрақты жұмыспен қамтылса, «Бастау бизнес» жобасына электрондық еңбек биржасы арқылы 290 адамға оқыды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа жоспарына сәйкес толық 146 адамға гранттар берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам, жастар тәжірибесіне 189 адам, ақылы қоғамды жұмысқа 973 адам, алғашқы жұмыс орнына 15 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы – 2 адам, «Күміс жас» жобасына 52 адам жұмысқа жолданған.
Президент Жолдауында ұсынылған реформалар – ұлттың денсаулығы мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған маңызды қадамдар. Алдағы уақытта бұл міндеттердің жүзеге асуы елімізді жаңа белестерге шығарып, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралар болмақ.
Гүлмарал САҚТАПОВА
Сурет: massaget.kz