Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептегі жиһаздың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлу маңызды

Мектептегі жиһаздың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлу маңызды

Оқу-тәрбие мекемелерін, қажетті жиһаздармен қамтамасыз етудің және оны тиімді пайдаланудың өсіп келе жатқан балалардың денсаулығын сақтауда, барлық оқу-тәрбие процесінің тиімділігін жоғарылатуда маңызы өте зор.
Мектеп жиһаздарына қойылатын негізгі талап – жиһаздар мен жабдықтардың мектеп оқушыларының бойы мен жас ерекшелiктерiне сәйкес келуi тиiс. Себебі бұл балалардың дұрыс жетіліп, өсуіне, тірек-қозғалыс және көру жүйесінің дұрыс қалыптасуына тікелей әсерін тигізеді. Оқу жиһазының өлшемдері ҚР ДСМ-нің 2021 жылғы 5 тамыздағы №76 «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 5-қосымшасында көрсетілген.
Жалпы бiлiм беретін мектеп, мектеп-интернаттарда жиhазды өлшемiне сәйкес таңбалайды. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін сатып алынған жиһаздардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс. Барлық стационарлық жабдық берiк бекiтiлуі тиіс. Мектеп жиһаздарының беті тегіс, жылтырланған және тесік-ойықтары болмауы керек. Оларды әрлеуге қолданған материалдар жылылығы 60 градусқа дейінгі жуу және дезинфекциялық ерітінділерге төзімді болуы тиіс.
Мектеп жиһаздары жұмыс жағдайында болуы және мақсатына сай пайдаланылуы тиiс. Жиһаздардың iстен шығуы уақытылы қалпына келтiруге немесе ауыстыруға жатады.
Мектептерде оқу кабинеттерi, зертханалар белгiленген өлшемдегi жұмыс үстелдерiмен және орындықтармен жабдықталады. Парта, үстелдердің түсi табиғи ағаш түстес немесе ашық жасыл болуы тиiс. Арқалығы жоқ орындықтарды (табуретка немесе скамейканы) пайдалануға тыйым салынады.
Оқу үй-жайларындағы жиһаз сол жақ бүйірден табиғи жарықтандыру қамтамасыз етіле отырып, орнатылады. Негізгі жарық ағынының білім алушы оқушылардың алдынан және арт жағынан түсуіне жол берілмейді. Алдыңғы үстелдер мен демонстрациялық үстел арасы кемiнде 60 см. Сынып тақтасы бар алдыңғы қабырғалардан бастап үш қатармен орналастырылған барлық қатардағы алдыңғы үстелдерге дейiн кемiнде 250 см. Үстелдер тобының арасы кемiнде 140 см. Қатардағы үстелдер арасы кемiнде 60 см. Оқуүй-жайындағы сынып тақтасынан оқушының отыратын соңғы орнына дейiнгi ең үлкен қашықтық 860 см болуытиіс.
Бұл талаптардың сақталуы балалардың дене бітімі дамуының үйлесімді болуына, дене тұлғасының дұрыс қалыптасуына, қызмет қабілетінің ұзақ уақыт жоғары болуына жағдай жасайды.Сонымен қатар, көз анализаторы мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстарының профилактикалық шаралары ретінде де өте маңызды рөл атқарады. Бұл талаптар сақталмағанда жұмыс істеу жағдайының қолайсыздығы арта түседі: дене кейіпінің еңкіштігі ұлғаяды, оның ассиметриясы дамиды, «дене мүсінінің» бұлшық еттеріне түсетін жүктеме көбейіп, ауырлық орталығы ауысып, дене тұлғасының тұрақсыздығына әкеліп соғады, балалар сабақта тыныш отыра алмай, артық қимыл-қозғалыстары көбейеді және т.б.
Орындық арқалығының ара қашықтығы – столдың артқы қырынан (көлденеңінен) орындық арқалығына дейінгі аралық, бұл аралық көкірек қүысының алдыңғы-артқы диаметрінен 5см жоғары болмауы керек. Орындық арқалығының ара қашықтығы жоғары болса оқушы орындықтың арқалығын, қосымша тірек ретінде пайдалана алмайтындықтан ауырлық орталығы алдыға қарай ауысады, төмен болса стол беті көкірек қуысына тіреліп, тыныс алу, қан айналу қызметі бұзылып, жұмыстағы дене тұлғасы қолайсыз болып, статикалық жүктеме жоғарылап, қажудың басталуы жеделдеп, қызмет қабілеті төмендейді.
Жұмыс столы мен орындықтардың баланың бой ұзындығы мен дене пропорциясына міндетті түрде сәйкестендіріп, мынадай білім алушылар мен тәрбиеленушілерді:
- есту, көру қабілеті бұзылған білім алушылар мен тәрбиеленушілер тақтаға жақын, алдыңғы қатардағы үстелдерге;
- жиі суық тиіп ауыратын білім алушылар мен тәрбиеленушілер сыртқы қабырғадан алыс отырғызылуы қажеттігін ескертеміз.
Қазіргі уақытта мектеп жиһазына қойылатын барлық талаптардың орындалуы қатаң екенін есте ұстаған жөн. Олар оқу процесін ұйымдастырудың сапасына тікелей әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар мектеп жиһазының толық қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Сондықтан, жиһазды таңдағанда, қолда бар сәйкестік сертификаттарымен танысу керек, бұл сізге дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

22 қазан 2024 ж. 93 0