Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот Депутат Тұрлыхановтың баласын 1,5 жылға түрмеге отырғызуға шешім қабылдады

Сот Депутат Тұрлыхановтың баласын 1,5 жылға түрмеге отырғызуға шешім қабылдады

Бостандығы екі жылға шектелген Нұрасыл Болат ақыры қамалды. Енді ол 1,5 жыл бойы жазасын түрмеде өтейді. Алматы соты депутаттың баласын 17 айға қауіпсіздігі орта колонияға жіберуге шешім қабылдады.

Сот барысында Нұрасылдың 12 қазанда таңғы сағат 4-те караокеге барғаны анықталып отыр. Мұны айыпталушы «досымнан бақылаушы-браслеттің қуаттағышын алуға бардым» деп түсіндірген.

Осы уақытқа дейін Нұрасыл Болат жазасының алты айын өтеп үлгерді. Енді бір жыл бес ай 10 күн қалған еді. Пробация қызметінің өкілі соттан қалған мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстыруды сұрады.

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша танылған адвокат Назкен Құсайынова болса, Дәулет Тұрлыхановтың ұлын бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Сотталушының әкесі Дәулет Тұрлыханов «сот шешіміне ешқандай ықпал етпеймін, ұлым жазасын толық алуы тиіс» деп мәлімдеген еді.

Үкім кесілгенге дейін Нұрасыл Болат әскери бөлімде болған. Ол жақтан да дау тудырып, қашып кеткен еді. Оны дереу бөлімге қайтарған. Сот оны еркіндігінен айырып, үй қамаққа алған-ды. Бұған қарамастан, Алматы көшелерінде түнде қыдырғанын қоймаған еді.

Төбелес үшін Нұрасыл Болаттың екі жылға еркіндігі шектелсе де, оның Алматыда еркін қыдырып жүргені, көңіл көтеру мекемелерінде отырғаны туралы бейнежазбалар тарады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті талаптарды бұзған үшін оны бостандығынан айыруға күш салатыны жөнінде уәде берген.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды
23 қазан 2024 ж. 79 0