Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда инсульт орталығы жұмыс жасауда

Аралда инсульт орталығы жұмыс жасауда

Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультке шалдықса, оның жартысынан көбі мүгедектікке ұшырауда. Ем нәтижелі болу үшін әрбір секунд маңызды. Сондықтан, барлық жерде инсульт орталықтары ашылуда. Соның бірі Қызылорда облысының Арал қаласында.

Арал көпсалалы орталық аудандық ауруханасының инсульт бөлімшесі ағымдағы жылдың мамыр айында ашылды. Бүгінде мұнда 13 адам емделуде. Олардың қатарында Сексеуіл кентінің тұрғыны Сұлтанбек Даурбаев та бар. 68 жастағы пациент тез сауығып келеді.

«Мен гаражда жұмыс істеп жатқан едім, қолымдағы құралым түсіп кетті. Көтергім келді, бірақ көтере алмадым, өйткені сол қолым ұйып, бет-аузым қисайды. Жедел жәрдем шақыртылып, шұғыл аудандық ауруханаға жатқызды. Қазір жақсымын. Тез сауығып кетемін деп үміттенемін. Дәрігерлерге мың алғыс!», – дейді Сұлтанбек Даурбаев.

Инсульттің алғашқы белгілерінде өте жылдам әрекет ету керек дейді дәрігерлер. Бөлімшеде, инсульт кезінде көмек көрсету мақсатында, нейрохирургтармен, реаниматологтармен және КТ/МРТ диагностикасымен тығыз байланыста болу үшін көп салалы топ құрылған.
«2022 жылдан бастап бөлімшеде компьютерлік томограф үздіксіз жұмыс істейді. МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, біз барлық пациенттерге толық медициналық көмек көрсетеміз. МӘМС жүйесінің арқасында, консультациялық-диагностикалық және басқа да медициналық қызметтерге қолжетімділіктің артуы ауруларды ерте кезеңде анықтау деңгейін жоғарылатқанын атап өткім келеді», - деді бөлімшесінің меңгерушісі Нұржігіт Сералиев.

2024 жылы ТМККК және МӘМС шеңберінде Арал көпсалалы орталық аудандық ауруханасына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 7,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.
30 қазан 2024 ж. 144 0