Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатынан қаза тапқан адамның кім екені белгілі болды

Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатынан қаза тапқан адамның кім екені белгілі болды

Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан адамның кім екені белгілі болды. Ол Әуе қорғанысы күштері Әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор 36 жастағы Батыр Оразымбетов. Оның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Майор Оразымбетов Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтын 2009 жылы "ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар" мамандығы бойынша бітірген. Әуе қорғанысы күштерінде әртүрлі лауазымдарда қызмет еткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда айтарлықтай тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады.
Ол қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Осы жылдың көктемінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық медальдармен және еңбек сіңірген жылдары үшін марапатталған.
Батыр Оразымбетов 36 жаста. Артында екі баласы мен жұбайы қалды.
"Қатты қону кезінде әскери институттың авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен әскери институттың оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов те зардап шекті. Қазіргі уақытта олар облыстық ауруханада жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады және оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіледі", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Ресми мәліметтер бойынша, бұл тікұшақта соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматыдағы "405 авиациялық-жөндеу зауыты" базасында жасалған. Ұшу алдындағы дайындықты қоса алғанда, барлық регламенттік жұмыстар белгіленген нормативтерге толық сәйкес орындалған.
Дегенмен қазір іске қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 
09 қараша 2024 ж. 59 0