Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕКЕ МЕКТЕП: БИЗНЕСПЕН БІРІККЕН БІЛІМ

ЖЕКЕ МЕКТЕП: БИЗНЕСПЕН БІРІККЕН БІЛІМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді.
Ата-аналар мемлекеттің жекеменшік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады» деген еді.
Деректерге сүйенсек, елімізде соңғы 5 жылда жекеменшік мектептер саны артып келеді. Мәселен, ресми статистикаға назар аударсақ, 2016 жылы елімізде 112 жеке мектеп болса, 2023 жылдың оқу жылында 551 мектепке дейін жеткен. Жекеменшік мектепте оқитын оқушылар саны өткен жылы 170 мыңнан асты.Ал мемлекет меншігіндегі мектептер керісінше азаюда. Мысалы, 2016-2023 жылдар аралығында 81 мектепке дейін қысқарған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет меншігіндегі мектеп саны 6 909-ға жеткен.
Жақында құрбымның жұмыс орнына барғанмын. Қаладағы жеке мектепте мұғалім болып жасайтын ол көп уақытын білім беру мекемесінде өткізеді. Әрдайым түрлі ойындар мен қызықты көрнеліктер ұйымдастырумен жүргенін көремін. Бірде реті келіп «Жұмыс істейтін мектебіңдегі оқушылар жылына қанша ақшаға оқиды?» деп сұрағанмын. «Ай сайын әр оқушыдан 70 мың көлемінде қаржы алынады» деді. Иә, бұл біздің аудан үшін таңсық мектеп ережесі болғанымен, үлкен қалаларда, облыс орталықтарында жеке мектептер ата-аналар мен оқушылар үшін тартымды білім ордаларының бірі ретінде қалыптасып келеді. Дегенмен олар білім жүйесінде жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, кейбір мәселелерді де тудырады. Қазіргі таңда жеке мектептердің оң және теріс жақтарын зерттеу – осы салада әрі қарай даму үшін маңызды.
Алғашқы ұмтылыс
Қазақстандағы жеке мектептер ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап дами бастады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен қатар, білім беру саласында да жаңашылдықтар орын алып, олардың қалыптасуына мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығы мен оқу сапасына деген халықтың сұранысы негіз болды. Ата-аналар балаларын әрі заманауи білім беретін оқу орындарына оқытуға мүдделі болды.
Бүгінде жекеменшік мектептердің дамуын 3 кезеңге бөліп қарастырамыз. 1990 жылдар – Жекеменшік мектептердің алғашқы кезеңі. Бұл кезеңде мектептер аз болды және көбінесе шетелдік стандарттарға сәйкес жұмыс істеді. Бастапқыда тек ірі қалаларда ашылды. Кейін 2000 жылдары жеке мектептер саны арта бастады. Оқу барысында инновациялар мен халықаралық бағдарламаларды енгізу үрдісі басталды. Мұндай мектептерде ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, IT технологиялар, кәсіпкерлік негіздері сияқты пәндер қосылды. Ал 2010 жылдардан бастап білім берудің түрлі бағыттарын ұсына бастады. Мемлекет те бұл секторды қолдап, лицензиялау, аккредитациялау сияқты рәсімдерді оңтайландыруда. Жеке мектептер халықаралық сертификаттарға ие болып, кейбіреулері әлемдік деңгейдегі білім бағдарламаларын (IB, Cambridge, т.б.) қолдана бастады.
2024 жылы Қазақстанда жеке мектептердің саны 500-ден асып, жыл сайын өсіп келеді. Олар қалаларда, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты ірі өңірлерде шоғырланған. Бұл мектептер әртүрлі білім беру бағдарламаларын ұсынады, ал ата-аналар балаларын дәстүрлі емес, бірақ сапалы біліммен қамтамасыз етуге ұмтылады.
 Сапа салмағы
Жеке мектептердің дамуындағы негізгі артықшылықтарды оқушыға бағытталған білім беру тәсілі, заманауи әдістер, көптілділік пен ата-анамен тығыз байланыс секілді бірнеше аспект бойынша қарастыруға болады.
Онда көбіне сыныптар шағын болып келеді. Бұл оқушылардың жеке қабілеттерін ескеріп, әр балаға ерекше назар аударуға мүмкіндік береді. Мысалы, көбіне сыныпта тек 10-12 оқушы болады, бұл олардың оқытуды тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Мұндай жағдайларда оқушы өзіне сенімділікпен білім алады және мұғаліммен тығыз қарым-қатынас орнатады.
Халықаралық стандарттарға негізделген заманауи әдістер мен жаңа технологиялардың кеңінен қолданылу аясы бөлек әңгіме. Мәселен, кейбір мектептерде STEM, креативті ойлау, IT, робототехника сияқты салаларды қамтитын курстар бар. Бұл пәндер арқылы оқушылар қазіргі заманға сай білім алып, болашақ мамандықтарға ерте бастан дайындалады.
Тағы бір артықшылығы – көптеген жеке мектептерде ағылшын, француз, неміс және қытай тілдерін оқытуға ерекше көңіл бөлінуі. Тіпті кей мектептерде барлық пәндер ағылшын тілінде өтеді, бұл оқушыларға ерте жастан бастап халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік береді.
– Мен 6 сыныпта ата-анамның айтуымен оқуымды ауыстырдым. Әкем өзінің ізін жалғап, дәрігер болуымды қалап, мені жаратылыстану бағытындағы арнайы сыныпқа оқуға түсірді. Алғашқы уақытта қиын болғанымен, мектеп бітірген кезде 4 тілді еркін меңгеріп шықтым. Және шетелдің 2 ЖОО-нан грант жеңіп алуға мүмкіндігім болды. Әйтсе де отбасылық жағдайға байланысты Қазақстанда білім алып, жұмыс жасаудамын, – дейді NIS International School түлегі Арайлым Ахметова.
Және ата-аналармен тығыз байланыс та жеке мектептің артықшылығының бірі. Мектептерде тұрақты түрде кездесулер өткізіліп, баланың үлгерімі мен даму деңгейі туралы жиі ақпарат беріледі. Бұл оқушының оқу процесін бақылауға және қажет болған жағдайда көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
 Оқудағы олқылық
Дегенмен, жеке мектептердің бірқатар өзіндік қиындықтары мен кемшіліктері де бар, оларды ескермеу мүмкін емес.
Ең алғашқысы, әрине, қымбатшылық пен теңсіздік мәселесі. Жеке мектептердегі оқу ақысы көбіне жоғары, бұл тек ауқатты отбасыларға ғана қолжетімді. Ол білім саласындағы теңсіздікті күшейтіп, қарапайым отбасының баласына сапалы білімді қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Осылайша, тек дәулетті отбасы балаларына ғана жақсы білім алу мүмкіндігі туады.
Екіншіден, білім сапасының әркелкілігі де байқалады. Бірқатар мектептер жоғары деңгейде білім берсе, кейбіреулері сапа талаптарына сай келмейді. Мұның себебі – жеке мектептерде әртүрлі білім беру бағдарламалары мен әдістерінің қолданылуы. Қадағалау тетіктерінің болмауы кейбір мектептерде білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі мектептердің жұмысын толықтай мемлекет тарапынан қадағаланбауына әкеліп соғады. Бұл жағдайда олардың кейбірі тек коммерциялық пайда табу мақсатында ашылып, оқыту сапасына аса көңіл бөлмеуі мүмкін. Бұл турада Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында депутат Мархабат Жайымбетов өз ойын ортаға салды:
– Дұрыс жұмыс істемейтін жеке балабақшаларға, мектеп пен артспортқа қаржы бөлуінде мәселе бар. Бұл дегеніміз олардың қызметі ашық емес екендігінде күмән келтіреді. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді.
Қызылорда облысының әкімі «Face ID» жүйесін енгізгелі бері 18 млрд.теңге қаражат үнемдеген. Бұны тек бір облыс енгізіп отыр. Қалған басқа облыстарды енгізсек 100 деген млрд. үнемдейміз. Неге ол қаражатты балдардың сапалы ілім мен білім алуына жұмсамаймыз?
Бізге ең басты мақсат баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Қазір мемлекеттік органдар ғимараттардың кіре берісінде, қажет десеңіз үйдегі подъездерге «Face ID» жүйесі бар.
«Face ID» жүйесін балабақша, жекеменшік мектептерге және артспортқа енгізуге не кедергі?
Жекеменшік балабақшалар, сондай-ақ мектептердің «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген ұстанымнан аулақ болуы қажет.
Ал білім мен тәрбие беру ісі – бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстасақ екен, – дейді Мәжіліс депутаты. Сонымен қатар, жеке мектептердің дені ұлттық құндылықтарды ескермей, тек халықаралық бағдарламаға ғана сүйенуі де қауіпті.
Және тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік бейімделу мәселелері. Жеке мектепте білім алған балалар қоғамдағы әлеуметтік жағдайдан алшақ қалуы мүмкін, себебі мұндай мектептерде көбіне бірдей әлеуметтік топтағы оқушылар шоғырланған. Бұл кейбір балалардың әлеуметтік бейімделуіне кері әсер етуі ықтимал.
Өңір жағдайы қалай?
Қызылорда облысында соңғы жылдары жекеменшік мектептердің саны артып келеді, бұл ата-аналар мен оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндіктер ұсынады. Жекеменшік мектептердің көпшілігі облыс орталығында орналасқан және заманауи бағдарламалар мен қосымша білім беру қызметін атқарады.
Олардың ішіндегі ең танымалдары ретінде Білім-Инновация лицейін, «Galaxy School», «Дарын» жекеменшік мектебін атауға болады.
Саны әлі де шектеулі болса да, мектептердің ашылуы аймақтағы білім беру сапасын көтеруге ықпал етуде. Мұндай мектептер оқушыларға стандартты білім беру жүйесінен тыс жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Бұл ата-аналардың жеке оқу орындарына деген қызығушылығын арттыруда.
Ал Арал қаласындағы жекеменшік білім беру орындары енді ғана дамып келеді. Дегенмен, соңғы жылдары өңірде білім сапасын жақсартуға және ата-аналар мен оқушыларға балама оқу мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр.
Арал қаласындағы негізгі жеке білім беру орындары көбінесе дайындық орталықтары мен шағын оқу кешендерінен тұрады. Олардың кейбіреулері бастауыш және орта сыныптарға арналған курстар мен арнайы пәндер бойынша тереңдетілген сабақтар өткізеді. Оның ішінде, «Умка», «IQ», «Ғибрат», «Зейін» оқу орталықтарын ерекше атап өтуге болады.
Жеке мектептер жоқ болғандықтан, көптеген ата-аналар балаларын білім сапасы жоғары мектептерге немесе Қызылорда қаласына апарып оқытуға тырысады. Бұл жөнінде:
– Біздің ауданда жекеменшік мектептер жоқ, бірақ таныстарымнан олардың баланың білім алуына үлкен мүмкіндік беретінін естіп, өзім де қызығамын. Ақылы мектептерде білім сапасы жоғары, балаларға жеке көңіл бөлінеді, шет тілдерін тереңдетіп оқытады. Мұндай мектептерде баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, қазіргі заман талаптарына сай білім беріледі. Әрине, оқу ақысы жоғары болуы мүмкін, бірақ егер бұл баланың болашағына пайдалы болса, жақсы инвестиция деп білемін. Сондықтан жақын жерден жекеменшік мектеп ашылса, балаларымды сөзсіз сонда оқытар едім, – дейді Әлия ханым.
Бүгінде Арал ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 48 мектеп бар, оның ішінде 39-ы орта мектеп. Сондай-ақ, 3 бастауыш, 6 негізгі білім ұясы шәкірттерге дәріс беріп отыр. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында қаладан 2, Сексеуіл мен Жақсықылыш кенттерінен де соңғы үлгідегі мектептер салу жоспарланған.
– Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жылма-жыл заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылып, ақпараттық панельді тақталармен жаңғыртылып келеді. 77 жаңа үлгідегі пән кабинеттері (25 мектепте физика, 26 мектепте биология, 26 мектепте химия) болса, ағымдағы жылы 10 мектеп (3 химия, 1 физика, 1 биология, 5-СТЕМ) пән кабинеттерімен қамтылады деп жоспарланып отыр. Қаладағы 7 мектепке 70 интерактивті панельді тақта қондырылды. Қазіргі таңда аудандағы 16 мектептің интернет жылдамдығы 300 мбит/сек. көтеріліп, «Старлинк» жобасымен жұмыс істеуде, – дейді білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Алдағы уақытта білім беру саласындағы реформалар мен мемлекеттік қолдаулар қалада бұл бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.
 Айырмашылық неде?
Жеке мектептер мен мемлекеттік мектептер арасындағы басты айырмашылық – оқу бағдарламасы, әдістері және оқу ортасы. Жеке мектептерде таңдау еркіндігі кеңірек, ата-аналар балаларының қызығушылықтарына сәйкес бағдарламаны таңдай алады. Сонымен қатар, жеке мектептерде тәртіп жүйесі, бағалау әдісі, оқыту тәсілдері де әртүрлі болуы мүмкін. Бұл ата-аналар мен оқушылар үшін үлкен мүмкіндік бергенімен, кейбір жағдайларда мемлекеттің білім беру стандарттарымен сәйкес келмейді.
Осы орайда, мәселені жиі көтеріп жүрген математик-ғалым Асқар Жұмаділдаевтың пікіріне сүйенсек, еліміздің білім кеңістігінде жоғары рейтингтегі Жәутіков атындағы физика-математика, Назарбаев зияткерлік мектептері, қазақ-түрік лицейі тәжірибесін қарапайым мектептерге енгізген жөн. Өйткені аталған мектептер сапалы білімі, олимпиадалық көрсеткіштерімен алда келеді.
– Аудандық жерлерде жыл сайын жоғары көрсеткішке ие болып жүрген мектептерді қаржыландыруды ұлғайтып, егер көрсеткіші төмен болып қалған жағдайда қаржыландыруды өзгеріссіз қалдыру мақсатындағы тәжірибені енгізу де – білім сапасына әсер ететін факторлардың бірі. Жалпы, елімізде жекеменшік мектептер санының көп болғаны жақсы үрдіс. Ең бастысы, олар елдің болашағына қызмет етіп, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылса болғаны, – дейді А.Жұмаділдаев.
 
Қорытынды: Қазақстандағы жеке мектептердің дамуы білім беру саласына жаңашылдық әкелді. Олар оқыту әдістерін жаңартып, бәсекелестік туғызды, мұғалімдер мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасады. Дегенмен, бұл тек жақсы жақтармен шектелмейді. Жеке мектептердегі жоғары оқу ақысы білім саласындағы теңсіздікті күшейтеді, ал мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі білім сапасының біркелкі болмауына әкеледі.
Жеке мектептердің дамуы мен мемлекеттік мектептердің сапасын жақсарту мақсатында, мемлекет тарапынан белгілі бір шаралар қолға алынса, білім саласындағы бұл жүйе балалардың білім сапасын арттыруға үлкен үлес қосары анық. Еліміздегі білім беру жүйесін жақсарту үшін жеке және мемлекеттік мектептер бір-бірімен өзара тығыз байланыста болып, балаларға лайықты, әділ және қолжетімді білім беру жолында қызмет етуі маңызды.

Гүлмарал САҚТАПОВА
11 қараша 2024 ж. 481 0