Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жекеменшік мектептер: білім бе, бизнес пе?

Жекеменшік мектептер: білім бе, бизнес пе?

Білімді халық – бәсекеге қабілетті мемлекеттің кепілі. Бүгінгі ұрпақ Марк Цукерберк, Стив Джобс секілді миллиардерлердің арқасында атаңнан қалған малың болса да, білімнің күшімен жетістікке жете алатындарын түсінген. Америка, Жапония, Англия, Финляндия секілді дамыған мемлекеттер білім саласындағы олқылықтарды мыңдаған жылдар бойы зерттеп, бүгінде жоғарғы деңгейге қол жеткізген. Қазақстанда тарихи түрде орталықтандырылған білім беру жүйесі қалыптасқан, оның барлық стандарттары мен бағдарламалары Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігімен бекітілген.
Кейбір елдерде, мысалы Америка Құрама Штаттарында орталықсыздандыру принципі жұмыс істейді және әр штатта білім беру тәсілдері аймаққа байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Оксфорд университеті білім алушыларына құшағын кеңінен жайып, есігін айқара ашқан кезде Қазақстанның жерінде Қыпшақ хандығы билік құрған еді. Сол себептен батыс демей, оқу ағарту саласында шетелдің білікті мамандарынан кеңес алып, тәжірибе алмасу өте маңызды. Қазақстанда бірнеше жылдан бері маңызды мәселеге айналған білім сапасын жоғарылату үшін көптеген жобалар жүзеге асырылып, мемлекеттің тапсырмасымен жаңа технологиялармен жабдықталған мектептер салынуда. Дегенмен жаңа оқу жылы басталса ата-аналар білім ордаларындағы орын шектеулігінен қиналып, мектептердің табалдырығын тоздырады. Елімізде оқушыларға 250 мыңнан астам орын жетіспейді. Бұл көрсеткіш үш жылда 1 миллионнан асады деген болжам бар. Сол себепті Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын да қолдау көрсетуге бел буды. Ресми мәліметтерге назар аударсақ, Респуб-ликада 563 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 161-інде қазақша, 104-інде орысша, 298-інде аралас тілде білім беріледі. Жекеменшік мектептер білім алуға қажетті құралдармен жабдықталған, қосымша сабақтар мен демалыс орындарымен қамтылған. Жекенменшік мектептерді жұмысбасты ата-аналар қолдайды. Себебі қалада баланы қараусыз, жалғыз қалдыру өте қауіпті. Ал жекеменшік мектеп таңнан кешке дейін оқушыларды түрлі сабақтарға қатыстырып, ата-анаға сенім мен балаға қауіпсіздік сыйлайды дейді. Сондай-ақ білім сапасының жоғары болғандығы мен білікті мамандардың жинақталуы жекеменшік мектептердің дәрежесін көтеруде.
Иә, бүгінде мемлекеттік білім ордаларында оқу сапасын жақсарту басты мақсатқа айналды. Алдағы екі жыл ішінде елімізде «Жай¬лы мектеп» ұлттық жобасы аясында 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп салынбақ. Биылдың өзінде 200-ден астам мектеп бой көтереді деп жоспарланып отыр. Дегенмен білім саласындағы мәселені шешудің жолы зәулім мектептерді салумен шектелмейді. Оқушылардың қажеттіліктерін саралай отырып, білім саласындағы басты назарды білікті басшы мен сауатты мұғалімдерді даярлауға жұмсау керек. Отандық сарапшылардың пікірінше, жекеменшік мектептердің көптеп ашылуы бизнес жасаудың жаңа түріне айналуы мүмкін. Білімге бизнес ретінде қарамайтын тұлғалар жоғары білімді қалыптастырады. Сондықтан сала мамандары білім ордаларының заң талабына сай келетіндігін қатаң қадағалап, оқушылардың білім деңгейінің төмендемеуін жіті бақылауы керек дейді. Сондай-ақ жекеменшік мектептегі оқушыларды мемлекеттік білім ордаларындағы оқушылармен бірге түрлі жарыстарға қатыстырар болса, білім алмасып, ой өрістерін кеңейтеді. Біздің білім берудегі басты мақсатымыз жекеменшік және мемлекеттік мектеп деп бөліп қарау емес, жас ұрпақтың білікті маман болып өсуі. Оқу орындарының арасындағы бәсекелестіктің орнына оның мұғалімдер мен оқушылар үшін жасалған жаңа мүмкіндіктер екенін түсініп, еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ұмытпауымыз қажет.
Айшабибі ТӨЛЕГЕН
17 ақпан 2024 ж. 269 0