Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бәсекеге қабілеттілік білім беруден басталады

Бәсекеге қабілеттілік білім беруден басталады

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін және өзі қызмет ететін мектебін шексіз сүйетін адам.
Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Сондықтан болар нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар да соған сай бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби және әдістемелік жұмыстағы шеберлігі болып отыр.
Расында білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік – экономикалық дамуында жетекші рөл атқарады және оны айқындай түседі. Ал қазақ мектебінің бүгіні мен ертеңі, оқушылардың білімділік және тәрбиелік деңгейі шешуші дәрежеде мұғалімге, ата-анаға және қоғам қауымдастығына жүргізілген жұмыстарға, ізденіске байланысты.
Ал білім беру деңгейі бүгінгі таңда – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің бастау көзі, мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім беру саласында кенже болып қалу елдің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлт болашағына және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Білім беру сапасы Білім беру стандарттарына тікелей тәуелді болады. Себебі осы стандарттың негізінде оқу бағдарламалары жазылып, сол негізде оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдар кешені жасалады, яғни білімнің негізі қаланады. Сонымен қатар баланың тұлғалық дамуының негізгі параметрлері оның жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасуы мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері болып табылады деп қарастыруға болады.
Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі және басты мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы – мектеп, ал мектептің жаны – мұғалімдердің ең басты міндеті – өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлей білетін және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Тұлға тәрбиелеуде тек мектептегі негізгі пәндердің ғана емес, көпшілікке тіпті елеусіз көрінетін көркем еңбек пәнінің де маңызы аса зор. Бұл пән қай уақыттан да оқушыны еңбекке тәрбиелеудің құралы болып саналады. Расында бала қарапайым дүниелерді өз қолымен жасап шығу, оның жасалу әдісін үйренуден бастап болашақты алдына мақсат құруды да меңгереді. Сондай-ақ шыдамдылық пен төзімді бойына сіңіріп, әр заттың жасалуын үйреніп, оның қандай еңбекпен істелгенін көзімен көрген бала ғана оларды қадірлеуді де біліп өседі.
Сондықтан әр пән мұғалімі оқушыға тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, болашағына жол сілтейтінін сезіне алу керек. Білім саласындағы бәсекеге қабілеттілік сонда ғана өз нәтижесін беріп, тәуелсіз еліміздің әлемдік білім бәсінде тұғыры биік болады.
Әбіл ИСАТАЙ,
№60 Ж.Түменбаев атындағы мектептің мұғалімі
16 қазан 2021 ж. 5 674 0