Жаңартылған білім беру – жаңашылдық
Тәуелсіз елдің негізгі тірегі – білімді ұрпақ. Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы туды. Сондықтан мемлекет болашағының кепілі – жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі болып отыр. Қазақтың кемел, талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», – дегені бүгінде барлық ұстаздың жадында сақталып, ұранына айналып кеткен.
Міне, мемлекеттік бұл саясат әлі күнге күн тәртібінен түспей, білім мен ғылымды жан-жақты дамытып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің ерекше үлгісін қарастырып, осы сала төңірегінде түрлі реформалар жасалып келеді.
Барлық реформалардың міндеті білім берудің стратегиялық мақсатын өз жауапкершілігін сезіне алатын, өздігінен әрекет етуге және әрекетінің шешімін таба білуге қабілетті, барлық істе сауатты тұлғаны оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз ету болып табылады. Отандық және әлемдік тәжірибелерде қалыптасып, өзінің оң нәтижесін көрсетіп келе жатқан білім мазмұнының негізгі құрылымын, жобасын жүзеге асыруда қолданылатын жаңа педагогикалық технология арқылы жету көзделеді.
Білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттерінің бірі болып саналатын жастарға терең білім беру жолында жаңа технологиялардың пайдасы өте көп болмақ. Әуелі оқу-тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып, өз бетімен ізденуге, шығармашылықпен еңбек етуге жол салады. Ал талап пен талпыныс бар жерде қашан да жетістіктің ауылы алыс болмайды. Ал мектеп қабырғасынан-ақ жетістікке жетудің жолын біліп өскен оқушы, болашақта да биікті бағындырып, ел дамуына өзіндік үлесін қосатыны даусыз.
Бірақ бұл алгоритм оқушылардың өздігінен дамуына кепілдік бермейтіні белгілі. Қашан да табысты шәкірттің артында білікті ұстаз тұрады емес пе?! Сондықтан білім саласындағы жаңашылдық мұғалімдерге де талапты арттырып отыр. Мәселен, ұстаздық еткен әрбір осы саланың иесі терең де жүйелі білім және әдістемелік тәсілдерді жетік меңгерген болуы тиіс. Пәндерді оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сабақты қызғылықты да тартымды өткізу қажет. Осының барлығы оқытушының шеберлігіне келіп тіреледі.
Қoғaм дaмығaн сaйын, бaрлық құрылым бiргe дaмиды.
Сондықтан біз де жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында өз қолтаңбамызды қалдырып, еңбегіміздің ақталғанын көруге тиістіміз.
Құралай Удербаева,
№220 орта мектебінің мұғалімі