Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушыларға сапасы күмәнді, арзан тамақ беруге жол бермейміз – Тоқаев

Оқушыларға сапасы күмәнді, арзан тамақ беруге жол бермейміз – Тоқаев

Президенттің айтуынша, асханадағы тағамдар өсіп келе жатқан ағзаны барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуі керек.
Жаңа оқу жылы басталған сәттен елімізде білім жүйесіне байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Осы ретте Президент мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән беру қажет екенін ерекше атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Мәселен, мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылады. Алайда мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән берген жөн. Жақында Маңғыстау облысында балалар астан уланды. Бұл оқиғаның қоғамда қызу талқылануы орынды. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керек. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Бірақ мәселенің мәні тым тереңде жатыр. Оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақтандыра алмаймыз. Балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылғанымыз дұрыс. Асханадағы тағамдар өсіп келе жатқан ағзаны барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуі керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Құзырлы мекемелер мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын көтеру мәселесімен мұқият айналысуы қажет. Мектептерде дұрыс тамақтандыру мәдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркәсіп кешені білім беру орындарының серіктесіне айналғаны жөн, – деп атап өтті Президент.

16 қараша 2024 ж. 50 0