Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаның алдын алу шаралары

Қызылшаның алдын алу шаралары

Қызылша  – ауа-тамшы жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Ауру қоздырғыштары  ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады.  Бұрын қызылшамен ауырмаған және осы ауруға қарсы егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтырып, ауырып қалу  қаупі өте жоғары.
Ауру көзі -тек науқас адам, яғни жұқпа  ауру адамнан сау адамға жұғады. Қызылшамен  балалармен қатар ересектер де  ауырады,яғни адам өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.
Аурудың белгілері:  дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады.  Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы  ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін, кей жағдайда 21 күнге дейін  созылады. 
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқынып құлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.
Қызылша ауруының тіркелу деңгейі  республика бойынша  «тұрақсыз» жағдайда қалыптасып отыр. 2023 жылдың 10 айында қызылшамен 7748  адам ауырып, 6471 -і 14 жасқа дейінгі балаларды құраса, 2024 жылдың 10 айында 27917 жағдай тіркеліп, оның 19755-і 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болды.  Облыс бойынша 2023 жылдың 9 айында қызылшамен 363  адам ауырып, 302 -і 14 жасқа дейінгі балаларды құраса,  2024 жылдың 10 айында 1157 жағдай тіркеліп, оның 1364-і 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болды. Аудан тұрғындары арасында, оның ішінде балалар арасында жыл басынан бері біршама азайып, эпидемиологиялық ахуал «тұрақты»  жағдайда қалыптасты. Жалпы аудан бойынша жыл басынан бері қызылшаның лабораториялық жолмен нақтыланған түрімен 74 жағдай тіркеліп, оның 65-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Соңғы 6 ай шамасында ауданда қызылша ауруы тіркелген жоқ.
Қызылша ауруымен науқастанушылардың басым бөлігін осы жұқпаға қарсы егуге жасы толмаған 1 жасқа дейінгі балалар  және түрлі себептермен кезінде қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар құрап отыр.      
Алдын алу шаралары:  
Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату.  Ауру тіркелген жағдайда науқас  ошағында  жақын байланыста болған  30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да   қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға  қарсы егілуі тиіс. Аурудың алдын алуда қызылшаға қарсы екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.

А.Балшамбаева
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық  бақылау
басқармасының  басшысының м.а
22 қараша 2024 ж. 70 0