Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша ауруының алдын алу маңызды

Қызылша ауруының алдын алу маңызды

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның  алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
     Сұрақ: Қызылша ауруының тіркелу деңгейі соңғы кездері  біршама төмендеп, жағдай тұрақтанған тәрізді, жалпы республика, облыс,аудан  бойынша аурудың тіркелу деңгейі  қалай қалыптасып отыр, сол жөнінде айтып өтсеңіз   ?
     Жауап: Қызылша ауруы аудан көлемінде соңғы 6 ай шамасында тіркелмегенмен, республика бойынша қызылша ауруынан  эпидемиологиялық ахуалы әлі де болса тұрақсыз жағдайда қалыптасып отырғанына тоқталғым келеді.  Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша  2023 жылдың 9 айында қызылшамен 7748  адам ауырып, 6471 -і 14 жасқа дейінгі балаларды құраса, 2024 жылдың 9 айында 27917 жағдай тіркеліп, оның 19755-і 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болды.  Облыс бойынша 2023 жылдың 9 айында қызылшамен 363  адам ауырып, 302 -і 14 жасқа дейінгі балаларды құраса,  2024 жылдың 9 айында 1157 жағдай тіркеліп, оның 1364-і 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болды. Аудан тұрғындары арасында, оның ішінде балалар арасында жыл басынан бері біршама азайып, эпидемиологиялық ахуал «тұрақты»  жағдайда қалыптасты. Жалпы аудан бойынша жыл басынан бері қызылшаның лабораториялық жолмен нақтыланған түрімен 74 жағдай тіркеліп, оның 65-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды.
Сұрақ: Қазірауа райының салқындауына байланысты халық арасында салқын тию белгілерімен  ауырып, дәрігерге көрініп, үй жағдайында немесе ауруханалық жағдайда емделіп жатқандар саны көбейетінін білеміз. Қызылша ауруының да алғашқы белгілері салқын тию белгілеріне ұқсас, осыған байланысты науқастанған адамдар көбінесе өздерінің қызылшамен ауырып қалғанын білмейді. Сондықтан адам өзінің   қызылшамен ауырғанын қалай білуге болады, қандай белгілерге мән беру керек, сол туралы айтсаңыз?
  Жауап: Қызылша  ауру қоздырғыштары  ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. 
         Аурудың белгілері: бастапқы кезде салқын тию белгілері болады,  дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады.  Одан кейін қызылшаның негізгі белгілері пайда болады, науқастың ауырғанына 2-4  күн болғанда ауыздың шырышты қабығында ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жабады . Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы  ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін, кей жағдайда 21 күнге дейін  созылады. Салқын тиюдің  алғашқы белгілері  пайда болғаннан бастап-ақ науқас дәрігерге көрініп, тиісті емдерін алуы тиіс, ем неғұрлым ерте басталса, науқастың айығуы да тез болады.    
Сұрақ: Қызылша ауруының алдын алу шаралары жөнінде тұрғындардың тағы да естеріне сала кетсеңіз?
Жауап: Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату.  Ауру тіркелген жағдайда науқас  ошағында  жақын байланыста болған  30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да   қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға  қарсы егілуі тиіс.  Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында  қызылша ауруына қарсы тұру  қабілеті қалыптасып, бұл балалар қызылша ауруынан қорғалады. 
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан К. ЗДЕНОВА
24 қазан 2024 ж. 141 0