Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу шаралары

Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу шаралары

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның  алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
     Сұрақ: Қызылша ауруының тіркелу деңгейі  аудан бойынша қандай шамада, сол жөнінде айтсаңыз?
     Жауап: Қызылша ауруы аудан көлемінде соңғы 3 ай шамасында тіркелмегенмен, республика бойынша қызылша ауруынан  эпидемиологиялық ахуалы әлі де болса тұрақсыз жағдайда қалыптасып отырғанына тоқталғым келеді.  Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ,  2023 жылдың 8 айында республика тұрғындары арасында қызылша ауруының 4445 жағдайы тіркеліп, оның  3689-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 2024 жылдың осы мерзімінде  жұқпаның 27856 жағдайы тіркеліп, оның  19705-і 14 жасқа дейінгі  балалар арасында  орын алған . Қызылорда облысы бойынша 2023 жылдың 8 айында 153 жағдай тіркеліп, 128-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген.  Аудан тұрғындары арасында 2023 жылдың осы мерзімінде 11 жағдай тіркелсе, үстіміздегі жылдың 8 айында 74 жағдай тіркеліп, оның 65-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Дегенмен ауданда тіркелген қызылша ауруын  айлар өсімімен талдайтын болсақ, жыл басынан бері біршама   азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанын байқауға болады. Атап айтқанда, қызылша ауруының нақтыланған түрімен үстіміздегі жылдың қаңтар айында  16 жағдай тіркеліп, оның 14 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар болса, ақпан айында  27 жағдай тіркеліп, оның 26-ы 14 жасқа дейінгі балалар  болды ,наурыз айында  тіркелген 15 жағдайдың 14-і, сәуір айында   тіркелген  7  жағдайдың 6-ы , мамыр айында тіркелген 8  жағдайдың 6-ы  14 жасқа дейінгі  балалар үлесінде. Маусым, шілде, тамыз айларында ауру  тіркелген жоқ.
Сұрақ: Қызылша ауруының белгілері туралы, қалай басталады, науқас қандай белгілерге мән беру керек, сол жөнінде қысқаша мәлімет берсеңіз?
Жауап: Қызылша- ауа арқылы жұғатын, кең таралған жіті инфекциялық жұқпалы ауру. Бастапқы кезде ауру тұмаудың белгілерімен басталады, яғни 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады. Осындай белгілерге  мән бермей көп жағдайда науқастар өздігімен емделіп, дәрігерге уақытылы көрінбей ауруларын асқындырып алады. Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқыныпқұлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін.
Қызылшаның негізгі белгілері кезінде науқаста  2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы  ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін,кей жағдайда 21 күнге дейін  созылады. 
Қызылшамен  балалармен қатар ересектер де  ауыратынын есте сақтаған жөн. Ауру көзі тек науқас адам болып табылады, яғни ауру адамнан сау адамға жұғады. Ауру қоздырғыштары  ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады.  Соның салдарынан  бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де  екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.           
Сұрақ: Қызылша ауруының алдын алу шаралары жөнінде тұрғындардың тағы да естеріне сала кетсеңіз...
Жауап: Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату.  Ауру тіркелген жағдайда науқас  ошағында  жақын байланыста болған  30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да   қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға  қарсы егілуі тиіс.  Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында  қызылша ауруына қарсы тұру  қабілеті қалыптасып, бұл балалар қызылша ауруынан қорғалады. 
        
Сұхбатыңызға рахмет !
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА
        
 
19 қыркүйек 2024 ж. 126 0