Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда қызылша ауруының тіркелу деңгейі қандай?

Ауданда қызылша ауруының тіркелу деңгейі қандай?

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Қызылшаның алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
Сұрақ: Сұхбат барысында аудан көлемінде қызылша ауруының жағдайына тоқталсаңыз ?
Жауап: Қызылша ауруының тіркелу деңгейі аудан тұрғындары арасында, оның ішінде балалар арасында жыл басынан бері біршама азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Қызылша ауруының нақтыланған түрімен үстіміздегі жылдың қаңтар айында 16 жағдай тіркеліп, оның 14 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар болса, ақпан айында -27 жағдай тіркеліп, оның 23 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды ,наурыз айында -15 жағдай тіркелсе,оның 14-і балалар арасында, ал сәуір айында тіркелген 7 жағдайдың 6-ы
14 жасқа дейінгі балаларды құрады, мамыр айының 01-17-ші жұлдызы аралығында қызылша ауруының 3 жағдайы тіркелді,барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Талдауда көрсетілгендей ауру саны едеуір төмендеді.
Сұрақ : Қызылшамен негізінен қандай жастағы адамдар ауыруда?
Жауап: Қызылша ауруымен науқастанушылардың басым бөлігін осы жұқпаға қарсы егуге жасы толмаған 1 жасқа дейінгі балалар және түрлі себептермен кезінде қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар құрап отыр. Соңғы айларда ересектер арасында ауру тіркелмеді, жасөспірімдердің науқастануы біршама азайды. Дегенмен әлі де болса қызылша ауруының тіркелуі күніне 1-2 жағдайдан болса да тоқтаған жоқ.
Сұрақ: Осыған байланысты қызылша ауруынан сақтандыру мақсатында аудан тұрғындарына қызылша ауруының қауіптілігі туралы қысқаша ақпарат беріп өтсеңіз ?
Жауап:Қызылша ауруы- ауа-тамшы жолымен берілетін, кең таралған жіті инфекциялық жұқпалы ауру. Қызылшамен балалармен қатар ересектер де ауырады.
Ауру көзі тек науқас адам болып табылады, яғни ауру адамнан сау адамға жұғады. Ауру қоздырғыштары ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. Соның салдарынан бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқынып құлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.
Сұрақ:Қызылшаның қауіптілігін біле тұрып, тұрғындар арасында бала денсаулығына немқұрайлы қарайтын ата-аналар бар екендігі жасырын емес. Осындай ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? 
Жауап: Қызылша ауруының алдын алу шарасының ең тиімді жолы-осы жұқпаға қарсы ектіру екенін есте сақтап, баланы жастарына сәйкес, уақытылы ектірсе, осы аурудан қорғай алатындығын, баланың ауырмай, дені сау боп өсуіне әрбір ата-ана жауапты екенін айтқым келеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына байланысты республика бойынша 1 жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, осы жастағы балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында қосымша жаппай иммундау жұмысының ұйымдастырылып жүргізілуі де балалар арасында қызылша ауруын азайтуға көп әсерін тигізуде, қазіргі таңда бұл шара одан әрі жалғасуда. Ауданымыз бойынша белгілі бір контингенттегі адамдарды қызылшаға қарсы егуге 7419 адам жоспарланса, бүгінгі таңда 7470 адам егілді, яғни 100,6 пайыз, оның ішінде 6 ай-11 ай аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы егуге 1125 бала жоспарланған болатын, бүгінгі таңда 1113 бала егілді, яғни 98,9 пайыз, 2-5 жас аралығындағы жоспарланған 5250 баланың егілгені-5264,яғни 100,2 пайыз, медицина қызметкерлері жоспар-297, орындалғаны-297, яғни 100 пайыз, толықтыра иммундау жоспары бойынша 747 адам, егілгені-979, яғни 131,0 пайызға орындалды. 
Сұхбат соңында ата-аналарға айтқым келетіні, егер Сізде, жақыныңызда немесе балаңызда қызылшаның төменде көрсетілгендей белгілері болатын болса, яғни, -катаралды құбылыстармен (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) байқалып және бөртпе шығып аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралып, жоғарыда аталған ауруларға тексеруден өтіңіз және дәрігердің барлық нұсқауларын орындаңыз: -ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақыртыңыз; -дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеңіз; -жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды немесе сулықты пайдаланып, ауызды және мұрынды жауып, қолды сабынмен жиі жуыңыз; - тыныс алу ағзаларының қорғаныш құралдарын (мысалы, бетперде немесе дәке таңғыш) пайдаланыңыз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан, тілші О. ЖОЛДАСОВ
17 мамыр 2024 ж. 414 0