Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу шаралары

Қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу шаралары

Республика бойынша қызылша ауруынан эпидемиологиялық ахуал әлі де болса тұрақсыз жағдайда қалыптасып отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, 2023 жылдың 8 айында республика тұрғындары арасында қызылша ауруының 4445 жағдайы тіркеліп, оның 3689-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 2024 жылдың осы мерзімінде жұқпаның 27856 жағдайы тіркеліп, оның 19705-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған.
Қызылорда облысы бойынша 2023 жылдың 8 айында 153 жағдай тіркеліп, 128-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Аудан тұрғындары арасында 2023 жылдың осы мерзімінде 11 жағдай тіркелсе, үстіміздегі жылдың 8 айында 74 жағдай тіркеліп, оның 65-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Дегенмен ауданда тіркелген қызылша ауруын айлар өсімімен талдайтын болсақ, жыл басынан бері біршама азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанын байқауға болады.Атап айтқанда, қызылша ауруының нақтыланған түрімен үстіміздегі жылдың қаңтар айында 16 жағдай тіркеліп, оның 14 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар болса, ақпан айында 27 жағдай тіркеліп, оның 26-ы 14 жасқа дейінгі балалар болды, наурыз айында тіркелген 15 жағдайдың 14-і, сәуір айында тіркелген 7 жағдайдың 6-ы , мамыр айында тіркелген 8 жағдайдың 6-ы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Маусым, шілде, тамыз айларында ауру тіркелген жоқ.
Қызылша ауруымен науқастанушылардың басым бөлігін осы жұқпаға қарсы егуге жасы толмаған 1 жасқа дейінгі балалар және түрлі себептермен кезінде қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар құрап отыр.
Қызылша – ауа-тамшы жолымен берілетін, кең таралған жіті инфекциялық жұқпалы ауру. Қызылшамен балалармен қатар ересектер де ауырады. Ауру көзі тек науқас адам болып табылады, яғни ауру адамнан сау адамға жұғады. Ауру қоздырғыштары ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. Соның салдарынан бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Ауру алғашқы кезде суық тию белгілері сияқты басталады, яғни дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу,көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады. Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін,кей жағдайда 21 күнге дейін созылады.
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқынып құлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін.
Алдын алу шаралары :
Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Ауру тіркелген жағдайда науқас ошағында жақын байланыста болған 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға қарсы егілуі тиіс.
Егер Сіз немесе Сіздің балаңыз ауырған жағдайда:
-катаралды құбылыстармен (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) байқалып және бөртпе шығып аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралып, жоғарыда аталған ауруларға тексеруден өтіңіз және дәрігердің барлық нұсқауларын орындаңыз
-ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақыртыңыз
-дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеңіз
-жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды немесе сулықты пайдаланып, ауызды және мұрынды жауып, қолды сабынмен жиі жуыңыз
- тыныс алу ағзаларының қорғаныш құралдарын (мысалы, бетперде немесе дәке таңғыш) пайдаланыңыз.
А.САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы

Сурет: sn.kz
17 қыркүйек 2024 ж. 138 0