Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаның алдын алу шаралары

Қызылшаның алдын алу шаралары

Қызылша ауруының тіркелу деңгейі аудан тұрғындары арасында, оның ішінде балалар арасында жыл басынан бері біршама азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді.Қызылша ауруының нақтыланған түрімен үстіміздегі жылдың қаңтар айында 16 жағдай тіркеліп, оның 14 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар болса, ақпан айында -27/23 ,наурыз айында -15/14 , сәуір айында - 7/6 жағдай тіркелсе, мамыр айының 01-17-ші жұлдызы аралығында қызылша ауруының 3/3 жағдай тіркеліп, ауру көрсеткіші төмендеді.Қызылша ауруымен науқастанушылардың басым бөлігін осы жұқпаға қарсы егуге жасы толмаған 1 жасқа дейінгі балалар және түрлі себептермен кезінде қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар құрап отыр.
Қызылша – ауа-тамшы жолымен берілетін, кең таралған жіті инфекциялық жұқпалы ауру. Қызылшамен балалармен қатар ересектер де ауырады. Ауру көзі тек науқас адам болып табылады, яғни ауру адамнан сау адамға жұғады. Ауру қоздырғыштары ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. Соның салдарынан бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Ауру алғашқы кезде суық тию белгілері сияқты басталады, яғни дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады. Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы
өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін,кей жағдайда 21 күнге дейін созылады.
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқынып құлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.
Алдын алу шаралары :
Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Ауру тіркелген жағдайда науқас ошағында жақын байланыста болған 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға қарсы егілуі тиіс.Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына байланысты республика бойынша қосымша жаппай иммундау жұмысы одан әрі жалғасуда. Арал ауданындағы белгілі бір контингенттегі адамдарды қызылшаға қарсы егу жоспары бойынша 7419 адам қызылшаға қарсы егілу керек болса, бүгінгі таңда 7470 адам егілді, яғни 100,6 пайыз, оның ішінде 6 ай-11 ай аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы егуге 1125 бала жоспарланған болатын, бүгінгі таңда 1113 бала егілді, яғни 98,9 пайыз, 2-5 жас аралығындағы жоспарланған 5250 баланың егілгені-5264,яғни 100,2 пайыз, медицина
қызметкерлері жоспар-297, орындалғаны-297, яғни 100 пайыз, толықтыра иммундау жоспар -747, егілгені-979, яғни 131,0 пайыз.
Егер Сіз немесе Сіздің балаңыз ауырған жағдайда:
-катаралды құбылыстармен (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) байқалып және бөртпе шығып аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралып, жоғарыда аталған ауруларға тексеруден өтіңіз және дәрігердің барлық нұсқауларын орындаңыз;
-ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақыртыңыз
-дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен және басқа адамдармен
байланысты шектеңіз;
-жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды немесе сулықты пайдаланып, ауызды және мұрынды жауып, қолды сабынмен жиі жуыңыз;
- тыныс алу ағзаларының қорғаныш құралдарын (мысалы, бетперде немесе дәке таңғыш) пайдаланыңыз.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 
Фото: ​www.gov.kz​​​
17 мамыр 2024 ж. 326 0