Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құралбек ЖӘЛІМБЕТОВ: ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БОСАҢСЫМАЙДЫ

Құралбек ЖӘЛІМБЕТОВ: ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БОСАҢСЫМАЙДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты.
Білім мен тәжірибенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны жайында көптеп мысал келтіруге болады. Мұндай сабақтастық шын мәнінде өз ісіне берілген кәсіби мамандарды қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы саласында да үлгі тұтатын еңбек әулеттері жетерлік. Несібесін қара жерден айырып отырған ауыл тұрғындары отбасы құндылықтарын ерекше сақтайды. Үлкендердің айтқанына құлақ асып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайды. Мықты фермерлік шаруашылық, әдетте бірнеше ұрпақтың еңбегі арқылы құрылады. Бұл салада табысқа тез жету қиын. Бірақ шаруалар қажырлы еңбек пен төзімнің қайтарымы болатынын жақсы біледі» деп Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына сөйлеген еді.
Соның ішінде Мемлекет басшысы бірнеше жыл бұрын Қазақстан халқына Жолдауы аясында ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттер қойған болатын. Оған қол жеткізу үшін ветеринарлық қызметке аудит және талдау жүргізіліп, ветеринарияны реформалау бойынша шаралар әзірленді және олар сараптамалық қоғамдастықпен, бизнеспен, салалық қауымдастықтармен және мемлекеттік органдармен бірнеше рет талқыланғаны баспасөзде жарияланды. Бұл мәселе әлі күнге өзекті болғандықтан ветеринария саласындағы маңызды мәселелер туралы Арал аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Құралбек Жәлімбетовпен сұхбат құрдық.
– Сала аса ұқыптылық пен ыждақаттылықты талап етеді. Себебі астан дерт те, шипа да келеді. Сол үшін инспекциясының мақсат-міндетін және ветеринариялық сертификаттың берілу тәртібі туралы айтып берсеңіз...
– Ветеринария саласындағы басты міндет – жануарларды аурулардан қорғау және емдеу. Сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Адам мен жануарға ортақ кеселмен күресу.
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде ветеринариялық-санитариялық талаптардың орындалуына, жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикасының сапалы жүргізілуіне өз құзыреті шегінде бақылау және қадағалау жүргізіп келеді.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтер көрсетіп, экспортқа шығарылатын өнімдерге ветеринариялық сертификат береді. Мәселен 2 балық өңдеу зауыты Еуроодақ елдеріне өнімін шығарады, еврономер алынған. 13 балық өңдеу кәсіпорын ЕАЭО Реестріне енгізілген, 2 балық өңдеу кәсіпорыны Қытай Халық Республикасының реестріне енгізіліп, 7 зауыт жұмыс жасап тұр.
Жыл басынан бері аудан көлемінде орналасқан кәсіпорындардан экспортқа шығарылатын 1998,153 тонна балық және балық өнімдеріне 168 ветеринариялық сертификат берілді, оның ішінде 49 сертификат Еуроодақ мемлекеттеріне, қалғаны Ресей, Қырғызстан, Грузия, Қытай мемлекеттеріне шығарылды.
Инспекторлармен жеке және заңды тұлғаларға барлығы 51 айыппұл салынды. Халық арасында ветеринариялық-санитариялық талаптарды түсіндіру бойынша жұмыстарды да жүргізуде.
Айта кетейін, инспекцияда 6 мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор қызмет атқаруда.
– Ветеринария саласындағы өзекті мәселелер қандай?
– Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында, облыс әкімінің 2024-2026 жылдарға арналған индикативтік жоспарына ветеринариялық пункттер, мал сою пункттерін, мал қорымдарын салу және стационарлық инсинераторлар сатып алу енгізілген.
Бұл жоспарға сәйкес, ауданда мал сою пункті салынуы керек. Арал қаласында 1 мал сою пункті жұмыс жасап тұрса, жеке кәсіпкер Б.Көлдеев мал сою пунктінің құрылысын жүргізуде.
Сексеуіл кентінде жеке кәсіпкер Кеңесхан Исматуллаев 2014 жылдары ашқан мал сою алаңы жұмысын 3 жылдан бері тоқтатып тұр, осы нысанды алдағы уақытта мал сою пунктіне айналдыру мәселесі кент әкімі, ауыл тұрғындары алдына ұсынылды.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында «Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 бұйрығы түсіндірілді.
Арал ауданы бойынша 1 ветеринариялық пункт Шижаға ауылында салынуда, келесі жылға 1 ветпункт салу жоспарланса, құрылыстың сапалы жүруіне, уақытылы пайдалануға берілуіне тиісті мекемелер тарапынан бақылау қажет.
– Мал қорымдары бойынша жұмыс мардымсыз екенін білеміз. Себебі ауылдық жерлерде ашық-шашық жатқан, қоршалмаған, тозығы жеткен орындарды жиі көзіміз шалады. Бұл жөнінде нендей жұмыстар атқарылауда?
– Ауданда бюджет есебінен әр жылдары салынған 18 мал қорымы бар. Оның ішінде, 5 мал қорымы бұзылған. Айтап айтсақ Арал, Ақирек, Аманөткел, Қарақұм, Жақсықылыш. Ал 6 ауылдық округте салынбаған. Олар: Мергенсай, Беларан, Құланды, Қосаман, Атанши, Қосжар.
Бұл ауылдарда мал өлексесін ауыл сыртынан шұңқыр қазып, сонда тастауда. Бұл жағдай ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай емес және аурудың таралуына жол ашып отыр: жер асты суларына топырақ арқылы микроорганизмдер енуі, ит-құстың өлексені тартып, ары қарай инфекцияның таралуын жеделдетеді. Сондықтан, типтік жобада, жер асты суларына жанаспайтындай монолит бетонмен құйылған, тасталған өлексенің табиғи биологиялық жолмен ыдырап кетуіне мүмкіндік беретін мал қорымдары салынуы тиіс.
Сапақ, Аралқұм, Қамыстыбас, Аққұм, Бекбауыл мен Жіңішкеқұмдағы 6 мал қорымы әзірге пайдалануға келеді. 7 мал қорымы 2019-2020 жылдары салынған, теңгерімге қабылданбаған. Сазды, Сексеуіл, Жетес би, Райым, Жаңақұрылыс (қоршауы құлаған, ұрланған), Қаратерең (қоршаулар құлаған), Бөген (қоршаулар құлаған).  Қазіргі уақытта комиссия құрылып, теңгерімге алу бойынша жұмыстар жүруде. Аталған орындар ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен ел азаматтарының бірлескен күшімен қайта қалпына келтіріледі.
– Бір жылдары Сібір жарасы елдің зәресін алып, жаға ұстатқан еді. Дерт дендеген қауіпті ошақтардың орны қалай қорғалған?
– Нақтыланған 14 ошақтың координаттары бойынша қоршау, белгі қою, қайта жөңдеуден өткізу жұмыстары аудандық ветеринариялық станция балансында. Кезінде Дәкі, Күршектөбе ошақтары жобаланып, салынғанда тікенек сыммен қоршалған.
Осы уақытта Ащықұдық (Сазды), Заготконтора, Жақас ошақтарының қоршаулары ұрланған. Бүгінде Дәкі, Заготконтора ошақтары шартақ темірмен (тұтас темір немесе бетонмен қоршалуы керек) қоршалып, Күршек төбе ошағында жөндеу жұмыстарын жүргізу қажетт.
Мәселе – осы ошақтардың айналасындағы қоршаулардың ұрлануы. Жергілікті округ әкімдіктері өз аумақтарында орналасқан осы қауіпті ауру ошағының зияны, ол жердің топырағы, ондағы құрылыс материалдары арқылы қауіпті аурудың адамдарға жұғуы ықтимал екендігі туралы түсіндіру жұмыстар жүргізгені абзал. Алдағы уақытта аудан көлемінде комиссия құрылып, осы ауру ошақтарына ревизия жүргізіледі.
– Қағаз жүзінде ғана артып жатқан мал санына байланысы не айтасыз?
– Иә Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында – ауыл шаруашылығы құрылымдарында тек қағазда, ақпараттық жүйеде ғана бар, бірақ іс жүзінде жоқ мал басы туралы айтылды.
Ол субсидия алу үшін жасалатыны белгілі. Осыған байланысты, ҚР Бас Прокуратурасының «Жол картасы» әзірленіп, жылдың аяғына дейін мал басын ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесі мен Ұлттық статистика Бюросының мәліметімен өзектендіру тапсырылып отыр.
Қазіргі уақытта осы жұмыстар жүргізілуде. Ауыл әкімдіктері белсенді атсалысуы қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.
– Рақмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Айдар САЙЛАУОВ
26 қараша 2024 ж. 217 0