Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жүр жақсы адам

Бар қазаққа қара сөзбен өсиет қалдырып, адамның қасиетін айқындай түскен Хәкім Абай өзінің жетінші қара сөзінде "Адам анадан екі түрлі мінезбен туады. Бірі – "ішсем, жесем, ұйықтасам" деген тән құмарлығы болса, екіншісі – "білсем, көрсем, үйренсем" деген жан құмарлығы" деп көрсетеді. Ал сол екі мінездің қасіреті де, қуанышы да адам баласына өмірлік серік болады. Өміріңнің соңына дейін не сорын, не бағын бағып өтеді екенбіз.
Расында адам баласы белгілі бір миссиямен туылатын сияқты көрінеді. Өмірін жақсылыққа бағыттап, еңбегін елге арнаған жандардың әр күні жақсы тілекпен басталып, ақ батаға бөленіп жатады. Бірі адал еңбекпен, бірі терең біліммен жеткен бұл бақытқа енді бірі ерекше қасиетпен жетеді. Алғашқыларын жиі жолықтыруға болады. Бірақ өзгеше қасиетке ие жандар өте сирек кездеседі. Бүгінгі айтпағым солардың бірі – Нұргүл Дайрабаева.
Олай деуіме себеп бар. Көптің бойынан табыла бермейтін тым бөлек өнер осы жанның басына қона қалған бағы сынды көрінеді. Қашан көрсең де көңілді, айналасындағы жандарға сөзімен шаттық сыйлап жүретін оның осы болмысынан болар, жүзіне жылу орнаған жанның алақаны да шипалы. Қарапайым ғана кейіпкеріміздің жүрегіндегі осынау мейірім көмекке мұқтаж болған, дертіне ем іздеген жанның әлемін жадыратып қоя береді. Оған өзімнің көзім анық жетті. Әр барғанымда алғысымды айтып, шын көңілден тілеген жақсылықтарым оның өзіне емес, еңбегіне берген бағам дер едім.
Біздің таныстығымыз осыдан 5 жылдай уақыт бұрын басталды. Бала деп жүретін халық емеспіз бе?! Бірде баламның сырқаттанып қалған уақытында естідім. Бір танысым "Мешітбай Құттықов көшесіе №9 үйде Нұргіл есімді адам бар, балаларым ауырып қалса сол кісінің көмегі тиеді" деді. Сенім артып сол кісіге бардым. Жағдайды түсіндіріп, баламды көрсеттім. Ем-домын жасады. Әуелі Алланың, қалды сол жанның себепкерлігімен бүгінде сол балам сауығып, бүгінде ержетіп қалды.
Міне, сол уақыттан бері біздің байланысымыз үзілген емес. Қандай қиындық болса да дерке дауа алақаны қысылған жаныңа рахат сыйлап, дертіңе дауа бола біледі.
Жақында тағы бір жағдай болды. Кішкентай бала ойнап жүріп, жарақат алып қалды. Жедел жәрдемнің көмегімен медицина қызметкерлеріне көрсеттік. Тексеріп, қарап болған соң ем жасап, қорқатын ешнәрсе жоғын айтып, үйге қайтарды.
Алайда баланың ағзасы әлсіз ғой. Соққының орны кейін ісе бастады. Бірінші болып есіме түскені тағы сол Нұргүл болды. Емі де, сөзі де дәру жанның бұл жолы да шипасы дарып, 3-4 күнде балам ойнап, шауып кетті.
Бұл тек өзімнің қиналған кезде көрген көмегім ғана. Ал менен бөлек қаншама адам қасиет қонған кейіпкерімнің көмегімен сауығып кетіп жатыр. Тіпті көршілес Қазалыдан да емделушілер келіп отырғанын көп байқаймын. Бірде ол кісіге барып отырғанымда қала тұрғыны Санира есімді келіншек:
– Нұргүл Дайрабаеваны көптен танимын. Денсаулығымның түзелуіне осы кісі себепші болды. Айтар алғысым шексіз, – дегенін естіп, балаға да, ересекке де ем тауып жүрген көптің ілтипаты ерекше екеніне көз жеткіздім.  Өмірге адам болып келіп, адам болып қалу қандай бақыт. Он жылға жуық уақыт бойы халықтың алғысын арқалаған Нұргүлдің ісіне деген адалдығы осыдан-ақ көрініп тұрғандай болды маған.
Н.СӘРСЕНОВА
04 желтоқсан 2024 ж. 31 0