Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткісіз өмір – ғажайып

Есірткісіз өмір – ғажайып

«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»

Өмірлік тәжірибесін тоқсан ауыз сөзбен емес, тобықтай түйін сөзбен жеткізген "академик - атам қазақтың" ұрпағы емеспін бе, мен де өз сөзімді ойыма оралған мынадай мағыналы мақалмен бастайын: "Есірткімен елді бұзарсың, Еңбектенсең, елден озарсың!"Біз - ескі салттың емес, жаңарған, жаһанданған заманның көзі ашық, көкірегі ояу балаларымыз. Бірақ саналы бола тұра, сан соқтыратын теріс әрекеттердің жетегінде жүрген бүгінгі жастардың жағдайын жасыру мүмкін емес. Абай айтпақшы, екі түрлі мінезбен туатын баланың біреуі - "ішсем, жесем, ұйықтасам" десе, екіншісі - "үйренсем, білсем, көрсем" деген жан құмарлығы. Мыңмен жалғыз алысқан данышпан атамыз қазіргі жас өрендердің жан құмарлығы жақсылыққа емес, жамандыққа артып жатқанын көзі көрсе, бұл заманға да лағынет айтар ма еді, кім білсін?!
Өмірде болсын, түрлі әлеуметтік желіде болсын, есірткіге есі кеткендердің тірлігі үйреншікті нәрсеге айналғандай. Бірде өзім қатарлы жастардың түтікшеге ұқсас түрлі темекі өнімдерін пайдаланып жатқанын көріп, жайбарақат кете алмадым. Оның жақсы нәрсе емес екенін мен де, олар да біліп тұр. Алайда, жас достарымды "онда тұрған не бар?" деген жеңіл ойлары жеңіп тұрған сыңайлы. Мұндай іске баруына әркімде әртүрлі себеп болуы мүмкін. Бірақ осындай "түтікшеден" басталған теріс әрекеттерімен есірткінің ескекті қайығына өздері мініп жатқанын сезінбейді- ау, әттең! Танымасам да, тамырлы бір қазақтың баласымыз. Оның үстіне, заманымыз ортақ, мақсат- тілегі бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мен де көп тұрмай "есірткісіз - мына әлемнің ғажайып" екенін айтып, қастарына біраз бөгелдім. Олар да жастықтың буымен жаңылғандарын білді ме, қатесін тез түсінді, азаматтық танытып, қол алысты. Қателеспейтін пенде жоқ. Міне, қазақтың сөз түсінетін мәрт жастары!
Есірткімен елді бұзып, еліргеннен, еңбектеніп, ел алғысына кенелген, қандай жақсы! Сондықтан ғажайып өмір ғайыптан келмейді, ол өзіміздің қолымызда!

Нұрбай Кеңесов,
Арал қаласы, Т.Г.Шевченко атындағы N13 орта мектебі

03 қараша 2022 ж. 478 0