Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцинация - жұқпалы аурулардың алдын алу

Вакцинация - жұқпалы аурулардың алдын алу

“Ауырып ем іздегенше, ау­ыр­майтын жол ізде” дегендей, денсау­лықтың қадірін адам шынайы ауыр­ған кезде бір-ақ біледі. Оның үстіне адам үшін әр минуты есептеулі бү­гінгі бәсекелестік заманында денсау­лықтың маңызы мен қадірі қанша­лықты арта түскендігіне мән бергеніміз жөн. Қандай ауру болмасын, алғаш басталғанда адамның еркін алып, күнделікті қалыпты өмір тіршілігін өзгертеді. Қай нәрсенің де алдын алғанымыз абзал. Соған сәйкес бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау  туралы не білеміз?» тақырыбында өрбімек.
Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау не үшін қажет және қандай ауруларға қарсы жүргізіледі?
Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы, өмірдегі баға жетпес құндылық, ең басты байлық. Адам өмірінде денсаулықтың орны бөлек, әрі ерекше. Вакциналар бізді ауыртпайды, ауру пайда болған кезде оны емдеу әлдеқайда жақсы. Вакциналар бізді өмір бойы және кез келген жаста – туғаннан, балалық шақтан, жастық шақтан бастап қартайғанға дейін қорғайды. Сол себепті, екпелер балаларға да, ересектерге де жасалады. Вакцинациялау немесе профилактикалық препараттарды енгізу 20 түрлі инфекцияға  қарсы жүргізіледі. Бұл ретте оларды ең жоғары тиімділік үшін бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес алу ұсынылады. Ұлттық егу күнтізбесі бойынша  екпе жүргізілетін инфекциялар қатарына  туберкулезге қарсы (БЦЖ); гепатитке қарсы;полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС); b типті гемофильді инфекция;пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротит (шошқалар) және басқа да инфекциялар жатады.
– Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің қандай маңызы бар?
Вакцинация жүргізудің арқасында жоғарыда аталған инфекциялардың ауру деңгейі азайып, өлім көрсеткіші төмендеді, ал тиімді вакцинаның арқасында қара шешек пен полиомиелит аурулары жойылды. Вакцинациялау құрөзектен, сіреспеден, көкжөтелден және қызылшадан жыл сайын 2-3 миллион өлімнің алдын алады.
–Вакциналау елімізде қалай жүргізілуде? Екпе алмаған жағдайда қандай салдары бар ?
Вакцинаның барлық түрі пайдалы. Біздің қоғамда көптеген мәселенің маңыздылығын түсіну үшін ауырып қалып кеш қимылдайтынымыз қынжылтады. Осылайша ауруды үдетіп алып жатамыз. Әсіресе, балалардың денсаулығына аса мән бергеніміз жөн. Біз оларды алдын ала вакциналау арқылы ғана түрлі аурулардан сақтандыра аламыз.Соған сәйкес елімізде балаларды вакцинациялау Қазақстан Республикасының профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, дәрігердің алдын ала тексеріп-қарауынан кейін, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда және заңды өкілдерінің бірінің ерікті келісімі бойынша жүргізіледі. Екпелер тек жеке өзінің денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам саулығы үшін іске асырылады (ауруға шалдыққан тұлға инфекция көзі болып, айналасындағылар үшін қауіпті болып табылмақ. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін тұрғындарды иммунизациялауға тиісті 95% тұрғындарына екпе жасату қажет. Тұрғындарды иммунизациялауға тартудың толық қамтылмауы инфекциялық аурулар ошағының өршуіне соқтыру мүмкін, (мысалы, 1995 жылы республикада күл (дифтерия) дертінің өршу дерегі тіркелген: 1105 адам ауруға шалдығып, соның ішінен 66 көз жұмған).
–Қазақстанда тұрғындарды вакцинациялау үшін қандай вакциналар қолданылады?
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеудің емшарасынан өткен вакциналар қолданылады. Тіркелетін вакцина үшін өндіруші-елінде мемлекеттік тіркеуінің болуы, сондай-ақ өндіруші-елінде және басқа елдерінде клиникалық қолдануы бойынша деректерінің болуы талап етіледі. Балаларды екпемен қамтамасыз ету мақсатында, вакцинаның өндірілуі ДҰҰ сертификатталған, сапасына кепіл берілген вакциналар Қазақстанда сатып алынады. Сөз соңында айтарым, денсаулық баға жетпес құндылық болғандықтан, біз салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызды күтуіміз керек. Соңғы уақытта дұрыс тамақтану да өзекті болып отыр. Бұл да оң өзгеріс деп санаймын. Әр адам ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты екенін естен шығармағаны абзал.
–Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан: К. Зденова

Сурет: baq.kz
11 желтоқсан 2024 ж. 144 0