Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұзға айналған көз жасы

Мұзға айналған көз жасы

Желтоқсанның ызғарлы күндерін еске алу Жаннат Абдалиева үшін өте ауыр еді. Түсінемін. Алайда суып қалған жүрегін ыстық көз жасымен жылытып отырып, желтоқсан күндеріне бірте-бірте кіріп кетті. Қолыма қаламымды алып жазып қана отырдым.
1985 жылы №14 орыс орта мектебін бітіріп, Алматы политехникумына оқуға түстім.
1986 жылы екі ай өндірістік практикада болып келіп оқуға кіріскенбіз. Желтоқсанның 16-сында республика басшылығы өзгеріп, Колбин дегеннің келгенін естідік. Намысқа тиді. Біз Темирязов көшесіндегі жатақханада тұратынбыз. Сабаққа барарда күнде Орталық алаңнан өтеміз. Оқу орнымыз Космонавт пен Гоголь көшесінің қиылысында. 17-сі күні әдеттегідей алаңның жанынан өттік. Студенттердің қолдарына транспорант ұстап бара жатқанын көрдік. Оқу орнына келсек, есігін тарс жауып тастапты. «Сендер жатақханаға қайтыңдар. Студенттер алаңға шығып, митингі болып жатыр. Сыртқа шығушы болмаңдар» деп мұғалімдер бізді жатақханаға кері қайтарды.
Тобымызбен ішке келдік. Көшеде көргеніміз есімізден кетпеді. Өзара әңгімелесіп, уәделескендей болып, сағат 11-ге таман алаңға шығуға бел будық. Алайда сыртқа шығар есіктің бәрі жабық еді. Көзге түспеу үшін терезеден біріміздің соңымыздан біріміз сыртқа түстік. Механика бөлімінде оқитын Нұрман Шыныбаев деген жігіт, өзі топ жетекшісі, бізді бастап алаңға бардық. Алаң қатты толқуда екен. Митингі толассыз өтіп жатыр. Роза Бағланова, тағы бірнеше адам рупормен дауыстап «Жастар, тараңдар» деп өтініп жатты. «Қазақстан» телеарнасы жақты қоршап жап-жас курстанттар тұрды. Беттерін жауып алған. «Тараңдар» деген сөзге мән бермедік. Жастармен бірге ұрандатып тұрдық. Тоңғанымызды да елемедік. Осылай митнигілетіп тұрғанымыздың өзіне біраз болған болуы керек, кешкі 7-лерде қараңғы түсті. Алаң шетіндегі үш биік ғимарат маңында қарсыласулар басталып кетіпті. Жігіттер әскери машиналарды төңкеріп тастап, өртеп жатыр екен. Сол уақыттарда күннің суықтығынан әбден қалшылдап тоңған едік. «Ертең қайта шығамыз» деп телеарна жаққа қарай келе жатқанымызда, автобустан әскерилер самсап түсіп, қоршау жасап бізге қарай жүрді. «Фрунзеден спецназ келіп жатыр» дегенді естіген бойымыз еді. Қоршауда қалып қойдық. Жанұшыраған тобымыз біресе мына бетке, біресе қарсы бетке қарай жүгірді. Біз де шеттегі екі қабатты ғимаратқа қарай жүгіріп, оның шарбағына тырмысып, бір-бірімізді демеп жаттық. Сол кезде милициялар да өкшелеп жетіп, дубинкаларын оңды-солды сілтеп, сатырлатып ұра бастады. Соққы басыма тиіп, құлаған мені шашымнан сүйрей жөнелді. «Пазикке» итеріп кіргізді. Өлген-тірілгеніме қарайтын емес. Ұл-қыздардың көбі жараланған. Автобустың іші лық толды. Милициялар ұрып, тоқтамай теуіп жатты. «Пазик» бір-екі жерге келіп тоқтағанымен, іле қайта жүріп кетті. Барған жерлердің іші ұсталғандарға әбден толып қалған екен. Ақыры «Қызыл гвардия» тракті бойындағы бір бөлімге жеткізді. Бастығы орта жастағы қазақ офицері: «Түсіңдер» деп бұйырғанда, бір жас милиционер: «Қолдарыңды желкелеріңе қойып біртіндеп шығыңдар» деп зілдене бұйырды. Шошынып қалған біз машинадан түсіп жатыр едік, жаңағы бастық: «Қарындастарыңды қинап нең бар?» деді де, бізге: «Қолдарыңды түсіріңдер» деді.
Бұл аудандық ішкі істер бөлімінің бір бөлімшесі екен. Тізіле ішке кірсек, коридордың екі жағында қабырғаға теріс қаратып, қолдарын жарға тіреп қойған жастар тұр екен. Көбінің үсті-басы қан. Бізді орталарынан әрі өткізіп, екі бөлмеге бөліп кіргізді. Бір бөлмеде 20-30 адамнан сығылысып тұрмыз. Политехникумнан барғандар 18-дегі уыздай жас қыздар. Біздің әбіржіген түрімізді көріп аяды ма, ҚазМУ-дың 5 курс оқитын қыздары: «Қорықпаңдар!» деп жатты. Бөлмедегі тиіскен жерге отыра-отыра кеттік. Түні бойы 5-6 адамнан кезекпе-кезек алып кетіп, жауап алатын бөлмелерге апарды.
Мені де шақырды. Үстел үстінде жазу машинкелері ғана бар орыс-қазағы аралас әйелдер отырды. Мен орыс әйелінің алдына бардым. Ол менің алдымда ҚазМУ-дың қызымен төбелесіп қалған екен. Мұрнының үстінің жырылған жеріне кір сабын жабыстырып жатты. Басымнан қан ағып әзер отырмын. Оған да қараған жоқ. Тік тұрғызып, қарсы алдымнан, қапталымнан суретке түсірді. Сосын сұрақтарын қоя бастады. «Митингілетушілер арасына неге бардың?» деді. «Жұрттың бәрі барған соң бардым». «Әдейі мақсат етіп бардың ғой» деп азанға дейін сұрақтың астына алды.
Қамауға түскендер көбейген үстіне көбейді. Жиналған 300-400 адамды бөлімшенің «Қызыл мүйісіне» қамады. Үш тәулік бойы ұстады. Тек қапшықпен нан әкеліп беріп тұрды. Су мен нанды қорек еттік. Үш тәуліктен соң қазақ бастық: «Сендерді белгілеп алды. Оқып жатқан, жұмыс істеп жатқан жерлеріңе хабарлама барады. Шара қолданады. Ешқайда қашып құтыла алмайсыңдар, қашсаңдар іздеп табады. Сендерге берер көмегім таңертең бес жарымда шығарып жіберемін. Қалай жетесіңдер, жолда не болады, оған мен жауап бермеймін» деп кеткен. Айтқандай таңғы бес жарымда милиция бөлімінен шығарып жіберді. Содан бірнеше сағат жүріп, әйтеуір жатақханаға жеттік. Жатақхана аузында да милициялар жүр. Ішке кірдік. Мұнда да мұғалімдер: «Қыздар не істедіңдер?» деп сұрап жатты. Ертеңіне сабаққа барып едік, бізге айналамыздағылар жатырқай қарады. Директор: «Ата-аналарыңды шақырыңдар» деп кетті. Аралдан анам Ғазиза келді. Оған директор: «Бұларды жиналысқа салады. Сосын комсомол мен оқудан шығарады. Үкіметтің тапсырмасы солай» депті. Біз политехникумнан ұсталған 11 адам едік. Соның ішіндегі төрт жігіттің төртеуін де кейін түрмеге жауып, істі қылуға тырысты. Сабақты жақсы оқитындығыма қарамастан қыздардың ішінен мені ғана оқудан шығарып жіберді...
Көз жасым мұз боп қатып Аралға келдім. Поездан түскен бойда милициялар ұстап алып, саяси түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сосын аудандық партия комитетіне апарып, оның бір қызметкері: «Ұсталғаның туралы мәлімет келді. Сондықтан сөйлесуіміз керек» деп жағдайды түсіндіргендей болды.
Бір жұмысқа тұрақты орналасып істегім келген. Бірақ мекемелер алмады. Өйткені, төлқұжатымда белгі соғылған еді.
Содан соң да Алматыға сотқа шақыра берді. Аралдан кетіп Қапшағай нан комбинатына жұмысқа тұрдым. Бірнеше айдан соң Алматы қалалық №6 сотына шақырылдым. «Савицкий деген біреуді өлтірдіңдер» деп жала жаппақшы болды. Бірақ мен басымнан өткергенді айтып бердім. Сот үкімімен төрт жігіттің біреуі Нұрман Шыныбаев 8 жылға сотталды, маған жаза берілген жоқ. Политехникумға қайта оқуымды жалғастырмақ боп барған едім, қабылдамады. 1988 жылы ғана барып оқуды жалғастыруға мүмкіндік алдым. Кейін желтоқсанның зардаптары болар, ауырып отаға түстім.
Сол ауыр күндері жанымнан табылған адамдарға рақмет айтамын. Әсіресе бірге оқыған Ақмарал Оразбаева деген құрбым мен түрмеде жатқанда тамақ әкеліп, жылап тұрсам: «Жаннат, жылама? Әлі күндер өтеді. Біз сенімен мақтанатын боламыз. Ешқашан қорықпа» деп күйзелісте болған маған үлкен демеу болды. Сондай-ақ Мария Нестерова деген мұғаліміміз: «Мен сенен көп үміт күтетін едім, тағдырың қалай кері айналып кетті» дегені есімнен кетер емес».
Ерғали АБДУЛЛА
14 желтоқсан 2024 ж. 159 0