Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үміт сәулелі сайыс

Үміт сәулелі сайыс

Көз жанарынан айырылса да қоғам өмірінен тысқары қалмайтын зағип жандардың жаратылысы бөлек. Тек түйсіктің сезімталдығы арқылы олар барлық іске икемділігін көрсете де біледі.
Осы  аптада Арал аудандық орталық кітапханада зағип және нашар көретін  жандар арасында  "Салт-дәстүрім – қазынам"  атты сайыс өтті. Мақсаты  "Өткенді білмей келешекті білу мүмкін емес" деген дәйексөзді алға тартып, салт-дәстүрді насихаттау.
Аталған сайыс 3 балдық жүйемен бағаланған "Ата салты – асыл мұра", "Мақал – сөздің мәйегі",  "Бата – ұлттық тәлім тәрбие бастауы" деп аталатын 3 кезеңнен тұрды. Бұл сайыста қатысушылар топтарға бөлінген түрде өз біліктіліктері мен ақыл-ойын көрсете білді. Әр кезеңнен өткен сайын мүмкіндігі шектеулі зағип және нашар көретін жандардың қуанышы көңілге ұя салғандай әсер етті.
Нәтижесінде салт-дәстүр мен бата түрлерін ұштастырған сан алуан сұрақтардың жігін тарқатып, ұйымшылдықтың арқасында тапқырлықтары мен бата айту өнерлерін ортаға салды.
Сайыс қорытындысын қазылар алқасы анықтап, қатысқан екі топқа да бірдей нәтиже көрсетіп, арнайы алғыс хаттармен марапатталып, демеушілер атынан сыйлықтар табысталды. Шара  соңында Арал аудандық "Қазақ соқырлар қоғамы"  бірлестігінің төрағасы Қошекеев Болат сөз алып,  жанарынан айырылған жандар үшін қоғам рөлі зор екендігін айтып, жүйелі жұмыстар жалғасын таба беретіндігіне сенім білдірді.
   Зағип және жанары нашар көретін жандардың қоғамнан тысқары қалмай, осындай сайыс төрінде жүргені көңілді қуантады. Бір нүктеге қадалған олар­­дың көңілі қай кезде де пәс екенін ескерсек, өз алдына емін-еркін қозғалып,  жарық дүниені сезіне алмауы тіптен қиындық туғызады. Сон­дық­тан зағип жандарды қолдау – әрбірімізге парыз.
Нұрай ӘМІРХАНОВА
21 желтоқсан 2024 ж. 104 0