Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІКАША «ТУННЕЛІ» (Қытайдың бамбук нуына бергісіз нарлық қамыс туралы)

ТІКАША «ТУННЕЛІ» (Қытайдың бамбук нуына бергісіз нарлық қамыс туралы)

Қай өзен де ирек-ирек жол сыза, өзінің аңсаулы-ұмтылысты айдынына жетіп, оған қауыша құяр жерінде сан-сала тармақтарға бөлініп, атырау рәсімін жасайды. Аралға құятын Сырдың да өзіне тән айтулы атырауы бар еді. Дария сан-тараудан жиып әкелген суын сол, тоғыс алабында теңізге сан-тараумен қайта таратып құятын. Сырдарияның атырауындағы оң жағалық Тікаша өзегі сондай тарау судың бір мәнді тармағы еді. Бір жағынан, осы арна Сырдарияның Аралға сұғына жайылған құм қайырын (авандельта) айнала жүзіп жол ұзартпау үшін, теңіз сейістері Кіші Аралдан дарияға тіке тартып салған су жолы десе де болар еді. Кезінде ірі тоннажды кемелер де онымен жүріп, дария-теңіз арасын қысқамойын қатынаспен жалғаған деседі. Ал мен көрген уақытта, ол өзекпен «реечка» деп аталатын шағын ағаш корпусты кемешелер ғана жүзе алатын, тайыздап қалған шағын ғана арна түрінде еді.
Тікашаның теңіз беттегі кіреберісі, кәдімгі, жасыл жарлауытқа ойылып салынған туннельдің аузындай болып, қарауыта үңірейіп, алыстан көзге ұрып тұратын. Іші де кәдімгі жер астындағы туннель сияқты, қақтап тұрған аптап ыстықта салқын самал ескен қоңыржай, күңгірт бір қызық әлем еді. Ересен биік қамыстар бастарын иіп, бір-бірімен үпелектерін араластыра, жоғарыдан биік күмбез жасай төніп тұратын. Сондай қалың күмбез-төбенің ар жағындағы аспан көрінбейтін. Кеме капитандары «үңгірдегі» мамыражай тыныштықты бұзғысы келмей ме, думандатқан аң-құсты үркітпеу үшін бе, көбіне, ағыс бағытымен жүргенде, кеме моторын сөндіртіп тастайтын. Сондайда кемелердің биік діңгегіне орнатылған жайтартқыш істік темір (штык-молниеотвод) тымық ағыста үнсіз жылжыған қайыққа төне иілген қамыс-күбез төбені сызып, ызыңдап ән салғандай бір үн шығарушы еді…
Сондай бір өткелекте біз мінген балықшы қайығы тікаша-туннель ортасына тоқтап, маған сол бір «гулливер» қамыстар арасына бойлап барудың сәті түсе қалды. Бұл әуестік дегенді қойсайшы, қайықтан ала шыққан орақпен ең ұзын деген бір қамысты түбінен орып алдым. Ең жуан дегенінің түбінен бір-екі буындық кесіндісін тағы алдым. Қайық тола заттардың үстіне ерепейсіз ұзын қамысты жатқызу ыңғайсыз болып, әрі біреу үстіне отырып, басып сындырар деген сақтықпен, әлгі олжамды шыжым жіппен қайық артына тіркеп байладым. Және дағы, ондай ұзын қамыс сол бүтін қалпында, сол кездегі біздей бала үшін қармақсапқа да таптырмайтын аса қолайлы дүние еді! Сол қамыстың қауылдырықтары (жапырағы) күректей ірі, бойы соншалық ұзын болғаны сондай, ол біздің теңіз-көлік қайықтан біржарым еседей ұзына созылып жатты. Тікашадан Бөген ауылына жеткенше 30 шақырымдай теңіз бар еді. Сол жолда әлгі олжамды, желқабаз толқынды теңіздің жұлып алып қалғанын бүгін де өкінішпен еске аламын. Мазасыз теңіздің қай толқыны жұлып әкеткенін кім білген, әйтеуір, бір қарасам, қайыққа тіркеулі қамыс жоқ, шолтиған шыжым-жіп қана қалыпты.
Үйге жеткесін, қолымда қалған екі буын қамыстың диаметрін өлшеп көрдім. Әлгінің жуандығы 8 сантиметрден асып тұрды. Бұл да мен көрген джунглидегі гулливер-қамыстың үлкені емес-ау деп ойладым. Сірә, діңі 10 сантиметр, онан да жуан қамыстар болуы мүмкін ғой! Ал ұзындығы… өкінішке қарай, оны тек жобалап қана айта аламын: сол алып қамыстың ұзыны 10 метрден кем емес.
Ол кезде мен мектеп жасындағы бала едім…
Сонау ертегі іспетті «туннель» тікашаның сол ғажайып табиғаты менің тұңғыш қанатқақты дүнием «Алыстағы аралдар» повесіне бір сәтті эпизод болып дарып та кетті.
Онан кейінгі тарих енді тым көңілсіз…
Сырдария тоқсан тоғыз жерінен буындырылып, күріш деген сусамыр дақыл көп алапқа экспансия орнатып, дария суының құрамында пестицид-гербицид заһарлар көбейген сайын, Сыр аяғының сол ғажайып жунглиі азып-тоза бастады. Кешегі 60-жылдардың ортасы еді. Бұл жайтқа Сыр суының азайғандығы тағы қосылды… Бәрі Аралдың сұмдық қасіреті түрінде бүгінгідей көрініс тапты ғой… Енді біздің осы күні қамыс деп көріп жүргеніміз шайлап қалған сол кереметтердің әбден азғындаған түрі. Сыр бойындағы заңғар нарлықтар аң-құсымен қоса азып, әбден майдаланып, кей жерлерде мүлдем жойылып кетті. Сыр аяғы осы күні көсенің иегіндей жалаңаш… сұрқай… Бүгін енді ұзына-бойы 3-5 метрлік құрақ көрсе, «мынау нарлық екен» деп, жұрт соған тамсанып жатады. Қайтерсің! Сол байлықтың ендігі қалған жұқана кескіні сондай. Ойсыз іс-әрекеттің  жеткен  жетістігі қай бір оңған сыбаға  болушы еді?..
Дүниеге мәлім Қытай, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік Азия бамбугі деп аталатын бунақты құрақтардың (бәрінің тегі – сол қамыс болар?) кезіндегі біздің сол алып нарлықтардан артық жері шамалы-ау деп ойлаймын. Ол дүниелер осы күні сол елдердің баға жетпес бір байлықтары болып табылады. Біз ондай байлықтан, «аса көреген, аса ақылды» қытымыр есеп-саясаттың арқасында, солай айырылып қалғанбыз.
Сонау Арал джунглиі деген «ертегіні» көру бақытына біз үлгеріп едік…
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
«Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабынан
25 желтоқсан 2024 ж. 35 0