Аралға артылған үміт
Е.Жүністің «Әбе әлеміндегі «Қан мен тердің» әуелгі «Ымырты» мен «Сергелдеңін» парақтап отырғанда тау мен қырда өскен адамға таңсық теңіз дүниесі баурап, кейде ақжал толқынға ат жалына жармасқандай ілесіп, кейде иіріміне түсіп, үйірсектеніп, сол балықшы ауылының жұртына бауырсақ бола бастайсың. Бірде Еламандай теңізден көз ала алмай арбалсаң, бірде «қыз дәурені қырда өткен» Ақбаладай таңсық әлемге таңырқап, енді бірде Тәңірбергендей теңізді айналсоқтап, кейде әлденеңді жоғалтқан кісідей, Әлиза кейуанадай күңіреніп келіп теңізбен тілдесесің» деген сөзі делебені дір еткізген еді.
Біз атандай аласұрған алып теңізді көрген жоқпыз. Көрмей жоғалттық. Қайран, көк теңіз, қайран, Арал!.. Осы кітапты қолға алғанда сол Аралдың аман шағындағы бейнесі, теңіз стихиясы, балықшылар өмірі бейнебір ескі кинолентадай көз алдыңнан көлбеп өтеді. Ал кейде көк теңіз қайта келеді десе көңіліміздегі кір үміт суына шайылып, Арал-Әкеміз оралатындай сезім кешеміз!
Аты алты әлемге әйгілі Арал теңізі үлкен экологиялық апатқа ұшырап, салдарынан суы мүлдем құруға айналған теңіз екіге бөлініп кеткен еді. Бұл – өткен ғасырдың соңындағы сорлы көрініс. Оның себебі – теңізге құйып тұрған екі ірі өзен – Амудария мен Сырдарияның су қоры егіншілікке жұмсалып, Аралға су жетпей қалғандықтан дейді мамандар. Арал теңізі аумағы Қазақстан мен Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикаларына ғана тиесілі болғанымен, тағдыры күллі Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ. Демек, белгілі бір дәрежеде ауыз су ресурсы аз бұл аймақта өмір сүріп жатқан 70 миллионнан аса халықтың экожүйе бұзылуынан тартатын зардабы орасан зор екені белгілі. Өкінішке қарай, қазір біз Арал теңізін екіге бөліп қарауға мәжбүрміз.
Газеттің өткен номерінде «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын талқылау бойынша мәжіліс өткенін хабарлаған болатынбыз. Оған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов және Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев, аталған министрліктің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы саласының басшылары, мамандары мен ардагерлер қатысқан еді.
– Су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр, – деді Нұржан Нұржігітов.
Еске сала кетейік, «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының 3 негізгі компоненті нақтыланған. Соның 2-еуі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға бағытталыпты.
Аталған екінші компоненттің бес бағыты – балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы. Оған 39 жоба енгізілген, 13-ін Халықаралық «Аралды құтқару қорының» атқарушы дирекциясы, 13-ін жергілікті әкімдіктер, 4 жобаны Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығының Арал филиалы, 3 жобаны Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 6 жобаны әртүрлі ұйымдар, жеке тұлғалар ұсынғаны белгілі болды. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 1927 адам тұрақты жұмыспен қамтылуы мүмкін.
Айтпағымыз, солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды бастамалар төңірегінде сөз сабақтаған тиісті саланың мамандары қатарында Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков, министрліктің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы дирекциясының атқарушы директоры Серікәлі Мұхатаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаев, бұрынғы Қаз ССР-і балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысы және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов, Арал өңірінің тумасы осы жобаға бастамшы болып жүрген жазушы эколог Сайлаубай Жұбатырұлы және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетұлы бар. Олардың пікірі бәрінен маңызды екенін қаперден шығармауымыз шарт.
Себебі көптің тілегі бұл мәжілісте бір арнаға тоғысты. Ел күтетін нәтиже ең болмаса Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы жүзеге асса деген. Кіші Аралға теңіз жағасында орналасқан әрбір аралдықтың тұрмыс-тіршілігі байланысқан, ата кәсіптен ажырағысы жоқ ағайын әлі де теңіз тынысына дем берер жарқын бастамалардың жүзеге асуына мүдделі және соған үміт артып отыр.
Біртұтас шешім Кіші Арал толымды жүзеге асуы үшін қуаты арттырылатын «Көкарал» бөгетінің су деңгейін 46 метрден 50-51 метр биіктікке дейін көтерілсе деген байламды ойға топтасты.
Көші жылыстаған ІІ кезеңнің экономикалық тиімді тұстары талай жыл талқылаудан өтіп, салалық министрліктің бақылауында тұр. Десе де елдің тілегін ескеруді әркез дұрыс шешім деп қабылдайтын ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көптің қоштаған І деңгейлі бастамасы да жан-жақты талқылаудан өтіп, тиімділігі сала мамандарымен бірге сараланатынын жеткізді.
Жиын барысында ұсыныстарын ортаға салған теңіз жанашырлары Кіші Аралды сақтап қалу арқылы Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, шаруашылықтың тамырына қан жүгірту уақыт күттірмейтін мәселе екенін алға тартты.
Бұл ретте балықшы-ардагерлердің де айтар уәжі бар.
– Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру бірдеңгейлік нұсқада жүзеге асырылсын. Бірдеңгейлі Кіші Аралға сол теңіз жағасында орналасқан 8 ауыл, 1 қала және осы теңізбен әр тұрғыда тұрмыс-тіршілігі байланысқан ондаған елді-мекен және 2-3 бірдей ауданның тұрғындары мүдделі түрде үміт артып отыр.
Ғасырлар бойы қалыптасқан Қамбаш экожүйесі бұзылмауы керек.
Осыдан 40 жыл бұрын кеңестік көзбояу саясатынан туған «екі деңгейлі Кіші Арал» деген ескі нұсқаны қайта тірілтудің енді қажеті жоқ.
Біртұтас Кіші Арал толымды жүзеге асуы үшін қуаты артатын «Көкарал» бөгетінің су деңгейі (НПГ) 50-51 метр биіктікте шешілуі керек.
Негізгі су көзі – Сырдария өзенінде, ең кем дегенде, жылына 3,5-4 млрд м3 Солтүстік Аралға үлесті су көлемі заңды түрде бекітілуі тиіс.
Арал теңізі – Балқаш көлі сияқты көлемді, заңды үлес суын сұрауға қақылы. Әлемдік экологиялық сананың жаңғыруы, жаңа гуманистік тенднциялар судың «экологиялық функциясын» алдыңғы қатарға шығарды. Сыр бойында ауыл шаруашылығы салаларын әртараптандыру, су үнемді шаруашылық тәсілдерін енгізу, еліміздің Су кодексіндегі өзгерістер, дария ағынын тиімді басқару жолдары – осы бағыт ізденістері.
Сырдария алабындағы Шардара-Келес, Арыс-Түркістан, Қызылқұм, Келінтөбе, Түгіскен, Жаңадария, Қараөзек, Қазалы танаптарының қашыртқы-қайтарымды сулары түгел Сырдария арнасына қайтарылуы тиіс. Көршілес Өзбекстан Республикасы сондай суларды тиімді пайдалану арқылы Судаш, Үшсай, Мойнақ, Әжібай айдындарын құрап, Кіші Аралдан үлкен акватория жасап алды. Көршілер Арал табанын өсімдікпен жабуға жерасты суларын ғана пайдалануда. Осы тиімді тәжірибені біз ескеруіміз керек. Арал ұлтанын өсімдікпен жабу – Кіші Аралды көтеруден бөлек міндет, – деген ұсыныстарын ардагер теңізшілер ортаға салды.
Бұл бір. Екінші ауыз су мәселесі. Ел үмітінің сәулесі министр келгенде де мөлт ете қалды. Теңіздің асау толқыны түгілі ауыз судың мәселесі де аралдықтар үшін мұң болып келе жатқан жайт еді. Түйіннің тарқар түрі бар. Себебі өткен аптада ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов және Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев, министрліктің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы саласының басшылары мен мамандары Жақсықылыш кентінде болып, аймақ көлеміндегі елді мекендердің ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштеріне қаныққан еді. Кездесу барысында ҚР Су ресурстары және ирригация министріне Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Қосаман-Ақбасты, Арал-Тоқабай-Абай топтық су құбырын қосу тармағын салу және Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жобасы таныстырылды. Аймақтағы елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша да толыққанды мәлімет ұсынылды. Қазіргі таңда облыс бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі қалалар бойынша 100 пайызды құраса, елді мекендер 98,6 пайызды құрап отыр.
Қос ауданның халқын тіршілік нәрімен қамтып, сапалы ауыз су беруде «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғаны №1 су көтеру насосты стансасының атқарар маңызы зор. Аудан үшін аса маңызды стратегиялық нысан саналатын бұл су айдау станциясының үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. 240-270 метр аралығындағы тереңдіктен бұлақ суын тартып, 160 мыңдай халықтың игілігіне беріп тұрған маңызды ресурстың құбыр желілерінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Осы жылы су құбырының 234 шақырым бойынша екінші тармағын жүргізу көзделуде. Жобаның жалпы құны 43,7 млрд теңгені құрапты.
Су шаруашылығына қатысты маңызды басқосуда осы жылға жоспарланған жұмыстар легі айтылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғаны №1 су көтеру насосты стансасы ақылы шалғайдағы Ақбасты ауылына 117 шақырымды су құбыры желісі тартылған. Мұнымен қоса Тоқабай-Абай бағытына ауыз су тарту жұмыстары жүргізілуде. Көктем шыға аталған ауылдар толығымен ауыз су желісіне қосылатын болады.
Биыл Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекеніне ауыз су желісін тарту жұмыстары жүргізілмек. Осы жұмыстарды түйіндеу арқылы сапалы ауыз су тұтынатын аралдықтардың үлесі 95,4 пайызды құрайтын болады.
P.S. Түрлі таңғажайып ғылыми зерттеулерге қарағанда адамзат Аралдың тартылуын бұрын да көрген. Ғасырлар қойнауынан жеткен үзік-үзік әңгімелерде Аралдың құрғап қалып, соңынан бірден толып кеткені жөнінде аңыздар бар. Ал белгілі жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы ондай жағдайдың болғанын жоққа шығармайды. «Аралға келетін су Қарақалпақстан мен Қызылордада миллиондаған гектар жерлерге жайылып, егінге жұмсалған соң жерге сіңіп жатыр. Оның бәрі далаға кетпейді ғой. Олар жерасты суларының мөлшерін көбейтіп жатыр. Сол сулар көбейе келе Аралдың астынан жарып шықпасына кім кепіл? Шамасы, елдің жадында қалған «Аралдың бір күнде толып кету» оқиғасына сондай құбылыстар себеп болған шығар» дейді жерлесіміз.
Су – өңірдің өзекті мәселесі. Сөз соңын да Әбеден түйіндесек «Көңілсізбін. Ішім ит талағандай. Жағадан қашып, көз ұшынан асып кеткен теңізді көргім келмеді» дейді абыз. Жазушының әңгімесіндегі осы сезім селт еткізді. Тынысы тарылған теңіздің азалы үнін есту, ақ сорға айналғанын көру бізге оңай тиген жоқ. Жалпы, «Аралды қалай құтқарамыз?» деген сөз әлі де өзекті. Оны қайта қалпына келтіру мүмкін бе? Егер әуелгі асау толқын қайта оралса аралдықтардың айбаты аспандай түсері ақиқат.
Айдар САЙЛАУОВ
Сурет: tolqyn.kz