Аяздан қалай қорғану керек
«Қазгидромет» арктикалық суық ағындары Қазақстан аумағына енуіне байланысты аяздың беті алдағы екі күнде қайтпайтынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Сондықтан аязды күні теріні зақымдап алмас үшін ТЖД мамандары ұсынған мына қарапайым ережелерді сақтау керек:
Денеде бос тұратын жылы киім кию;
Аяқ киімнің де қалың әрі жылы болғанына жете ден қою керек;
Аязға қолғап, мойынорағыш, бас киімсіз шықпау шарт;
Дененің ашық бөліктерін металл бұйымдарға жанасудан сақтау;
Егер дененің бір бөлігін үсік шалса, оның қайта тоңбауына мән беру қажет. Олай болмаса тері одан сайын зақымданып күрделің ем-шара жасауға тура келеді.
Аяқ-қол тоңғанда лезде жақын маңдағы жылы орынға (дүкен, кафе) тезірек кіру керек.
Аязды күні жел, боран соқса теріні қорғауға екі есе мән беріңіз. Мұндай ауа райы кезінде денені үсік шалу қаупі әлдеқайда арта түседі.
Азаматтар үсік шалғанда алғашқы көмек көрсету шараларын да білгені абзал.
Ең алдымен, үсік шалу белгілері бар науқасты жылы жерге жеткізіп, аяқ киім, шұлық және қолғабын шешу керек. Дереу жедел жәрдем шақырып, денені І дәрежелі үсік шалса үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет. Жылыту кезінде жүн матаны пайдалану тиімді болмақ. Демнің жылуымен де жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады. Зардап шеккен адамға ыстық ас, ыстық шай беруге болады.
Ал науқасты жылыту мақсатында ішімдіктер беруге, үскен тері аумақтарын интенсивті түрде қармен, маймен, спиртті ерітінділерімен уқалауға мүлдем болмайды. Науқасты жылыту мақсатында лаулап тұрған ашық отты пайдалануға тыйым салынады. ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе уқалау жасаудың қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке таңу қажет (қабатталған мата, қалың мақта қабаты, тағы да мата, үстінен клеенка немесе резеңке мата). Бұл әрекеттерді жедел жәрдем көлігі жеткенше жасауға болады. Бастысы медициналық көмекті ертерек шақыруға назар аудару қажет.
Сурет: Нұрболат Нұржаубай