БОЛАШАҚҚА ҮМІТ – ЖАСТАРҒА СЕНІМ
Маман болу – әр адамның өміріндегі маңызды қадам. Бүгінгі мектеп бітіруші түлектің де бар ойы – үлкен өмірдің алғашқы баспалдағын басар шақта қателеспей, өміріңнің парасына жазылатын істі таңдау.
Осы бейсенбіде аудандық прокуратураның жоспарына сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық шараларды жүргізу және бүгінгі уақыт талабына сай, рухани бай, өздігінен шешім қабылдай алатын, біліммен қаруланған, тәртіпті, елімізге өз үлесін қоса білетін адал маман иесі болуға тәрбиелеу мақсатында аудандық мәдениет үйінде №220 орта мектебінің ұйымдастыруымен «Болашаққа үміт – жастарға сенім» тақырыбында 9-11 сынып оқушыларымен ашық пікірлесу алаңы болып өтті.
Ашық алаңның қонағы ретінде заң мен тәртіпті қадағалаушы, Аудандық прокуратураның аға прокуроры Акмарал Оңталапқызы, ақ халатты абзал жан, Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Мұратбекұлы, руханият әлемінің жаршысы, халықтың көзі һәм құлағы болған Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Әділжанұлы, жеке кәсіпкер, танымал жайдарманшы, Арал аудандық оқушылар үйінің «Жайдарман» үйірмесінің жетекшісі Төребек Әділбекұлы шақырылды.
Кездесу барысында қонақтар еркін форматта оқушыларға тәртіп, тәрбие, өз мамандығының майталманы болудың қыр-сырын айтып,«Мен кіммін? Осы өмірдегі менің орным қандай? Қалай жақсы өмір сүремін?» деген сұрақтар төңірегінде өз тәжірибелерімен бөлісіп, тұщымды ойлар айтып, ақыл кеңестерін ұсынды.
Жастардың келешегі бәрімізді де алаңдатары сөзсіз. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беріп, болашағына дұрыс бағыт сілтеу – қоғамға, ұстаздар мен ата-аналар қауымына да ортақ міндет. Бұл пікір алаңы жастардың мақсатын айқындап, арман еткен болашақ мамандықтарын жақын тануға септігін тигізеді. Олар әр түлек үшін құнды кеңеске толы.
Г.ӘЛНИЯЗИНА