Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан әлемінің жылуы

Жан әлемінің жылуы

Жақында ғана қаладағы «Миллион плаза» сауда үйінде маңызды оқиға өтті – психологиялық кабинет өз есігін ашты. Бұл ерекше салтанат жанға жылулық сыйлап, адамдардың көңілінде терең әсер қалдырды. Ашылу рәсімі кәсіби психологтардың, қоғам белсенділерінің және қарапайым тұрғындардың басын біріктірген ерекше шара ретінде есте қалды.
Психология – адам жанын танудың ғылымы ғана емес, өмірдің қиындығынан шығудың жолын табуға көмектесетін алтын көпір. Бүгінгі таңда қоғамның бұл салаға сұранысы ерекше артып келеді. Көп жағдайда өз сезімдерін түсіне алмай, өмірдің ауыртпалығына шыдас бермей жататындар жетерлік. Осындай сәтте психологтың қолдауы – шынайы құтқарушы күш.
Шара барысында психолог мамандар өз пікірлерін білдірді. Тәжірибелі психолог, Ақтөбе қаласынан келген қонақ Алмагүл Оразымбетова:
– Бұл кабинет – біздің қоғамның үлкен қадамы. Адамдар мұнда өз мәселелерімен бөлісіп, жеңілдік таба алады. Жан тыныштығы – басты құндылық. Бұл жерде әрбір жанға қолдау көрсетіліп, көмек беріледі, – деп пікір білдіріп, қонақтармен шағын психологиялық кеңесімен бөлісті.
Кабинеттің ашылу салтанаты жылы атмосферада өтті. Арнайы жайылған дастарқан шараға келген қонақтардың арасындағы достық пен бірлікті күшейте түсті. Әрбір қатысушы психологиялық кеңестің жанға қалай жылу беретінін сезіне алды.
Жаңа кәсіптің иесі Сарагүл Құлбаева да өзінің салаға келу жолымен бөлісіп:
– Бұл жылы кәсіпкерлікпен айналысқаныма 15 жыл болады екен. Бұрындары арнайы қыз жасауын тігетін цех ашып, жұмыс істегенмін. Кейін жолдасыммен бірігіп, кәсіппен айналыстым. Карантин кезінде өзімнің шаршағанымды сездім. Үнемі жүгіріс, ізденіс, көп уақытыңды, энергияңды басқара алмау адамды шаршатады екен. Осылайша ойлана келе психологияға қызығушылық таныттым.
Қазір бизнес саласында адамдардың ішкі күйзелісі жиі кездеседі. Мен психологияға 6 жылдық оқуымды, практикалық еңбегімді салып отырмын. Себебі жанға тыныштық табу арқылы ғана биік мақсаттарға жетеміз, – деді ол.
Осындай игі бастамалар біздің қоғамның адамгершілікке, бірлікке және өзара қолдауға ұмтылысын көрсетеді. Кабинет жай ғана мекеме емес, жанға ем, көңілге қуаныш сыйлайтын орынға айналары сөзсіз. Бұл күн – психологиялық қолдаудың қаншалықты маңызды екенін сезінген күн болды. Жаңа кәсіп адамзаттың жан-дүниесін сауықтыратын, тыныштық сыйлайтын шырақ болсын демекпіз.
Г.САҚТАПОВА

Сурет: автордан
01 ақпан 2025 ж. 108 0