Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біртұтас тәрбие бағдарламасы – болашақтың бағдары

Біртұтас тәрбие бағдарламасы – болашақтың бағдары

Балабақшадағы тәрбие – баланың тұлғалық дамуының іргетасын қалыптастыратын маңызды кезең. Осы кезеңде бала өзінің алғашқы әлеуметтік дағдыларын меңгереді, қоршаған ортамен танысады, тілін дамытады және жеке ерекшеліктерін айқындайды. Балабақшадағы біртұтас тәрбие бағдарламасы – баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған жүйелі педагогикалық үдеріс.
Жалпы біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаты – баланың физикалық, танымдық, эмоционалдық, әлеуметтік және рухани дамуын үйлестіру. Бұл бағдарлама арқылы балабақша тәрбиеленушілерінің интеллектуалдық қабілеттерін, эмоционалдық тұрақтылығын, әлеуметтік бейімделуін, эстетикалық талғамы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік аламыз.
Тәрбие мен оқыту процестері өзара тығыз байланыстырып, дамуына ықпал ететін барлық факторларды қамтитын жүйелілік және біртұтастық, жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі, мәдениетаралық интеграция және ата-аналар, педагогтар және қоғам арасында тығыз байланыс орнату арқылы тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыратын әлеуметтік серіктестік принциптерін басты қару ететін бұл бағдарлама бала дамуына ерекше септігін тигізері сөзсіз.
Дене шынықтыру жаттығулары, қозғалыс белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ойын арқылы оқыту, эксперименттік және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, логикалық ойлау мен шығармашылық қабілеттерді дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ана тілі мен шет тілдерін меңгеру, әдеби шығармалармен танысу, басқа да бүлдіршіндердің болашағына бағдар болатын дүниелерді меңгертуге бағытталған құрылымның қаншалықты пайдалы екені талай тәжірибелерден өткен.
Бағдарламаны іске асыру әдістері де нақтыланған. Балалар ойын арқылы әлемді танып-білуге, топпен жұмыс істеп, жаңа идеяларды зерттеуге, қазіргі заманауи технологияларды қолдануға, балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға негізделген жұмыстар жүйелі ұйымдастырылса, келешек ұрпақтың жемісін көретін күн де алыс емес.
Балабақшадағы біртұтас тәрбие бағдарламасы – балалардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бұл бағдарлама арқылы баланың тұлғалық қасиеттері қалыптасып, қоғамда өз орнын табуға дайын тұлға ретінде тәрбиеленеді. Тәрбие жұмысының табысты болуы үшін педагогтардың кәсіби біліктілігі мен ата-аналардың белсенді қолдауы аса маңызды.
Лена ИБРАЙМОВА,
"Ақбота" бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі
11 ақпан 2025 ж. 84 0