Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала – елдің болашағы

Бала – елдің болашағы

Қазақта «ата-ана – баланың бағбаны» деген тәмсіл бар. Әр сөзінен терең тәлім аларлық халықтың осы бір ауыз сөзі қанша тәрбие беріп тұр десеңізші. Әке мен ананың тәрбиесі арқылы тіпті жанындағы адамдарды құрметті, айналасындағы ортасын сыйлау сияқты ізгілікті қасиеттерді бойына сіңіре алған. Десе де олардың кеудесіндегі жұмыр еті нені болса да ата-ананың қадірін бағалаудан биік тұрған емес. Әке ананы, ана әкені құрметтеу арқылы, сол құрметін сөзбен емес, іспен көрсету арқылы балалардың бойына сіңірді. Бір ғана мысал айтайын.
Ертеректе бір әйелдің күйеуі қайтыс болып, балаларымен жесір қалады. Бірақ тәрбиенің тереңдігін түйсініп, әкенің орнына әке, ананың орнына ана бола жүріп, әкені құрметтеуді де перзенттеріне үйретеді. Отағасының орны ойсыраса да, есімі өшпес үшін әйелі күйеуінің сырт киімін кіреберіске іліп қояды екен. Ай сайын өзінің еткен еңбегімен тапқан табысынан сол кіреберісте ілінген киімнің қалтасына біршама ақша салып қояды. Балалары өзінен ақша сұрағанда әйел: «Балапандарым, ақшаны әкелеріңнің қалтасынан алыңдар» деп тәрбиелейді. «Әке» деген асқар ұғымның балаларының жадында үнемі жаңғырып тұруы үшін осы бір ғана әрекеті қаншалықты маңыздылық атқарды десеңізші.
Әр әңгімесінен ғибрат, әр түйінінен тәрбие алатын қазақ халқының ауыз әдебиетінен де, жазба деректерінен де мұндай өнегеге толы өсиеттерді мыңдап келтіруге болады. Бірақ мұның барлығы бір тақырыпқа сиа қоймасы анық.
Ал ғылыми тұрғыда тұжырымдалар қалай айтылады. Сол жағына тоқтала өтсек. Жалпы нәресте жаңа туған сәттен аса нәзік, ғажап, керемет және өте тәуелді жан. Өмірінің бастапқы кезеңдерінде сәби тек өзгенің көмегімен ғана дами алады. Ересек адамның жанында болуынсыз, қолдауы мен қамқорлығынсыз қоғамның толыққанды мүшесі болып өсіп-жетілуі де екіталай. Өмірге келген алғашқы жылдарында да ересек туған-туыстары арқылы айналадағы әлеммен танысады, алғаш рет адам тілін естиді, өз қызмет-қарекетіне қажет заттарды және құралдарды меңгере бастайды. Ал кейін – күрделі адами қарым-қатынастар жүйесін ұғына бастайды. Міне, осы мүмкіндіктерден қандай да бір себеппен айырылып қалған балалардың әлеуметтік ортаға бейімделе алмағаны, жасқаншақ болып өсуі, өз ойын еркін жеткізе алмауы жайында көптеген мысалдар жетіп артылады.
Бала мен ересек арасындағы өзара әрекеттестік тек балаға ресми күтім көрсетумен ғана шектелсе, бала мен ересек адам арасындағы эмоционалдық толыққанды қарым-қатынас мүмкіндігі жойылады. Бұл «госпитализм» құбылысы болып табылады. Осындай балалар көбінесе өз құрдастарынан физикалық, зияткерлік, сондай-ақ, эмоционалдық салаларда артта қалатыны дәлелденген. Ол тіпті отыруды, жүруді, сөйлеуді кеш үйренеді, ойындары жұтаң, әрі бір сарынды, көбінесе заттармен қарапайым әрекеттер жасаумен шектеледі.Мұндай балалар, әдетте, селқос, білімқұмар емес, басқа адамдармен қарым-қатынас құру дағдыларын да дұрыс игермеген болып келеді. Әрине, сипатталған мысалдар шектен тыс, әдеттен тыс құбылыстар болып табылады. Десе де баланың ересектермен тиісінше қарым-қатынас құруы балалардың психикалық дамуының және психикалық денсаулығының негізі екенін дәлелдейді.
Басқаларынан бұрын баланың анасымен физикалық және эмоционалдық байланыс қажеттілігі байқалады. Осындай маңызды қажеттіліктің орындалмауы әрқилы психикалық жағымсыз салдарға себепші болуы ықтимал. Бала – ана ағзасының жемісі, тіпті сол ағзадан бөлініп шығып, физикалық тұрғыдан дербес бола түскеннің өзінде ол әлі ұзақ уақыт бойы сол ағзаның жылуына, ананың аймалауына, мәпелеуіне мұқтаж болады. Баланың анаға бауыр басуын зерттеу – соңғы оңдаған жылдар ішіндегі тәжірибелік психологиядағы жетекші бағыттардың бірі. Ана мен бала арасындағы физикалық, рухани, жан жақындығынан берік байланыс жоқ. Ана баласын тоғыз ай көтереді, оған өмір сыйлайды, сүтімен қоректендіреді, алғашқы өмірлік бағыттар береді, емірене бауырына басады, баласының жанына батқанның барлығын өз жанына батқандай сезінеді. Ал толыққанды отбасы баланың психофизикалық дамуында үлкен маңызға ие, ал ана рөлі, әсіресе, сәби өмірінің алғашқы жылдары, ең бастысы болып табылады.
Жоғарыда айтақынымызды түсінген боларсыздар. Әдетте мұндай балалар толық емес отбасында тәрбиелетіні айтпай-ақ ұғынықты болып тұрған шығар. Сондықтан бүгінгі қоғамның басты дерттерінің біріне айналып отырған ажырасу факторы тек өзіміздің ғана емес, балаларымыздың да болашағына балта шабатыны қандай өкінішті десеңші. Бүгінгі күнді емес, болашақты ойлайтын болсақ, әрбіріміз өзіміздің әкелік, аналық міндетімізді сезіне алсақ деймін.
Г. ДОМБАЕВА,
№220 орта мектебінің әлеуметтік педагогы
11 ақпан 2023 ж. 451 0