Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақша – болашақ ұрпақтың бастауы

Балабақша – болашақ ұрпақтың бастауы

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай тәрбие тал бесіктен басталуы тиіс. Тек отбасында ғана емес, балабақшада тіл үйреніп, халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңіріп, құнарлы бай әдебиетімізден нәр алып өскен баланың болашағы қашанда жарқын болары сөзсіз.Жас ұрпақтың негізі бұрын мектепте қаланады десек, енді оның балабақша қабырғасында қаланатынына көзіміз әлдеқашан жетті. Балабақша «Білім туралы» Қазақстан Республикасы заңының, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары бойынша өз мақсат, міндеттерін орындап келеді. Балабақша – балаға тәрбие негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп. Баланың екінші үйі.
Педагог К.Гельвеций «Тәрбиеші – балаларға ересек әлемге есік ашатын сиқыршы тәріздес. Тәрбиешінің білімі мен біліктілігіне тәрбие алушы балалардың болашағы тәуелді» деген екен.
Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеу – мектепке дейінгі мекемелерден бастау алады. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беру баланың ғана емес еліміздің болашағын қалайтынын естен шығармауымыз керек.
Тәрбие саласын бүгінгі күн талабына сай ұйымдастыруды өз міндетім деп біліп, әр күнді балалармен қызықты өткізу үшін, түрлі жаңа заманауи технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдану қажет. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісі белгілі бір салада білімді болуды, тез өзгеріп отыратын өмірде нәтижелі жұмыс істеуді талап етеді.
Тәрбиешінің жеке басының үлгісі – жас ұрпақ тәрбиесінде ең әсерлі әдістердің бірі. Өйткені балалар өзі көріп жүрген жандарға қарап, еліктеп өседі. Сол себеппен де ол үнемі жинақы, таза, ұқыпты жүріп, сөйлеген сөзі мәнді, ойлы әдемі, салмақты келіп, асықпай, байыппен сөйлеуі керек. Бала еліктегіш болғандықтан, жақсыны да, жаманды да тез қабылдайды. Балалардың жақын досы болуымыз қажет. Біздің басты қызметіміз баланы тәрбиелеу. Бала тәрбиесі-бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі.
Сондай-ақ балаға байланысты отбасы құпиясының бәрін білу керек, бірақ оны ешкімге шашпауы тиіс. Себебі, баланың өмірінің жартысы оларға білім ғана беріп қоймай, әлеуметтік және балалық шақтан алған әсерлер мен тәжірибелер үлкен өмірге өтуіне әсер етеді, жеке басы баланың жеке тұлға болып қалыптасуына көмектеседі.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалы өте орынды айтылған. Өйткені отбасындағы ең басты тұлға ата-ана. Сол үшін ата-аналармен қатар тәрбиешінің жұмысы әр балаға қолайлы жағдай жасау, тәрбие мәселесінде еркіндік беру. Демек, бала нәзік, ал бала тәрбиесі одан да нәзік. Ол жан-жақты ойлауды, жанашырлықты, ізденімпаздықты қажет етеді. Бала тәрбиесі жас шыбық тәрізді, қалай исең, солай қарай иіледі. «Адамды адам ғана тәрбиелей алады» деген қағида кімге болса да басшы болуы тиіс.
Біз бірінші кезекте бала тәрбиелеуде өзімізді ұстамды, төзімді болуға тәрбиелеуіміз керек. Өйткені әр балаға жеке тұлға ретінде қарау керек. Балалармен балаша ойнап, бала сияқты ойланып, психолог болу қажет. Тәрбие жұмыстарында, оқу үдерісінде баланың көңіл-күйіне, жан дүниесін түсінуге әрекет жасау маңызды.
"Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле" дейді дана халқымыз. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына балабақша мен тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да сөзіміз – түзу, еңсеміз – биік, рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық. Баланың дүниетанымын, білімін қалыптастыруда балабақша көрнекті орын алады.
Айшолпан НҰРМАНОВА,
"Ақбота" бөбекжай-бақшасының әдіскері
28 қаңтар 2025 ж. 81 0