БОЛАШАҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ БЕРІК БОЛУ ҚАЖЕТ

Балабақшадағы тәрбиенің орны бәрінен басым екеніне себеп іздеудің де қажеті жоқ. Ол адамзат қоғамы қалыптасқалы бері дәлелді қажет етпейтін аксиомадай болып кеткен тұжырым. «Бала естігенін айтады, көргенін істейді» дейміз. Ал олардың алғашқы ортасы – балабақша. Демек буыны қатпаған бүлдіршіндер шыбықтай нәзік санамен келеді. Оның тік өсуі де, қателесуі де осында көрген дүниесіне тікелей байланысты. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор екеніне басқа сөздің қажеті де жоқ болар.
Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Ал келесі қадам қандай? Әрине сол аппақ парақтай таза санасына білімнің дәнін егу. Сол білімге жасалатын бірінші қадам да осы ортада жасалады. Демек балабақша бала үшін білім мен тәрбиені ұштастыратын алғашқы орталық. Жас ұрпақтың негізі бұрын мектепте қаланады десек, енді оның балабақша қабырғасында қаланатынына көзіміз әлдеқашан жетті.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай тәрбие тал бесіктен басталуы тиіс тек отбасында ғана емес, балабақшада тіл үйреніп, халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңіріп, құнарлы бай әдебиетімізден нәр алып өскен баланың болашағы қашанда жарқын болары сөзсіз.
Ұлт келешегін ойлап, қазақ халқы үшін тәрбиенің қазағын қадаған қалагердің сөзінде терең мағына жатыр. Сөздің төркінін түсіне білген тәрбиешілер оқу қызметінің барлығы ойын түрінде балалар бойына сіңіріп келеді. Тілін дамытып, ортаға биімдеп, қарым-қатынасқа икемдейді, қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа, үлкен-кішіні ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға қалыптастырады, қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ таныстырады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз.
Мұнан бөлек уақыт ағымы да қоғам талабына өзгерістер алып келетіні сөзсіз. Сондықтан қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелеу мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білеміз. Осы бағытта тынымсыз еңбек етіп, бірін биге, бірін әнге, енді бірін қалам ұстап сурет салуға бейімдеп келеміз. Тіпті өз қиялдарына еріп, еркіндікке ұмтылған бүлдіршіндер қазірдің өзінде түрлі әрекеттерімен қуантып жатады. Ал еңбегіңнің жемісін көріп, өнерлі бала тәрбиелеп отырғаның көргенде жұмысқа деген махаббатың ашыла түседі.
Бірақ жаңашылдыққа жақындаймыз деп өткенімізді, ұлттық болмысымызды да естен шығарған емеспіз. Ұлттық құндылығымызды, халықтық болмысымыз танытып, балақайларға өткеннің қадірін түсініп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді бала күннен бастап, ұлттық киім киюді, ұлттық ойындарды ойнатуды әдетке айналдырдық. Бүгінде мұндағы балалар тек ұлттық киімдерімізді киіп қана қоймай ұлттық ойындарымызды да үйреніп өседі.
Алайда бұл қазіргі істеліп жатқан жұмыс. Ал ілгері жылжып, жақсы нәтижеге жету үшін алда талай жұмыс бар. Биылғы "Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында да негізгі мәселені өозғап, "Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз" деген болатын. Міне бұл тапсырмадан туындайтын жұмыстарды да жүйелі жасап, жетістікке жетудің жаңа бағытын табу жолында еңбек ететін боламыз.
Ақерке БАЙМҰРАТ,
"Балбөбек" балабақшасының тәрбиешісі
"Балбөбек" балабақшасының тәрбиешісі