Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі: болашақ кадрларды даярлау алаңы

«Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі: болашақ кадрларды даярлау алаңы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін арнайы даярлығы бар жас кадрларды тартудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Осыған орай, мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыру, жастарды мемлекеттік қызметке тарту және аймақтық кадр резервін қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысында маңызды бастама қолға алынды.
2020 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында меморандум жасалды. Осы ынтымақтастық негізінде университет студенттері үшін «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі құрылған болатын.
Алғашқы жылы университеттің бас ғимаратында мектеп үшін арнайы аудитория ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Студенттердің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасына «Адами ресурстарды басқару» пәні енгізіліп, атаулы пән олардың мемлекеттік басқару жүйесін тереңірек түсінуіне және болашақта мемлекеттік қызмет саласында кәсіби маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда, «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің оқу бағдарламасы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының арнайы курс ұйымдастыруымен жүргізілуде. Оқу барысында мектеп түлектері  мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтіп, мемлекеттік қызметтің қыр-сырымен танысады. Осылайша, студенттер мемлекеттік қызметке алғашқы қадамдарын аттайды.
Жалпы, мектептің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметке жастарды көбірек тарту және оларды кәсіби тұрғыда дайындау. Себебі, қай салада болмасын, мемлекеттің саясатын жүзеге асыратын орган сол саланың білікті кадрларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Кәсіби шеберліктен бөлек, мемлекеттік қызметкер халықпен тиімді қарым-қатынас жасай білуі қажет. Сондықтан «Абырой» мектебі қатысушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға да ерекше көңіл бөледі. Жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, оларды жан-жақты дамыту – мектептің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта жыл сайын ұйымдастырылатын тағылымдамалар мен оқу бағдарламалары өз нәтижесін көрсетуде.
2024 жылғы түлектердің үшеуі қазіргі уақытта түрлі салада мемлекеттік қызметте еңбек етуде. Бұл – мектептің жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере алатынын, мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтарын арттырып, кәсіби мансаптарын қалыптастыруға ықпал ететінін дәлелдейді.
         «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – мемлекеттік қызметке келгісі келетін жоғары оқу орнының студенттері үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өту арқылы олар нақты тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын шыңдайды.
Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Елдің ертеңін ойлайтын жас мамандар осы мектеп арқылы мемлекеттік қызметке дұрыс қадам баса алады. Сондықтан «Абырой» мектебі алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырып, еліміздің білікті кадрларын даярлауға өз үлесін қоса бермек.
Абтикерова Мақпал Төлегенқызы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
11 ақпан 2025 ж. 58 0