Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаның алдын алу шаралары

Қызылшаның алдын алу шаралары

Қызылша – ауа-тамшы жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Ауру қоздырғыштары ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. Бұрын қызылшамен ауырмаған және осы ауруға қарсы егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтырып, ауырып қалу  қаупі өте жоғары.
Ауру көзі - тек науқас адам, яғни жұқпа ауру адамнан сау адамға жұғады. Қызылшамен  балалармен қатар ересектер де ауырады, яғни адам өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.
Аурудың белгілері: дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады.  Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы  ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін, кей жағдайда 21 күнге дейін  созылады. 
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқыныпқұлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.
      Облыс бойынша 2024 жылдың қантар айында қызылшамен 366 адам ауырып, 314 -і 14 жасқа дейінгі балаларды құраса, 2025 жылдың қантар айында қызылша ауруы тіркелмеді, Жалпы аудан бойынша 2024 жылдың қантар  айында қызылшамен 16 адам ауырып, 14-і 14 жасқа дейінгі балалар құраса, 2025 жылдың қантар айында қызылша ауруы тіркелмеді.      
        Алдын алу шаралары  :  
Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Ауру тіркелген жағдайда науқас  ошағында  жақын байланыста болған  30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға  қарсы егілуі тиіс. Аурудың алдын алуда қызылшаға қарсы екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
  А. Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы   

Сурет: Нұрболат Нұржаубай                                    
19 ақпан 2025 ж. 98 0