Оқуға түскелі жүргендерге жағымды жаңалық жарияланды

Бұл «Жұмысшы мамандықтары жылында» өмірге жолдама алатын басты жаңалықтардың біріне айналып, тарихта қалуы мүмкін.
Жалпы, Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойды. Бұл заң 2025 жылғы 1 шілдеде толыққанды күшіне енеді.
Сенат депутаты Талғат Жүнісовтың түсіндіруінше, бұл заң еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін екі бірдей жаңалыққа жол ашады. Бұлар – колледждер жүйесінде онлайн оқытуды және академиялық ұтқырлықты енгізу.
Біріншісіне сәйкес, жастарға, тіпті кез келген қазақстандыққа үйінде отырып, немесе жұмысын атқара жүріп, колледжді қашықтан бітіруіне мүмкіндік береді. Екіншісі – тиісті құрал-жабдықтары жоқ колледждердің шәкірттерінде сондай жабдықтары бар басқа ұйымға барып, біліктілігін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
«Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған. Ол студенттерге оқу мен еңбек қызметін қатар үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік береді. Бұл – кеңінен қолданылатын халықаралық тәжірибе», – деді сенатор Жүнісов.
Айта кету керек, бұл жаңашылдықтың дұрыстығына күмән келтірген депутаттар бар. Олар онлайн оқу мамандық игеру сапасын керісінше, құлдыратуы мүмкін деп қауіптенеді.
«Заңмен колледждерде онлайн оқыту нысаны енгізіліп жатыр. Білесіз, соңғы уақытта білім сапасының кемшіліктері туралы көп айтылуда. Сонымен қатар колледждегі мамандықтардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтары, атап айтқанда, құрылысшылар, тас қалаушылар, дәнекерлеушілер болып келеді. Дәнекерлеушіні немесе тас қалаушыны қалай онлайн режимде даярлауға болады? Онда не сапа қалады? Оның үстіне колледждердің едәуір бөлігі, 20%-ға жуығы ауылда орналасқан. Кейбір ауыл-аймақтарда сапалы және тұрақты интернетке қолжетімділік жоқ. Мұндай жағдайда онлайн білім беру процесін ұйымдастыру күрделі», – деп ашығын айтты мәжілісмен Нұргүл Тау.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына барлық мамандығын онлайн оқытуға рұқсат берілмейтінін жеткізді.
«Бұл заңдағы өзгерістер тек шектеулі мамандықтарға ғана тиісті болады. Оның ішінде IT мамандықтары бойынша онлайн оқытуды қарастырып отырмыз. Нақты мамандықтар біздің министрліктің заңнамалық актілерімен арнайы реестрге енгізілетін болады. Оның өзінде де асинхронды оқыту қарастырылып отыр», – деді Бейсембаев.
Онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, асинхронды оқыту форматына – «белгілі бір орын мен уақытқа байланысты емес, білім беру процесіне қатысушылардың, оның ішінде ақпараттық жүйелердің және басқа байланыс құралдарының көмегімен өзара іс-қимылын болжайтын қашықтан оқыту немесе онлайн оқыту» жатады.
«Мұндай білім беруде виртуальді лабораториялардың, тренажерлердің енгізілуі қарастырылған. Сондықтан бұл міндетті түрде білім сапасына, мамандықты игеру сапасына ешқандай кедергі келтірмейтінін түсініп отырмыз. Таза офлайн ғана оқытуды қажет ететін мамандықтар бұған кірмейді, олардың ерекшелігі міндетті түрде ескеріледі. Мына мамандықтардың тізіміне тек IT саласының мамандықтары және кейбір гуманитарлық мамандықтар кіреді, соларға ғана қатысты болады», – деді Оқу-ағарту министрлігі.
Бүгінде колледждер құқықтану, қонақүйлік бизнес, туризм, мектепке дейінгі тәрбие, педагогика, Қазақ тілі мен әдебиетін, ағылшын тілін оқыту, аударма ісі, айти және ақпараттық жүйелер, менеджмент, маркетолог, сақтандыру ісі, психолог және басқа да қашықтан білім алуға болатын қаптаған мамандарды даярлайды.
Яғни, егер кеңжолақты интернет болса, шалғайдағы ауыл жастары, тұрғындары елорда мен Алматыға сабылмай, жетімбұрыш жағаламай, өз шаңырағында отырып, жаңа мамандыққа қол жеткізе алады.
Мәжілісмен Айна Мысырәлімова білім берудегі бұл бетбұрысты қолдайды.
«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында онлайн оқыту форматын және академиялық мобильділік қағидатын енгізу бір жағынан колледждеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Екінші жағынан, студенттердің, қосымша білім алғысы келетін қызметкерлердің уақытын да, қаражатын да үнемдейді. Ал, академиялық ұтқырлық оларға «Компетенция орталығы» болып табылатын, яғни, барынша озық жарақтандырылған колледждерде оқуға мүмкіндік береді. Ондай орталықтардың саны бізде – 212″, – деді депутат.
Мәжілісмен Ирина Смирнова академиялық мобильділік жоғарғы оқу орындарында, университеттерде біраздан белсенді қолданылатынына назар аудартты. Демек, министрлік оларда жіберілген қателіктерді ТжКБ жүйесінде қайталамауға тиісті.
«Академиялық ұтқырлық шәкірттердің немесе оқытушылардың бір семестрге немесе тұтас оқу жылына ел ішіндегі немесе шетелдегі басқа оқу орнына, ұйымға кетуіне, сонда оқытудан немесе тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік береді. Орташа арнайы білім беру ұйымдары да заң, норматив тұрғысынан академиялық еркіндік алуда. Соңғы уақытта колледждер бұл тәсілді тәжірибеде қолдана бастады. Өйткені олардың барлығы бірдей жете жабдықталмаған. Қандай да бір қымбат жабдығы бар колледжбен серіктестік құрып, өз студенттерін сол жабдықты игеру үшін серіктесіне жіберіп ала алады», – деді мәжілісмен.
Оның байламынша, академиялық ұтқырлық білім беру саласына көптеген оң өзгерістер әкеледі.
Ғани Бейсембаев бұл бетбұрысқа бір жағынан амалсыздан барып отырғанын жасырмады. Колледждердің көпшілігінде жабдықтар жетіспейді.
«Академиялық ұтқырлықтың негізгі миссиясы қалыптасқан олқылықтың орнын толтыру болып табылады. Кезінде «Жас маман» бағдарламасы қолға алынып, оның аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырыла бастады. Алайда бағдарлама аясында бәрі бірдей қажетті деңгейде қамтамасыз етіліп үлгермеді. Содан осы олқылық туындады. Бүгінде «Жас маман» бағдарламасы тоқтатылды. Академиялық мобильділік басқа колледждердің студенттеріне жабдықталған колледждердің құрал-жабдығын пайдаланып, дағды-машықтарын, біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Оқу-ағарту министрі Бейсембаев.
Ол «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледждерді жабдықтармен қамтамасыз ету жалғасатынынан үміттенеді.
Бұрын колледж басшылығында болған маман, ұстаз Андрей Зубрин «Жас маман» бағдарламасы ТжКБ ұйымдарының жағдайын біраз жақсартқанын айтады.
«Бірақ әдеттегідей, ол бағдарлама жете қаржыландырылмай, жабылып тынды. Біршама қаржы талан-тараж болған. Білім және ғылым министрлігін Ерлан Сағадиев (2016-2019), Асхат Аймағамбетов (2019-2023) басқарып тұрған тұста колледждерді әрбір мамандық бойынша қажетті барлық құрал-жабдықтар мен қондырғыларды алуға мәжбүрлеу тәжірибесі қолданылды. Салдарынан, жүзге жуық колледж жабылып қалды. Өйткені колледждер бай емес. Мемлекеттік қолдау да кемшін. Содан техникалық-кәсіптік білімнің қолжетімділігі төмендеді, көптеген жас әлі күнге шетелге, Ресейге кетіп жатыр», – деді сарапшы Зубрин.
Бұл байламды Ұлттық статистика бюросы растады. Оның мәліметінше, мысалы, 2011 жылы елімізде 804 колледж болыпты. 2023 жылы оның 711-і ғана қалды.
Бұл ретте статбюро 2016 жылдан бері ТжКБ ұйымдарының саны тоқтаусыз кемігеніне назар аудартады: 2017 жылы – 779, 2018 жылы –769, 2019 жылы – 740, 2020 жылы – 737, 2021 жылы – 724, 2022 жылы – 718, 2023 жылы – 711 колледж ғана қатарда қалған.
Бұған дейінгі жылдары саны өскен екен: 2000 жылы елдегі колледждер саны 293 қана болса, келесі онжылдықта – 2011 жылы 804-ке жеткен еді.
Бұл білім ордаларының саны Бейсембаев тұсында да ары қарай азаюда. Ұлттық статистика бюросы сарапшыларының хабарлауынша, қазіргі 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 706 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және 39 филиалы ғана жұмыс істейді.
«Олардың оқушыларының жалпы саны 557 мың адамды құрады. Соның ішінде 266,9 мың адам немесе 47,9%-і – әйелдер. 2023–2024 оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны небары 1,6%-ға өсті. Білім алушылардың жалпы санының 73,6%-ы негізгі орта білім негізінде, 22,5%-ы жалпы орта білім негізінде, 3,9%-ы ТжКБ базасында білім алады», – деп мәлім етті ведомство.
Күндізгі нысан бойынша білім алушылардың 96,9%-ы, кешкі және сырттай нысандарда тиісінше 0,4% және 2,7%-ы білім алады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 380 мың адам ғана тегін оқиды. Бұл оқушылардың жалпы санының 68,4%-ы. Ақылы білім беру қызметтерін 176,3 мың адам немесе 31,6%-ы алады.
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 38 659 оқытушы ғана қалыпты. Яғни, 706 колледжге бөлгенде, әрқайсысына 54 оқытушыдан ғана келеді. Алайда азды-көпті білікті оқытушылардың көбін қалталы немесе мемлекеттік ірі колледждер алып кететіндіктен, сондай-ақ қаржылық ахуалының нашарлауы кесірінен штатында онға да жетпейтін оқытушысы қалған колледждер бар көрінеді. Олар да алысқа ұзамай жабылып тынуы мүмкін.
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай