Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрек жылытар лебіз

Жүрек жылытар лебіз

Шаншыма жүрек... өтінем сенен, шаншыма,
Шаршатты ма сені беймаза өмір жаншылап?
Шырмауы көп тағдыр бақытын бәлкім бұйыртар,
Шаншыма жүрек, көргейсің енді сәл шыдап...
Меңдігүл Темірғалиева
Шыдамға дес берсе де, ауруға дем бере алмай қалары ғажап емес. Содан болар жүрек ауруын ең қауіптіге балайтыны. Қазіргі таңда көптеген дамыған елдер үшін денсаулық сақтау саласындағы алаңдатар мәселелердің біріне айналған – жүрек-қан тамыры ауруларының таралуы. Ол адамды не мүгедектікке немесе өлімге әкеп соғады. Мәліметтер мен дәйектерге сүйенсек аурудан қаза тапқан адамдардың 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.
Медицина дамуы ел болашағына көп әсерін тигізеді. Себебі медицина дамыса, ел денсаулығы жақсарады. Халықтың өмір сүру деңгейі мен жасы ұлғаяды. Осылайша қоғам жан-жақты дамиды. Ел ертеңін еңсеруде ұлт денсаулығы алдыңғы орында. Бұл ұстаным Арал жұрты үшінде әрдайым басты назарда. Өткен жылда аурухана ғимаратынан ашылған кардиология бөлімшесі халықты қуантарлық жаңалық болды. Бұл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асып отырған шаралардың бір парасы. Осы тұрғыда кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Айнұр Есенгелдіқызы: «Кардиология бөілімініде екі дәрігер, ал инсульт бөлімшесінде неврапотолог дәрігер қызмет жасайды. Бөлімше жылжымалы портативті узи аппараты, ауыр науқастарға арналған көпфункционалды пациент мониторы, функционалды керуеттермен қамтамасыз етілген» деп бөлімше ахуалын түсіндірді.
Майдандағы соғысқан батырлар еңбегімен пара-пар ақ халатты абзал жандарға халық та дән риза. Дәрісі мен аппараттары қаруға айналған бүгінгінің батырлары жайлы ел пікірі жоғары. Соның бірегейлері емделушілер Тишев Толғанбек, Ізбасханов Жолдас, Бекмұханбетов Арапбай, Манасов Сәдуақас өмірі мен денсаулығы үшін күрескен дәрігерлерге алғыстарын жаудырды. Жауабы мен сауабы мол салада қызмет етіп жүрген мейірбикелер мен сала басшыларының жұмысына көңілі толатындығын қуана жеткізді.
Дәрігер мамандығының өзіне тән бірқатар қиыншылықтары болғанымен, қуанышты сәттері одан да көп.  Дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында ауруынан айыққан жандар өз алғысын айтып, жылы лебізін білдіреді. Ал ем алушылардан жылы лебіз есту – үлкен мәртебе. Бұл дәрігердің еңбегінің ақталғаны және еңбегінің жемісін көргені. Сондықтан әрдайым дәрігерлерге алғысымызды бірдіріп жүрген жөн. Себебі  әлемдегі барлық ақ халатты абзал жандар алғысқа лайық.
Адамзатты қауіп-қатерден құтқарудың алғы шебінде дәрігерлердің жүргенінде талас жоқ. Қаншама жүректердің соғуы мен адам өмірінің арашасы болған маман иелері қашанда мәртебесі биік болуы керек. Адамгершіліктің асылына айналған барша медицина сала қызметкерлері мақтау мен сый-құрметке лайық. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, елі үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар. Дәрігерді ұлылау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы.
Нұрай ӘМІРХАНОВА
03 наурыз 2025 ж. 154 0