Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат

Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат

Бала отбасының көз қуанышы. Өйткені қазақта сөз бар: «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген. Сондықтан да, халқымыз баланы ерекше қадірлеген. Біреу бақытты байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, қызмет пен мансаптан іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Олай болса адам өмірінің мәні-өз ұрпағы: «Адам ұрпағымен мың жасайды».
Ертеде бір ғұламадан "Баланы неше жастан бастап тәрбиелеген дұрыс" деп сұрапты. Сонда ғұлама:
– Балаңыз нешеде? –деп өзіне сұрақ қояды.
– Бес-ақ ай толды, – деп жауап берген оған, "Бес айға кешіккен екенсіз". Халық арасындағы кең тараған бұл аңыздың айтпағы баршаға түсінікті, яғни баланы туған сәтінен бастап тәрбиелеу керек.
Рас "балам жаман болсын" демейтін елміз. Алайда бүгінгі берген тәрбиенің ертеңгі күні азыққа айналарын білсек те, ұлттың келешегіне көп көңіл бөлмей жататын тұстарымыз бар. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін тек білім мен еңбек жеткілікті. Ал елдің тұтқасы болар азаматқа бұл аздық етеді. Ол үшін ұрпақтың санасына ұлттық болмысымыз бен тәрбиені, өнерді сіңіруіміз қажет.
Бүгінде мектеп қабырғасында мұндай шаралардың талайына куә болып жүрміз. Алайда есігін биыл ғана балаларға ашқан білім ордасы, "Жайлы мектеп" аталатын №292 орта мектепте "Асыл әжем – отбасымның шуағы" атты тағылымды шара жұртшылықтың көңілінде көпке дейін сақталары даусыз.
Бастауыш сынып мұғалімдері Әсия Ерғазиева мен Жаңагүл Иманбаеваның ұйымдастыруымен өткен отбасы құндылықтарын дәріптеуге, әжелердің тәлім-тәрбиесін насихаттауға арналған  бұл кеш өз мақсатынан да аса орындалған дүниеге айналды. Алдыңғы буын мен жас ұрпақтың арасындағы байланысты нығайтып, әжелеріміздің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін дәріптеуге мүмкіндік береді.
Немерелерін жетектеп мектепке келген Қалимаш Білманова, Сәуле Анарбекова, Ғафура Қосбармақовалар бірі ән айтып, бірі өлең шығарып көпті қызықтырса, нағыз керемет сәт салт-дәстүрді ұлықтау, ұлттық өнерді дәріптеу кезеңінде орын алды.
Бірі тымақтың қасиетін, қадірін арттырса, бірі балаға жасалатын жоралғыларды жақсы жеткізді. Ал Ғафура Қосбармақова қолөнердің түрлі бағытын көрсетіп, мұғалімдердің де таңдайын қақтырса, табаққа тартылған қойдың құлағын не үшін кесетіні жайлы көпшілік біле бермейтін өнегелі өсиетін айтып, барлық буын жастарға сабақ болардай әңгімесін айтты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
15 наурыз 2025 ж. 83 0