Қазақ мәдениеті – рухани сабақтастықтың қайнар көзі

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналды. Бұл форматта мемлекеттік деңгейде Наурыз мейрамын тойлау мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Қазақстанда 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі өтеді.
Онкүндіктің әр күні қазақ халқы мен оның мәдениеті байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады.
17 наурыз – отбасы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Шаңырақ күні». Бұл күні үлгілі отбасыларға, адамгершілік тәрбие мәселелеріне арналған іс-шаралар өткізілді. Әр шаңырақтан шыққан, әжелерден құралған ансамбль әншілері Наурызға қатысты өлеңдер айтып сахан көркін ашты. Онкүндік негізінде тігілген қараша үйлер қатысушылары өз шаңырақтарында түрлі қойылымдар мен ұлттық ойындар түрін насихаттады. Айталық, «Дәстүрдің озығы – бесік құда», «Ұрын бару» және «Босаға майлау», Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы», «Ұлттық құндылық тәрбиенің түпқазығы» және «Беташар», «Тұсау кесер» және басқа да дәстүрлі қойылымдар тамашаланып, ұлттық спорт түрі – «Арқан тарту» және «Ләңгі тебу» ойындарынан сайыстар өткізілді. Қазақтың рухани дүниесі жанданып, тарихи-мәдениет өркениеті қайта жаңғырды десек те болады.
Орталық алаң қазақ халқын айқындай түскендей. Бұған дәлел, қаз қатар көк аспанның астындағы ақ, оюлы киіз үйлер. Ал ішіне келер болсақ, қазақтықтың иісі аңқыған ағарған, ашыған, құрт-май пен ірімшіктер, бауырсақ және тіпті кей үйлерде асылған еттің дәмі мұрын жарып тұрды. Алаң толы қазақы нақыштағы түрлі бұйымдармен көздің жауын алар ару қыздар мен оюлы шапан жапқан ер-азаматтар көңілге жылылық сыйлайды.
Ертелі-кеш ұйымдастырылған дәстүрлі шаралар кешкілік «Көктем құшағындағы Наурыз» атты Аманөткел, Мергенсай, Сазды ауылдық окрругтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйлері өнерпаздарының театрландырылған мерекелік концертімен тәмамдалды.
Нұрай ӘМІРХАНОВА