Медицинаның мәні мен маңызы

Денсаулық – өмірдің алтын арқауы
Халық даналығы «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Денсаулығы мықты жан – өмірде бақытты, жан дүниесі сергек, көңілі көтеріңкі. Бірақ бүгінгі таңда жаһандық экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау, стресс, әлеуметтік теңсіздік секілді факторлар адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, Дүниежүзілік денсаулық күні – осы мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастыруға арналған ерекше күн.
Адамның өмір салты оның денсаулығына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары дұрыс тамақтану мәдениетіне деген қызығушылық өсті, спортпен айналысатын адамдар саны көбейді, десе де бұл зиянды әдеттер түп-тамырымен жойылды дегенді білдірмейді.
Дұрыс тамақтану – денсаулықтың негізгі кепілі. Қазақстанда соңғы жылдары фастфуд пен газдалған сусындарды тұтыну артты. Бірақ мектеп бағдарламасынан дұрыс тамақтану туралы сабақтар, әлеуметтік желілерде дұрыс тамақтану жайлы кеңестер назардан тыс қалған емес. Дегенмен, майлы әрі жоғары калориялы тағамдарды шамадан тыс тұтыну – еліміздегі семіздік пен асқазан-ішек ауруларының негізгі себептерінің бірі.
Ал қозғалыс – негізгі шарт. Қазақстанда спортпен шұғылданушылар көбейіп, қалаларда жаңа спорт кешендері, фитнес клубтар және жүгіру жолдары салынуда. Мемлекет те бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мысалы, «Дені сау ұлт» бағдарламасы аясында халықтың спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Алайда, кеңседе жұмыс істейтін немесе гаджеттерге тәуелді адамдардың аз қозғалысы – денсаулыққа кері әсерін тигізуде.
Заманауи қоғамда тек физикалық емес, психикалық денсаулық та маңызды рөл атқарады. Стресс, депрессия және мазасыздық мәселелері көп адамды алаңдатады. Бұл әсіресе жастар мен мемлекеттік қызметкерлер арасында кең таралған. Қазақстанда психологиялық көмек көрсету орталықтары көбейіп, халық оның маңыздылығын түсіне бастады. Дегенмен, бұл тақырып әлі де болса ашық талқыланбайды, сондықтан күйзеліс те маңызды аспект ретінде қала бермек.
Темекі шегу, алкоголь мен есірткі заттарын қолданудың кері әсерін айтпаса да білеміз. Қазақстанда зиянды әдеттермен күресу мақсатында қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды, алкоголь өнімдерін сатуға шектеулер қойылды. Алайда, әсіресе жастар арасында вейп пен энергетикалық сусындарға тәуелділік мәселесі салмаған жоғалтпай отыр.
Жаһандық аурулардың алдын алу
Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды қадамдар жасады.
Мысалы, 2024 жылы бірнеше ауруларды жоюда маңызды нәтижеге қол жеткізген елдер бар. Атап айтсақ,, Египет елі 100 жылдық күрестен кейін безгек ауруынан толықтай арылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Египетті безгек ауруынан таза ел ретінде сертификаттады. Сонымен қатар, Бразилия, Чад, Үндістан, Иордания, Пәкістан, Тимор-Лесте және Вьетнам сияқты жеті ел тропикалық ауруларды жоюда табысқа жетті.
Медициналық мекемелердің дамуы
Әлемнің әр түкпірінде жаңа ауруханалар мен емдеу мекемелері ашылып, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы артты.Мәселен, Қытайдың Тяньцзинь қаласында Сингапурдың Perennial Holdings Private Limited компаниясының инвестициясымен толықтай шетелдік меншікке жататын алғашқы үшінші деңгейлі жалпы аурухана лицензияланды. Бұл Қытайдың медициналық секторын одан әрі ашуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Индонезияда Mayapada Hospital Nusantara ауруханасының құрылысы басталып, 2024 жылдың ортасында халыққа қызмет көрсетуді бастады. Бұл жоба Индонезияның денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) гуманитарлық мұра аясында алдағы онжылдықта әлем бойынша 10 аурухана салуды жоспарлап отыр. Бұл бастама денсаулық сақтау қызметтеріне мұқтаж қауымдастықтарға көмек көрсетуді мақсат етеді.
Вакциналар мен дәрі-дәрмектердегі жетістіктер
ДДҰ балаларға арналған алғашқы маймыл шешегіне (mpox) қарсы вакцинаны мақұлдады. Бұл шешім Конго және Африканың басқа аймақтарындағы аурудың таралуын тежеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жапония үкіметі осы вакцинаның 3 миллион дозасын сыйға тартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, 2024 жылы денсаулық сақтау саласында бірнеше маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Дәлірек айтқанда, семіздікпен күресуде қолданылатын жаңа дәрілер жүрек аурулары мен инсульт қаупін төмендетуде тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ, мРНҚ негізіндегі қатерлі ісікке қарсы вакциналар клиникалық сынақтардан өтіп, оң нәтижелер көрсетті.
Заманауи медицина қарыштап дамып, адам өмірінің ұзақтығы едәуір артқанына қарамастан, денсаулық мәселелері әлі де өзекті болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, бүгінде әлемде жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, қант диабеті, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары ең көп таралған дерттер қатарына кіреді.
Жыл сайын жүрек-қан тамырлары ауруларынан 17,9 миллиондай адам көз жұмады, бұл жалпы өлім-жітімнің 32%-ын құрайды. Қатерлі ісік те өзекті мәселе – 2023 жылы ғана бұл аурудан 10 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қант диабетімен әлемде 500 миллионнан астам адам ауырады, ал бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді.
Осы мәселелермен қатар, жұқпалы аурулар да қайта бас көтеруде. Қызылша, туберкулез, тырысқақ, гепатит сияқты аурулар вакцинацияның төмендеуіне байланысты кейбір елдерде жиі тіркеліп жатыр. Ал COVID-19 пандемиясы медицина саласындағы мәселелерді айқын көрсетіп, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне тәуелді екенін дәлелдеді.
Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы: даму мен қиындықтар
Елімізде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жаңа ауруханалар мен емханалар салу, сондай-ақ қолданыстағы мекемелерді жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нақтыласақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханаларға 250 млн теңгеге 14 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрайды. Соңғы жылдары ана мен бала өлім-жітімі айтарлықтай төмендеді, ал вакцинациялау шаралары көптеген жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік берді. Дегенмен, Қазақстанда да жаһандық мәселелерден қалыс қалмаған.
Қазіргі уақытта елімізде кең таралған аурулар қатарына жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, диабет және тыныс алу жүйесінің бұзылуы кіреді. Мысалы, 2022 жылы инсульт алған науқастардың саны 50 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш өмір салтының өзгеруімен, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендеуімен және экологиялық мәселелермен байланысты.
Және салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітіліп, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылуда.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесі. Медициналық мекемелердің дамуы, қызмет көрсету сапасының жақсаруы, жаңа технологиялардың енгізілуі және салауатты өмір салтын насихаттау – осының барлығы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етуде.
Қызылорда облысындағы денсаулық мәселелері
Облыста бірнеше жаңа медициналық мекемелер ашылып, қолданыстағы ауруханалар жаңғыртылды. Айталық, Жалағаш ауданында 100 төсектік жаңа аурухана пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Жалағаш ауданының Ақсу елді мекенінде және Арал ауданының Шижаға елді мекенінде дәрігерлік амбулаториялар ашылды.
Өңрідегі маңызды сауықтыру орындарының бірі – Жаңақорған шипажайы. Ол халыққа сапалы емдік-сауықтыру қызметтерін ұсынады.
Десе де облыста өкпе аурулары, аллергиялық реакциялар, бүйрек және бауыр сырқаттары жиі кездеседі. 2023 жылғы мәлімет бойынша, өңірде 5000-нан астам адам тыныс алу жүйесінің ауруларымен тіркеуде тұр. Бұған экологиялық жағдайдың нашарлығы мен медициналық қызметтің жеткіліксіздігі себеп.Сонымен қатар, өңірде туберкулез, құтыру, оба, сібір жарасы сияқты қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген. Дегенмен, алдын алу шараларының арқасында бұл дерттердің таралу деңгейі біршама төмендеді.
Негізінен Қызылорда облысы – Қазақстанның экологиялық жағынан ең күрделі аймақтарының бірі. Арал теңізінің тартылуы, тұзды шаңды борандар, халық денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.
Аудан статистикасы не дейді?
Жалпы Арал ауданында 52 медициналық мекемеде 140 дәрігер мен 687орта буынды маман қызмет көрсетеді. Жыл көлемінде салаға 25 дана санитарлық автокөлік табысталып, шалғай орналасқан Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Қарашалаң елді мекендеріндегі медициналық бекеттер автокөліктермен қамтылса, А.Байтұрсынов емханасы, Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлікамбулатория және жүйке аурулар диспансерінің жылу жүйесі табиғи газға көшірілді.
Медициналық қызмет түрлерін кеңейту мақсатында аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология» және «Инсульттық» бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ультрадыбыстықзерттеу аппаратымен жабдықталды. Сонымен бірге ааурухананы МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда.
Және орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай, тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңағимаратын салу жоспары бар. Оған қоса, қаланың Шанхаймөлтек ауданынан тәулігіне 250 келушіге арналған «Абай»ауылдық емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасыәзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Арал ауданы – экологиялық апат аймағы. Теңіздің тартылуы, экологиялық өзгерістер, тұзды шаңды дауылдар бұл өңірдің халқын көптеген ауруларға шалдықтырып отыр. 2000 жылы тыныс алу органдарының ауруларынан өлім-жітім көрсеткіші республикалық деңгейден екі есе жоғары болған.
Аралдықтардың басты мәселесінің бірі – таза ауыз судың жетіспеуі. Ластанған су бауыр мен бүйрек ауруларына, асқазан-ішек жолдарының бұзылуына әкелуде. Мысалы, ауданда бүйрек жеткіліксіздігі дертімен тіркеуде тұрған науқастар саны жыл сайын өсіп келеді.
Қорытынды: Дүниежүзілік денсаулық күні – бізге өз денсаулығымызға, қоршаған ортаға деген көзқарасымызды өзгертуге мүмкіндік беретін күн. Бұл күн – адамдарға салауатты өмір салтын ұстанудың, дұрыс тамақтанудың, физикалық белсенділіктің маңыздылығын еске салатын ерекше мереке.
Ең бастысы – әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Дүниежүзілік денсаулық күні құтты болсын! Әрбір адам дені сау, көңілі шат, өмірі ұзақ болсын!
Г. САҚТАПОВА
Фото: Нұрболат Нұржаубай